«Агроөнеркәсіптің арыны жақсы»
Мал шаруашылығы халқымыздың ата кәсібі екені белгілі. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар түйісінде жоңғар мемлекетіне елшілікке барған Қаздауысты Қазыбек «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп, жұртының тіршілік көзін ғана емес, бейбітшілік сүйгіш мұратын да аңғартса, ұлт көсемі, Алаш республикасының басшысы Әлихан Бөкейхан: «Қaзaқ жepi – мaл кiндiгi, мұндa бұpын қaй жұpт жүpce дe мaл бaққaн», – дeп тұжырым жасайды. Қарағанды облысы ғана емес, қазақ елі үшін маңызы ерекше Қарқаралы ауданы халқының негізі ата кәсібі де малшылық екені белгілі. Әрине, уақыт өтіп, агроөнеркәсіп саласын дамытудың жаңа жобалары игеріліп, техника мен технология жетілген соң егіншілік те дамығаны анық. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі арқасында өңірдің экономикасы алға басып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттер орындалуда. Осы жағдайларды ескере отырып, күнтізбелік жыл ауысар қарсаңда аудан әкімінің орынбасары Берік Тоқмұрзинмен тілдесіп, есепті жыл ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері атқарған жұмыс көлемі туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Қазіргі таңда ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары екі миллион гектарға жуық жер көлемін игеруде. Ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің саны – 924 бірлік. Олар қажырлы еңбектерімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Шаруашылықтардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысса, елуден астамы өсімдік шаруашылығымен шұғылдануда, – деп бастады сөзін Берік Мұқатайұлы. – Биылғы ауа райы аудан тұрғындары мен шаруаларына қолайлы болды. Төрт түліктің басы көбейіп, жайылымдық алқаптарда шөп мол өсті, егін бітік шықты. Бұған қоса, сала мамандары мен шаруашылық иелерінің, жалпы ауыл еңбеккерлерінің атқарған еңбегінің нәтижесінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің өсу қарқынында оң динамика байқалды. Биылғы он айда жылқы – 106 мың басқа, қой-ешкі – 171 мың басқа, сиыр – 112 мың басқа, құс – 48 мыңға жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 13 – 44 пайызға өсті. Сондай-ақ, әңгіме болып отырған уақытта 15 мың тонна ет, 29 мың литр сүт, 5 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Көктемде қарқаралылық диқандар 31 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңірген еді. Оның 18 мың гектары бидай, 11 мың гектары арпа, 2 мың гектары сұлы болатын. Берекелі күзде егістік алқаптың әр гектарынан 10 центнерден өнім алынып, жалпы 30 мың тоннадан астам астық бастырылды. Соның ішінде ең жоғарғы М.Мамыраев, Ынталы, Қ.Аманжолов, Бақты және Абай ауылдық округтерінің егіншілері жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап айту керек. Дұрыс пайдаланбағандықтан тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіру өсімдік шаруашылығындағы маңызды істердің қатарына жатады. Осы мақсатпен Ынталы, Н.Нұрмақов, Абай ауылдық округінде жалпы алаңы 1019 гектар алқапқа көпжылдық шөп егілді.
Биылғы алғашқы он айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында барлығы 51 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі мал шаруашылығы бойынша 28 миллиард 186 миллион теңгені құраса, өсімдік шаруашылығы бойынша 22 миллиард 833 миллион теңгеге жетті.
– Соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласына республикалық және жергілікті бюджеттен жәрдем беріле бастады ғой.
– Қарқаралылықтар мемлекет тарапынан ұсынылған бұл жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып, шаруаларын дамытуға ерекше ден қоюда. Агроөнеркәсіп кешені субьектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Қарқаралы» несие серіктестігі арқылы 36 шаруа қожалығы 480 миллион теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын және жылқы малын сатып алды. Көктемгі дала жұмыстарын және егін жинау науқанын сапалы жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы 10 шаруа қожалығы 165 миллион теңге несие алды. 64 шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 972 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын, 58 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 1 миллиард 200 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын және мал сатып алды.
Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған болатын. Аталған жоба ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – төмен пайызбен несие беру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, табысы төмен адамдардың және жұмыссыздардың санын азайту. Осы жобаға сәйкес, былтыр дербес кәсіптерін дамыту үшін 132 адамға 841 миллион теңге несие берілсе, биыл 7 жеке кәсіпкерге 45 миллион теңге несие берілді. Несие алған кәсіпкерлердің басым бөлігі ет, қымыз өндіреді. Мысалы, «Мәди Агро» ауыл шаруашылығы кешені «Қармет» металлургия комбинатын және Қарқаралы ауданындағы әлеуметтік нысандарды етпен қамтамасыз етуде. Егіндібұлақ аулындағы жеке кәсіпкер «Қапсаттаров» жартылай өңделген өнімдермен қоса ысталған шұжық шығаруды қолға алды. Биыл ауданда, мал бордақылау алаңдарын салып, іске қосу, суармалы алқаптарды қалпына келтіру мақсатында жалпы сомасы 330 миллион теңге болатын 3 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның бірі «Берік» шаруа қожалығы бірден 1000 бас қойды бордақылау алаңын ашты. «Атамұра Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 бас сиырды бордақылау алаңын іске қосты.
