Жаңалықтар

Агроөнеркәсіп дамуы – қарқынды

      Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстан – 2050» Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен міндет тапсырды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, диқандары мен малшылары бұл міндетті жүзеге асыру жолында орасан жұмыс атқаруда.

2016 жыл облыстың ауыл шаруашылығы үшін өте табысты жыл болды. Бұл табыстың негізі – ауа райының қолайлы болуы, диқандар мен малшылардың ерен енбегінің нәтижесі. Облыс бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 229,6 млрд. теңгені құрады. Өнім көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға өсті.

Облыс диқандары биылғы жылы биік көрсеткішке қол жеткізді. Науқан барысында 725,7 мың гектар алқаптағы астық алынды. Нәтижесінде, 1 млн. 14 мың тонна астық жиналды. Орташа түсім – гектарына 14 центнерден айналды. Бүгінде бұл көрсеткіш өте жоғары меже ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін 1979 жылы – гектарына 13 центнерден, 2013 жылы – гектарына 12,6 центнерден өнім жиналған еді.

Егін шаруашылығындағы бұл жоғары көрсеткіш шаруашылықтарда жаңа технологияларды кеңінен пайдалану арқылы еңсерілді. Мәселен, ылғал ресурсын сақтау технологиясы егістік алқабының 580 мың гектарында немесе 78,3 пайыз аумағында қолданылды. 2015 жылмен салыстырғанда 29,1 мың гектарға артық. Өткен жылмен салыстырғанда, егіс көлемі 59,6 мың гектарға көбейіп, астық көлемі артты.

Тынымсыз төгілген тер мен табанды еңбектің арқасында көл-көсір өнім алған шаруашылықтар бар. Біздің облыстағы негізгі астықты аудандар – Абай, Нұра, Осакаров, Қарқаралы аудандары. Мәселен, Абай ауданында орташа түсім – 20 центнерді, Нұра ауданында – 14,2 центнерді, Осакаров, Қарқаралы, Шет аудандарында 14 центнерді көрсетті.

Шаруашылықтар арасында Абай ауданындағы «Макс», «Шанс» шаруа қожалықтары гектарынан – 25 центнер, «Астра Агро» ЖШС гектарынан – 30 центнер өнім алды. Сондай-ақ, Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС гектарына – 16,6 центнер, «Қайнар» ЖШС – 15,1 центнер, Осакаров ауданындағы «Агросоюз» ЖШС – 19 центнер, «Октябрьское» ЖШС – 18,2 центнер астық орса, Қарқаралы ауданындағы «Жайма» ЖШС гектарына – 25 центнер астық жинады. Астықтың қомақты бөлігін облыстағы ұн өндірісімен айналысатын 12-ден астам кәсіпорын сатып алды. Бүгінгі күні 28,7 мың тонна астық экспортқа жөнелтілді.

Биыл 13751 гектар алқаптан 305 мың тонна картоп алынды. Облыс бойынша картоптың орташа түсімі гектарына – 221 центнерді межеледі. Ал, кейбір жекелеген шаруашылық құрылымдары бұл межеден асып түсті. Атап айтқанда, Абай ауданындағы «Астра Агро» ЖШС әр гектардан – 360 центнер, «Шанс» шаруа қожалығы – 335 центнер картоп жинаса, Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС картопты бірінші рет егіп, гектарынан – 330 центнер өнім алды.

Мал шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылатын агроөнеркәсіп секторының ең әлеуетті бағыты. Біздің аймақтағы ауқымды жайылым жерлер мен қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар аталған саланың ойдағыдай дамуына айтарлықтай септігін тигізуде.

Облыста 130,4 мың тонна (2,6%) – ет, 430,1 мың тонна (6,6%) – сүт, 622,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Ірі қара саны 3,3% көбейіп, 488,1 мыңға, жылқы малы 4,5% көбейіп, 256,3 мыңға жетті. Сондай-ақ, қой-ешкі – 1014,6 мыңды, шошқа – 81,2 мыңды, түйе – 1,4 мыңды, құс – 3262,2 мыңды құрапды.

Осы мал шаруашылығын дамытудың бірден-бір көзі болып асыл тұқымды мал басын көбейту болып табылады.

Облысымызда, бүгінгі күнге 101 шаруашылық 15 мың (3%) асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп отыр. Сонымен қатар, 10 шаруашылық – 37,5 мың (4,3%) асыл тұқымды қой, 8 шаруашылық – 4 мың (1,7%) асыл тұқымды жылқы, 3 шаруашылық – 25,2 бас (29%) асыл тұқымды шошқа өсірумен айналысады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. 2016 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мақсатында 3 млрд. теңге бөлінсе, оның 2 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Осы жылы ірі қара малды әрі қарай асылдандыру мақсатында Ресей Федерациясынан 1017 асыл тұқымды тайыншалар әкелінсе, «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 5315 ірі қара, (133%), «Құлан» бағдарламасы бойынша 3114 жылқы және «Алтын асық» бағдарламасымен 7196 (147%) қой алынды.

Асыл тұқымды шаруашылықтар 4 мың мал­дан алынған төлін сатылымға шығарды. Осы бағыттағы «Ескене», «Жанболат» шаруа қожалықтарының (Жаңаарқа ауда­ны), «Ақшоқы» ШҚ (Шет), «Қайнар» ЖШС (Нұра), «Қарлығаш» ШҚ (Осакаров), «Ұлан» ШҚ, Жалғас» ШҚ (Бұқар жырау) – ірі қара малын, «Сенім» ШҚ, «Жеңіс» ЖШС (Жаңа­арқа), «Шолақ еспе» ШҚ (Шет), «Шанс» ШҚ (Абай) – жылқыны, қой малын «Отқан­жар» ЖШС (Нұра), «Жеңіс» ЖШС, (Жаңа­арқа), «Жәмші» ЖШС (Ақтоғай) және «Алишер» (Шет) ШҚ жұмысын атап өтуге болады.

Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» ЖШС Біріккен Араб Әмірлігіне 3000 бас қой малын экспорттады.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы АӨК өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу бағдарламасы аясында облыс көлемінде 17 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу және сүт жинау пунктін құруға 231 отбасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорғау» АҚ-арқылы 6% сыйақы үстемесімен 638,3 млн. теңге несие алды.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «50 село концепциясы» жобасы аясында облысымызда 4 ауданның 5 селолық округтерде 117 отбасылық мал бордақылау алаңдары мен сүт тапсыру пункті құрылды.

Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару – облыс агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыты болып саналады. Аймақта аталған сала бойынша 329 кәсіпорын жұмыс жасауда, оның ішінде, астық өңдеумен – 23 ,сүт өңдеумен – 7, ет өңдеумен – 40 кәсіпорын айналысуда. Бұл кәсіпорындар жылына құны 95 млрд. теңге болатын 960 мың тонна өнім өндірді. Өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54 тоннаға артық.

Ауыл шаруашылығының нәтижелі жұмыс жасауына мемлекет тарапынан болып жатқан қаржылай қолдау көп септігін тигізуде. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының шегінде 2016 жылы АӨК салаларын мемлекеттік қолдау 10,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығы саласы бойынша – 6,1 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша – 2,2 млрд. теңге, республикалық бюджеттен (инвестициялық субсидиялау, қайта өңдеуге) – 2,1 млрд. теңге, инвестициялық субсидияға 1,5 млрд. теңге есептелді. Жыл ішінде облыс бойынша шаруашылықтарға субсидия төлеуге 4123 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, егін шаруашылығы бойынша 835, мал шаруашылығы бойынша 2874, инвестициялық субсидия бойынша 219 қызмет көрсетілді.

«ҚазАгро» АҚ қаржы институттарымен ауыл шаруашылығын дамытуға арзан несие беру арқылы колдау жасалуда. 2016 жылы қаржы институттары арқылы 7,9 млрд. теңгеге 1362 өтінім бойынша несие берілді.

Облыс агроөнеркәсіп кешінінде құны 63,4 млрд. теңге болатын 74 инвестициялық жоба жүзеге асты. Негізінен, бұл жобалар Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде «ҚазАгро» АҚ тарапынан шетелдік және отандық инвесторлардың катысуымен жүзеге асуда.

Мысалы, «Қарағанды-Нан» Корпорациясы» ЖШС базасында «Өндірісті кеңейту және жаңғырту» жобасы іске қосылды. 608,5 млн. теңгеге жабдықталған зауытта 34 адам еңбекпен қамтылды. Осының нәтижесінде, зауыттың өндірістік қуаты 2017 жылы жылына 3300 тонна макарон өнімдеріне жетеді. Бұл жоба облыста сапалы макарон өнімін ұлғайтуға үлес косуда.

Сонымен бірге, Қарағанды қаласындағы «Сангуаж» ЖШС-інде сыйымдылығы 1100 тонна болатын көкөніс қоймасы (134,8 млн. теңге) тұрғызылды.

Абай ауданындағы «АПХ «Сарыарқа» ЖШС-інде 3000 малға арналған бордақылау алаңы (710,3 млн. теңге) салынып, экспортқа ет өнімін өткізуге мүмкіндік жасауда.

Бұқар жырау ауданындағы «Караганда Осетр» ЖШС-інде тауарлық бекіре балығын өсіру ісі (583,7 млн. теңге) қолға алынды. Бекіре балығын өсіру бұрын-соңды облыс көлемінде болмаған жоба, бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге, өнімнің сапасын арттыруға, экспортқа өнім өткізуге сеп болуда.

Республика бойынша кабылданатын «Агроөнеркәсіп кешенін 2017-2021 жылдары дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 236 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Биыл егістік көлемін көбейтуге баса қөңіл бөлінуде, қосымша 74 мың гектар егіс көлемін көбейтіп, оны 815 мың гектарға жеткізіу жоспарлануда. Сонымен бірге, картоп отырғызу, көкөніс егу көлемін арттыра отырып, 686,8 мың тонна бидай, 310 мың тонна картоп, 98,4 мың тонна көкөністер өндіру жоспарланып отыр.

Мал басын көбейтуге, мал шаруашылығы өнімдерін молайту жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін көбейту негізінен мал шаруашылығының өнімдерін өндіруді арттыру есебінен жүзеге аспақ. Ет өндіру көлемі 131,4 мың тоннаға, сүт өндіру 447,3 мың тоннаға, 6628,6 млн. дана жұмыртқаға межеленуде, экспортқа 500 тонна көлемінде ет шығару жоспарлануда. Мал өнімдерін өндіруді молайту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану мақсатында іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы облыста 37 өндірістік кооператив құру, 17 сүт қабылдау бекеті, 767 мал бордақылау алаңын ашу межеленуде. Осы жұмыстар тиісті қаржымен камтамасыз етіліп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары арта түспек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуы арқылы азық-түлік кауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, Елбасымыздың ауыл шаруашылығы саласына қойған міндетін орындау және іске асыру мақсатында жұмысты одан әрі жалғастыра бермек.

Юржан БЕКҚОЖИН,

«Қарағанды облысының

ауыл шаруашылығы басқармасы»

ММ басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button