Ресми

Агрокешен: түлік төлді, алқап астықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударған болатын. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Тапсырмаға сай Қарағанды облысында да ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасына ден қойылуда.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Күн райы һәм төрт түлік

Өткен қыстың әлегі әбігерге салған-ақ еді. Қар қалың түсіп, тоңазыған тоң көктемгі су тасқынына әкеп соқты. Алайда, қардың қызыл суы сарсаңға салса да, мамыражай маусым ел көңілін сейілтіп тастады. Жылы жауыны мен салқын самалы ескен Сарыарқаның сары даласы қарға аунаған түлкідей құлпырды. Ауа райының бұл нышанын диқандар мен ауыл шаруалары жақсылыққа жорып, дәнді дақылдардың биылғы өнімінің мол боларына кәміл сенімді.

Синоптиктердің мәліметінше, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, бір ай ішінде бірнеше мәрте жауын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман болады. Күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде солтүстік-батыстан, батыс­тан соққан желдің екпіні 15-20 м/с болмақ. Бұл – күзге дейін аракідік қайталанып тұрар болжам. Ылғалды ауа егістік алқабы мен төрт түлікке пайдалы екені сөзсіз.

– Былтырғы қыс қатты болды демесек, қардың қалың түсуінің пайдасы көп екенін көріп отырмыз. Тоң қалыңдықтан жер ылғалды. Сол жерге салған дән де тез бой көтерді. Оның үстіне күннің ыстығын жиі жауған жауын басып, егістік алқаптарына зор ықпал етуде. Сол себептен алқапта жапырақтардың сарғайғаны байқалмайды. Өйткені, егістік түбі қанша ылғал болса да, басына күн тиіп, ыстық өте берсе, ерте қурайды. Ал, мына жауын оның алдын алуда. Табиғаттың бұл көмегіне мың да бір шүкір. Ауа райының бұл қолайлылығы төрт түлікке де ыңғайлы. Мысалы, жылқылар ерте төлдеп, құлындары жылдам ширады. Олардағы сақау, ішек құрт, шығу аурулары да сиреді. Неге десеңіз, жауын шаңды басады. Жылқы бойында кезедесетін көп аурулар осы шаң-тозаңнан. Тіпті, биыл мал басы ерте ет алуда. Қыстан құр жаны шыққан биелердің бүйірі шықты. Сиырлардың да сәйгесі азайып алаңсыз жайылуда. Бұл да жиі жауған жауын мен өсімдік басының дымдануынан. Оның үстіне дымқыл шөпті жеген мал шөлдей де қоймайды. Осылайша бір шөп, бір сумен ерте семіреді, – дейді «Желтау» шаруа қожалығының мүшесі Алмас Мұстафин.

Астыққа қамба тола ма?!

Өнімнің молаюына ауа райы қолайлы екенін айтқан жөн. Халық даналығында «Көктемде бір тойдым, көбік қарда бір тойдым» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Астықтың мол түсіп, қамба толарына мамандардың да күмәні жоқ. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов айтты.

– Көктемгі егіс алқабы 2023 жылғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 15,2 мың гектарға ұлғайып, 1 млн. 91 мың гектарды құрады. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 908,7 мың гектар алқап­қа, оның ішінде, бидай – 759,8 мың гектар, арпа – 134,01 мың гектар, бұршақ – 2,3 мың гектар, ал, майлы дақылдар 26,0 мың гектарға себілді. Картоп – 11 991 гектарға, көкөніс – 994 гектарға отыр­ғызылды. Дәнді және майлы дақылдар алқаптарының әртараптандыру шеңберінде қысқаруы есебінен азықтық дақылдар алқабы 67,2 мың гектарға ұлғайып, 143,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде, біржылдық шөп, яғни, сабан – 82,0 мың гектар, көпжылдық шөптер – 61 мың гектарға артты. Жауынның жиі жаууы мен ылғалдың жеткіліктілігі егістікке оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 60,6 пайызы жақсы өсуде. 38,6 пайызы қанағаттанарлық, 0,8 пайызы нашар жағдайда. Бұл – биыл астықтан тарлық жоқ деген сөз. Даму тармағын талдар болсақ, егіс алқабының 90,3 мың гектары түтікке шығу, 250,4 мың гектары масақтану, 468 мың гектары гүлдену барысында. Жалпы, қолайлы табиғи-климаттық жағдайларда облыс бойынша орташа көрсеткіш, дәнді дақылдардың түсімі гектарына 8-9 центнерден, картоп 232 центнерден, көкөністер 250 центнерден шығады деп күтілуде. Бұл аз көрсеткіш емес. Көктемгі дала жұмыс­тарына бөлінген 17,4 мың тонна арзандатылған дизельдік отыны  «Retail Trade Oil» ЖШС, «Мунай Company» ЖШС операторларымен кестеге сәйкес жеткізіліп, шаруашылық құрылымдарына литрі 245 теңгеден берілді. Қалған көлемі шөп шабу, тағы да басқа жұмыстар үшін үлестірілуде. Ал, күзгі дала жұмыстарын, яғни, егін орымы уақытына 15 мың тонна көлемінде бөлінген арзандатылған дизель аталған операторлармен кестеге сәйкестендіріліп жоспарланды. Мысалы, шілде айына – 0,3 мың тонна, тамыз – 7,0 мың тонна, қыркүйек – 6,4 мың тонна, қазан – 1,3 мың тонна тасылып, ауыл шаруашылық техникалық өндірісі үшін литрі 245 теңгеден қарастырылады, – деді Сырым Бейсебайұлы.

Асыл тұқымды түлік саны артты

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есебіне сүйенсек, аймақта егістік алқаптарымен қатар мал басын асылдандыру да дамуда. Қазіргі күні асыл тұқымды мал үлесін арттыру есебінен мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы қамтамасыз етілген. Жыл басынан бергі есепке сай, ірі қара – 490,5 мыңға, жылқы – 340,8 мыңға, қой-ешкі – 763,7 мыңға,  құс – 3656,0 мыңға өскен. Соның нәтижесінде ет өндірісінің орташа көрсеткіші анағұрлым артқан. Мамандар болжамына сай 2024 жылы ет өндірісі – 1,8 пайызға, сүт өндірісі – 2,3 пайызға, жұмыртқа – 7,5 пайызға  ұлғаяды. Бұл көрсеткіш – тек жартыжылдықта іске асқан нәтиже. Алдағы жартыжылдықта дәнді дақылдар мен мал санының өсімі артары анық.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button