Аудандағы іргелі шаруашылықтар – «Қарынши», «Берік» шаруа құрылымдары өздерінің бордақылау алаңдарында семіртілген малды облыс орталығындағы дүкендерінде халыққа қолжетімді бағамен сатуда. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Қарынши» шаруа қожалығының қыстағына электр желісін тарту басталды.
Өңірде балық өсірумен айналысатын «Әсел» шаруа қожалығы биыл да Үлкенкөл, Қойтас, Жартас көлдеріне тұқы балығының 34 мың шабағын, ал Балықтыкөлге ақ балықтың екі жарым миллион дернәсілдерін жіберіп, балық шаруашылығын өркендету ісін жалғастыруда. Солтүстік Қазақстан облысының қаржыландыру тәжірибесі шеңберінде, «Сары Арқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан берілген несие арқылы 2025 жылы «Атамекен» шаруа қожалығы негізінде 292 гектар суармалы жерді іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі күнге дейін су құбырларын тарту үшін ор қазылып, құбыр төсеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы қабылданған «Жайлау» бағдарламасы бойынша Н.Әбдіров, Егіндібұлақ ауылдарына қаражат бөлініп, мал қамайтын темір қоршау, күн көзінен қуат алатын батарея, су сорғысы, электрогенератор, т.б. қажетті құрал-жабдықтар алынды. Биыл осы аталған ауылдық округтерге жайлаудағы малшылар тұратын вагон алуға қаражат берілді.
Аудан бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мал басын асылдандыру бағыты бойынша 500 миллион теңгеден астам, өсімдік шаруашылығына 8,5 миллион теңге, инвестициялық салымдарды ішінара өтеу бағдарламасы бойынша 334,3 миллион теңге субсидия төленді. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына жыл басынан бастап 1,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Халықтың әл-ауқатының артуы, өмір сапасының жақсаруы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласы мемлекет қолдауының арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, бүгінгі таңда ел экономикасын дамыту мен халықтың несібесін арттыруда жетекші күшке айналды деп сеніммен айтуға болады. Осы мықты армияның қатарында қарқаралылықтар да бар.
– Берік Мұқатайұлы, ауыл тұрғындарының жалпы көңіл күйі қалай?
– Игілік еңбектің арқасында ғана келетінін түсінген адамдар осыдан бірер жыл бұрынғы масылдық пиғылдан арылып, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген Абай қағидасына ден қоюда. Соның нәтижесінде аудан экономикасы дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Агросала қызметкерлері елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге табанды еңбек, маңдай термен айрықша үлес қосып келеді деп сеніммен айта аламын. Үлесіндегі жерін игеріп, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын еңбеккерлерді мемлекет те әрдайым қолдайды. Бүгінде несібесін ауыл шаруашылығынан тауып, қажырлы еңбекке нартәуекел еткен жерлестеріміздің қатары артып, жаңа жобалар қолға алынуда. Осы салаға бар саналы ғұмырын арнаған ардақты ардагерлеріміз де, нарықтық экономиканың барлық қиындығына шыдап, бүгінде іргелі шаруашылық иесі атанған қайратты замандастарымыз да, еңбекке енді араласқан жігерлі жастарымыз да бар. Олар ауыл атты алтын бесігіміздің туын биікке көтеріп, іргесін қымтап, бойына қан жүгіртіп, сайын даламызды дүбірге бөлеуде. Заманның сұранысына сай озық технологияны игеріп, жаңашылдықпен атқарған жұмыс та жемісін беруде. Алдымызда жер учаскелерін тиімді игеру, мал бағымдарын дұрыс ұйымдастыру, ет өнімдерін дайындап, ел ішіне және экспортқа шығару бойынша маңызды міндеттер тұр. Осындай іргелі істерді жүзеге асыруға ауданымызда барлық мүмкіндіктер және ауыл шаруашылығы жерлері жеткілікті. Сондықтан, бірлесе еңбек етіп, тіл табысып жұмыс істесек, биік нәтижелерге қол жеткізетініміз анық.
– Ой-пікіріңізді ықыласпен бөліскеніңіз үшін көп рахмет! Келе жатқан Жаңа жылымыз ырысты, құтты жыл болсын, табыстарыңыз еселеніп артсын!
Сұхбаттасқан Ермек БАЛТАШҰЛЫ.