Жаңалықтар

Агрокешенге қолдау қомақты

Бұқар жырау ауданы, Бұқар жырау ауылдық округінің Шалқар ауылындағы «Победа» шаруа қожалығының иесі Аян Нупбаев ақбас тұқымды 90 сиыр сатып алды. Фермер Аян Нупбаев бұған «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жеңілдікті несие арқылы қол жеткізіп отыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Осыдан бірнеше жыл бұрын 20 бас асыл тұқымды бұқа сатып алдым. Оларды бордақылауға қойып, заманауи әдістерді пайдалана отырып, алты айда тамаша нәтижеге қол жеткіздім. Жоғары табыстылығына көз жеткен соң асыл тұқымды бұқаларды өсіруді жөн санадым, – дейді Аян Нупбаев.

Әріптестерінің кеңесімен бизнесті кеңейту үшін фермер Аграрлық несие корпорациясына жүгініп, жеңілдікті пайызбен 37 млн теңге алады. Бұл қаржыға Ақмола облысындағы асыл тұқымды зауыттан аналық сиырлар сатып алыпты.

Аян Нупбаев сиырлардың ақбас тұқымы жақсы генетикамен, қатты аязға төзімділігімен (минус 40° C температураға дейін төзімді), мықты дене бітімімен және тез салмақ жинаумен ерекшеленетінін айрықша атап айтады.

Мал өсіру кезінде фермер жануарлардың режимі мен рационына ерекше назар аударатын көрінеді. Оларға негізінен шөп, ұсақталған арпа, минерал ретінде тұз және жылы су береді.

Аян Нупбаевтың шаруашылығында қазірдің өзінде 250 бас малға арналған бордақылау алаңы, жем-шөп дайындайтын заманауи техника, жұмысшыларға арналған үй бар. Алдағы уақытта астық қоймасын, техникасына арналған гараж бен аналық мал басына арналған 2000 шаршы метрден астам аумақтан тұратын база салуды жоспарлап отыр.

Бүгінде «Победа» шаруашылығында екі адам жұмыс істесе, жазға қарай малшы штатын кеңейтуді жоспарлап отыр.

– Болашақта қазақы ақбас тұқымын өсіру бойынша селекциялық жұмыс жүргізуге, аналық мал басын көбейтуге ниеттіміз. Облыста жылына 30 мың тоннаға дейін ет өнімін сатқымыз келеді, – деп атап өтті Аян Нупбаев.

Сонымен қатар, аталған шаруа қожалық иесі мал шаруашылығын дамытудың ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға көмектесетініне сенім білдіріп отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button