Агрокешендегі көшелі көрсеткіш
Биылғы жыл аймақтың агросаласы үшін айтулы көрсеткіштерге толы болды. Соңғы 13 жылда болмаған рекордтық өнім алынды. 1 млн 300 мың тонна астық бастырылып, 409 мың тоннадай картоп жиналды. Қарағанды аймағы астық жинап, қамба толтырған өңірлердің ішінде төртінші орында. Бұл нәтижеге мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы техникасын мезгілінде дайындау, жоғары сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін арттыру, агротехнологиялық талаптарды орындау арқылы қол жеткізді. Мұнымен қоса, пайдаланылмаған 163 699 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 94 мың тонна өңделген өнім экспортталды. Жалпы өнім көлемі 455 млрд теңгені құрады.
Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістің тиімділігін арттыру үшін суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылып, су үнемдеу технологияларын енгізу жүйелі жалғасып келеді. Биыл 5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіліп, жалпы ауданы 35,2 мың гектарға дейін жетті.
Мұнымен қоса, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және қайта өңдеу саласында да даму бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі 455 млрд теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал 17,6 пайызға, жылқы 15,0 пайызға, қой мен ешкі 16,1 пайызға өсті. Ет өндірісінің көлемі 3,5 пайызға және сүт 2,4 пайызға артты.
Жыл басынан бері облыс кәсіпорындары өндірген тамақ өнімдерінің көлемі 2,5 пайызға артып, 164 млрд теңге табысқа шыққан. Ет өнімі 26,8 пайызға, құс еті 25,1 пайызға, ұн өндірісі 19,9 пайызға өсті. Қайта өңделген өнім экспорты 79 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіштің барлығы өткен жылғы көлемнен 17,7 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы өнімі экспорты көлеміндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 84,2 пайызға жетті. Яғни, бұған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша ашылған жаңа өндірістердің ықпалы бар. Атап айтқанда, биыл қуаттылығы 240 тоннаны құрайтын элеватор және құрама жем зауытын жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылды. Еттің жартылай фабрикаттарын өндіру бойынша және бие сүтін өңдеу бойынша цехтар жаңғыртылды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылды.
– Жоба шеңберінде былтыр 4,4 миллиард теңге сомасына 483 шағын несие берілді. Бұл несиелердің жартысы – мал шаруашылығын дамытуға, екінші бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларын қаржыландыруға жұмсалды. 639 жұмыс орны ашылды. Шағын несиелер мал шаруашылығын дамытуға және ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларын қаржыландыруға берілді. Осы бағдарлама бойынша облыс үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 7 млрд теңгенің 2,5 млрд теңгесі субсидияланды. 885,8 млн теңге сомасына 74 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 676,5 млн теңгеге, оның ішінде, 214,5 млн теңге – 36 жобаны іске асыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарға және 462 млн теңге – 19 жобаны іске асыруға ауылдық тұтыну кооперативтеріне 55 несие берілді. Барлығы 72 жұмыс орны құрылды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.
Мұндай қолдау көрген іргелі кәсіпорындар жетіп артылады. Мәселен, айына 30 тонна неміс технологиясымен қымыз өндіретін «Сарытерек SAQ NS» цехы, «Мади-Агро 7» ауыл шаруашылығы кооперативі өнім көлемін жыл сайын ұлғайтып отыр. «Qarmet» компаниясына былтыр 100 мың тонна ет өткізген олар биыл да сол межеге жетпекші. Қазірдің өзінде 110 млн теңгеге ет саудалаған.
Инвестицияның да игілігі мол. Биыл тартылған инвестиция көлемі – 23,1 млрд теңге. Ауыл шаруашылығына – 20,3 млрд теңге, тамақ өнімдеріне – 2,8 млрд теңге бағытталды. Жоспарланған 30 инвестициялық жобаға 23 млрд теңге, 22 жобаға 15 млрд жұмсалды. Нәтижесінде 816 жұмыс орны ашылды. 60 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
– Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде субсидия ретінде 22,8 млрд теңге сомасына көзделген қаражат, оның ішінде, өсімдік шаруашылығы саласында – 4,8 млрд теңге, мал шаруашылығы саласында – 6,2 млрд теңге және қаржы құралдарына – 11,8 млрд теңге игерілді. 22,3 млрд теңге сомасына 2491 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне субсидия төленді. Оның ішінде, мал мен өсімдік шаруашылығына, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге, кредиттеу, сондай-ақ, технологиялық жабдық пен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі кезінде сыйақы мөлшерлемелері бойынша шығындарды азайтуға, қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын өтеуге берілді, – дейді басқарма басшысы.
Келер жылы да аймақ шаруалары табысты арттырамыз деп отыр. Жалпы өнім өндіру көлемін 601,0 млрд теңгеге дейін, оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласындағы ырысты 372,6 млрд теңгеге, мал шаруашылығы саласындағы табысты 228,4 млрд теңгеге жеткіземіз деп жоспарлап отыр.
Ет өндірісінің көлемін 101 мың тоннаға, сүтті 225 мың тоннаға, жұмыртқаны 718,4 млн-ға жеткізбекші. Дәнді дақылдарды 869,3 мың тоннаға, яғни 415,3 мың тонна картоп, 73,7 мың тонна көкөніс өндіреді. Бұл – негізгі меже. Келер жылы жер ырысын берсе рекорд жаңаруы мүмкін.
Сәйкесінше, инвестиция көлемі мен мемлекеттік қолдау сомасын ұлғайтады.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz