АймақБас тақырыпҚарағанды

Агрокешен қайтсе дамиды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті, озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі», – деп атап өтті. Бұл – жай пайым емес, стратегия­лық бағдар.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Егіс маусымында

Президенттің осы сөзі елдің аграрлық секторына жаңа талап қоя отырып, ауыл шаруашылығының болашақ даму векторын нақтылап берді. Бұл үндеу – тек аграршыларға ғана емес, мемлекеттік саясатты жүргізуші құрылымдарға да бағытталған міндет. Сөз жоқ, тұғырлы тұжырым әрбір фермер мен ауыл шаруашылығы саласының жетекшісін, жалпы ауылдық аймақтың әлеуетін бағалаушы кез келген азаматты ойландырары анық. Өйткені, бұл жол – азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, ел экономикасын әртараптандырудың, ауылды жаңғыртудың және ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтудың түпкі тетігі. Ендеше, агроөнеркәсіп кешені тек стратегиялық сала ғана емес, ұлттық тұрақтылық пен экономикалық тәуелсіздіктің тірегі ретінде қарастырылуы тиіс. Президент сөзі осыны меңзеп отыр. Және мұндай мәлімдеме нақты істермен бекітілу үстінде. Қарағанды облысындағы бүгінгі аграрлық өзгерістер мен жаңашылдықтар осы жаңа парадигманың айқын көрінісі.

Тамылжыған тамыз келісімен, қыр баласы дала жаққа елеңдеп тұрары әмбеге аян. Әсілі, көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Былтыр қамбасы миллионер атанған Қарағанды үшін биылғы аграрлық маусым мәні бөлек маңызды көрсеткіштермен ерекшеленіп отыр.

Алдымен атап өтелік, аймақ үшін осы жылғы көктемгі егіс науқаны сәтті аяқ­талды. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы өкілдерінің мәліметінше, ас­тық, картоп және көкөніс дақылдарын егу көлемі айтарлықтай артқан. Оның үстіне астық алқабының мейлінше ұлғайғандығы «іздегенге – сұраған» болды. Басты басымдық та дәнді дақылдарға берілмекші.

Астық егістігінің көлемі өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше мың гек­тарға артқан. Бұған ауа райының жай­лылығы, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен аграрлық техниканы жаңарту игі әсер етті. Кәнігі мамандардың айтуынша, фермерлер егістіктің өнімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды, соның ішінде, су үнемдеу жүйелерін кеңінен қолданып жатыр.

Атап айтқанда, Қарқаралы, Шет және Бұқар жырау аудандарында егістік алқаптары едәуір ұлғайып, фермерлер жоғары сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды пайдаланып отыр. Бұл өз кезегінде күзде жоғары өнім алуға тың мүмкіндік береді.

Картоп пен көкөніс егу көлемі де едәуір артқан. Бұл шешім, ең алдымен, ішкі нарықты маусымаралық кезеңде отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Өңірдегі жеке шаруашылықтар мен ірі агрофирмалар өнім көлемін арттырумен қатар, сақтау инфрақұрылымын да дамытуды қолға алып отыр. Саран, Абай және Осакаров аудандарында көкөніс егумен айналысатын шаруашылықтар заманауи жылыжайлар салып, суару жүйелерін енгізуде.

Агрономиялық дәлдік

Егіс жұмыстарының сәтті аяқталуына мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несие беру саясаты оң ықпал етті. Сонымен қатар, дизель отынының арзандатылған бағамен жеткізілуі фермерлердің шығындарын едәуір қысқартты.

Облыс бойынша GPS-мониторинг, топырақ талдау және агрохимиялық карта жасау сынды цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Сындарлы шешімдер агрономиялық дәлдікті арттырып, өнімділікті жақсартуға сеп.

Әлбетте, орталық өңір өмірі үшін ауыл шаруашылығы – тек азықтүлік қауіпсіздігі ғана емес, сонымен қатар, өңірлік экономиканың негізгі салаларының бірі. Жұмыспен қамту, өңдеуші өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттыру сияқты мәселелердің барлығы агросектордың дамуымен етене байланысты.

Сарапшылардың сарабдал пікірінше, биылғы егіс көлемінің артуы – ұзақмерзімді трендтің бастамасы. Егер климаттық жағдайлар қолайлы болып, агротехникалық шаралар жүйелі түрде орындалса, облыс жоғары өнім жинауға толық мүмкіндікке ие.

– Көктемгі егіс науқаны Арқа аймағында оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқталды. Облыс фермерлері көктемгі ауа райының тұрақты болуын тиімді пайдаланып, агротехникалық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеді. Биылғы егіс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 30,2 мың гектарға артып, 1 миллион 84 мың 900 гектарды құрады. Егіс алқаптарының басым бөлігін дәстүрлі түрде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алып жатыр. Өнім түрлері тек ішкі қажеттілікті ғана емес, экспорттық бағытты да қамтамасыз етеді. Түп нәтижесінде ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңа агротехнологияларды кеңінен қолдана отырып, егістік алқаптарынан түсімді арттыру жоспарланды, – деп нақтылап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ануар Тюлюбеков.

Салалық ведомство басшысының алға тартқан мәліметтеріне сүйенсек, бұқара халықтың күнделікті тұтынуына қажетті өнімдерге де басымдық берілген. Атап айтқанда, картоп 11,4 мың гектарға, ал, көкөніс 52 мың гектар жерге сәтті егілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі мен шаруашылықтар арасында өзара келісімдер жасалып, сақтау қоймалары мен логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда.

Агроинновацияға бетбұрыс

Өңірдегі мал шаруашылығы да мал азығы базасына тікелей тәуелді. Сондықтан, мал азығы дақылдарының егіс көлемі 4,2 мың гектарға өсіп, 75,9 мың гектарға жетті. Көрсеткіш – өңірдегі ауыл шаруашылығының кешенді дамуының айғағы. Сапалы мал азығы – ет пен сүт өнімдерінің өнімділігіне тікелей әсер етеді.

Ауыл шаруашылығы саласының табысты болуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да маңызы зор. Фермерлерге берілетін жеңілдетілген несие, арзандатылған жанар-жағармай, тұқым және тыңайтқыш субсидиялары – барлығы көктемгі егіс науқанының уақытылы әрі сапалы өтуіне ықпал етті.

Бажайлап келгенде, көптеген шаруашылықтар цифрлық технологиялар мен нақты егіншілік элементтерін енгізуге кірісті. Теңгерімді тенденция болашақта өнім көлемін ғана емес, өндірістің тиімділігін арттыруға жол ашады.

Қош делік, ендігі басты міндет – өнімділікті арттырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз ету және артығын сыртқы нарыққа шығару.

Облыстың шаруашылық құрылымдары соңғы жылдары өнім көлемімен қатар сапаға да ерекше мән бере бастады. Шаруалар өнімділігі жоғары, элиталық тұқымдарды көбірек пайдаланып жатыр. Сонымен қатар, егістік алқаптарының 40 пайызға жуығы минералды тыңайтқыштармен өңделуі жоспарланған. Топырақтың құнарлылығын арттыру және өсімдіктің иммунитетін күшейту үшін агротехнологиялардың кеңінен енгізілуі – жалпы егін өнімділігінің артуына жол ашады.

Әзірде аймақтың агроөнеркәсіп кешені біртіндеп инновациялық, технологиялық бағытқа бет бұрып отыр. Шаруашылықтар GPS навигация, дәл егіншілік әдістері, цифрлық мониторинг, топырақтың агрохимиялық карталарын жасау сияқты заманауи тәсілдерді енгізе бастады. Өнімділіктің көтерілуі – агробизнес үшін табыстың, ал халық үшін қолжетімді бағаның кепілі. Мемлекеттен бөлінген 1,2 миллиард теңгелік тікелей субсидия, минералды тыңайтқыштармен қамту және элиталық тұқым пайдалану – өңірдің аграрлық секторын жүйелі түрде жаңғыртып жатқанын көрсетеді.

Қолдау нақты іске айналды. 132 шаруашылық қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына мемлекеттік қаржы институттарының да үлкен үлесі бар. Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы облыстың 132 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі егіс жұмыстарын жүргізуге қаржылай қолдау алды. Бұл – техниканы жаңарту, тұқым сатып алу, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай алуға мүмкіндік берген маңызды көмек. Сонымен қатар, «Азықтүлік корпорациясы» астықты форвардтық сатып алу тетігі арқылы бес өтінімді қаржыландырды. Бұл механизм шаруаларға алдын ала қаржы алып, егіс жұмыстарын уақытылы әрі толық көлемде жүргізуге жол ашты.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button