АймақБас тақырыпҚарағанды

Аграрлық саланың үздіктері марапатталды

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларында тер төгіп жүрген жандар мерекесі шуаққа толы болды. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еселі еңбектің ел дамуындағы алатын орнын айрықша атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыстап, өңірдің еңбек майданында жүрген озаттарды құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапаттады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мұнда сан қырлы саланың кешегі ел ырысын еселеген ардагерлері де, бүгінгі күннің тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел нарығын тұрақты өніммен қамтып жүрген ізденімпаз мамандары да бас қосқан еді. Сахна төріндегі лед экранда ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін паш еткен көркем көріністер, жыл бойғы жетістіктерді айғақтайтын бейнесюжеттер кезекпен ауысып жатқанда, залда отырғандардың жүзінде мақтаныш та, толқу да анық байқалды.

Салтанат алдында аграрлық саланың жетістіктеріне арналған көрме ұсынылды. Көрмеде ауыл еңбеккерлерінің өңір тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған өнімдері қойылды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін жолдады. Құттықтау мәтінін жиын барысында облыс әкімі оқып берді. «Сіздердің ерен еңбектеріңіз – еліміздің азықтүлік қауіпсіздігінің берік негізі, қоғамның әл-ауқаты мен ертеңгі күнге деген сенімінің тірегі. Жоғары кәсібилік пен адалдықтың арқасында өңірдің агроөнеркәсіп кешені үздік нәтижелер көрсетуде», – делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.

Өңірде ауыл шаруашылығының тынысы жыл сайын кеңейіп келеді. Мал шаруашылығында да соны серпін сезіледі. Өнім көлемі жыл сайын артып, өңірлік нарықтың сұранысын өтеумен бірге, жаңа бағыттар мен технологиялар енгізілуде. Сүт фермаларының жұмысы жанданып, ет өндіру кешендері сапа стандарттарын жоғары деңгейге көтеріп келеді. Соңғы жылдары аграрлық салаға құйылған инвестициялар 2,4 есеге артқаны – ауыл экономикасына деген сенімнің нақты көрсеткіші. Биылдың өзінде өңірде 31 жоба іске асырылып жатыр. Әрқайсысы – ауылдың әлеуетін еселейтін, еңбек адамдарының тұрмысын жақсартатын маңызды бастама.

– Ауыл шаруашылығы – жай ғана мамандық емес, өмір салты. Таңмен таласа тұрып, жауын мен аптап ыстыққа қарамай еңбек ету, барлық қиындыққа төтеп беру және ешқашан мойымау. Сіздердің еңбектеріңіз бен жетістіктеріңізді жақсы білеміз. Бәріміз де сіздермен мақтанамыз! – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Биыл облыста 915 мың гектар алқаптан астық жиналды. Бір миллион тоннадан астам астық бастырылды, 411 мың тонна картоп пен 73 мың тонна көкөніс өндірілді. Мұның барлығы – сіздердің маңдай терлеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Соңғы жылдары майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі айтарлықтай артты. Бұл саланың тұрақтылығын нығайтып, климат пен нарықтағы өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін кеңейтеді.

Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдау ісін жүйелі түрде жалғастырып келеді. Биылдың өзінде аграрлық салаға 24,3 млрд теңге көлемінде субсидия бағытталғаны – соның айқын дәлелі. Салтанатты жиында еңбегі елге үлгі болған мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Жылдар бойғы маңдай тері мен табанды еңбегі үшін төрт бірдей еңбек адамы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның ішінде «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалі сияқты жоғары мемлекеттік марапаттар бар. Сахна төріндегі әрбір марапат иесінің жүзіндегі толқыныс залдағы жұрттың көңілін тебірентпей қоймады. «Құрмет» ордені Нұра ауданының «Асхат» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Нұритдиновке және Бұқар жырау ауданының «Шатан» шаруа қожалығының жетекшісі Евгений Апеисовке табысталды.

– Біз ірі қара мал өсіреміз. Соңғы төрт жылда 800 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салдық. Қазір бордақылау­да 600 бас мал тұр. Біздің ет негізінен Қарағанды нарығына жеткізіледі. Сонымен қатар, Астана мен Алматыдағы екі ет комбинатына да сатылады. Бұған қоса, біз егін шаруашылығын дамытамыз. Зығыр мен бидай егеміз. Біздің қожалыққа қазір 13 жыл болды. Бұл мамандыққа кездейсоқ келген жоқпын: бұрын ет сатумен айналыстым, бірақ өнім жеткіліксіз болды. Сол себепті, туған ауылға оралып, мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Менің еңбегімді бағалағандары өте қуантады. Бұл марапат одан әрі еңбек етуге ынталандырады, – дейді Евгений Апеисов.

Қарқаралы ауданының ауыл шаруашылығы ардагері Тойбек Оспанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол 16 жасында трактор тізгіндеген, кейін комбайнда жұмысын жалғастыр­ған.

– Менің еңбек жолым 1963 жылы басталды, сол уақыттан бері туған Қарыншы ауылымдағы ауыл шаруашылығы саласы­нан кетпедім. Өмірімді туған ауы­лым­да өткіздім және бұл туралы ешқашан өкінген емеспін. Көпжылдық еңбегімнің назардан тыс қалмағанына қуаныштымын. Бұл ауылдың өмір сүруіне сенім мен күш береді. Қазіргі уақытта көптеген жастар туған жерден кетіп жатады, бірақ менің оларға айтарым: өз туған топырақтарыңды сүйіңдер, – деп жастарға ақ батасын берді ақсақал.

Саланың үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі бірінен соң бірі жалғасып, залды толтырған еңбек адамдарының көтеріңкі көңіл күйін одан сайын асқақтата түсті. Биыл салада жоғары нәтижеге қол жеткізген мамандар ведомстволық наградаларға ие болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кәсіби байқаудың жеңімпаздары да осы күні сахна төріне көтерілді. «Үздік агроном» атағы Нұра ауданының «Шахтёрское» ЖШС тәжірибелі маманы Сергей Нидеркельге бұ­йырды. Ал, «Үздік комбайншы» номинациясында Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС қызметкері Алексей Хилов озық шықты. Мал шаруашылығындағы үздік маман – Қарқаралы ауданындағы «Атамұра Табыс» ЖШС директорының орынбасары Арман Байзақов. «Еңбек адамы» аталымында Ақтоғай ауданынан келген Оралбай Құдабаев марапатталды. Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі үздік кәсіпорындар да биылғы мерейлі сәттен тыс қалған жоқ. «Қарағанды-Нан» корпорациясы, «Апрель Құлагер» ет комбинаты, Құрма құс фабрикасы және «Нәтиже» сүт зауыты өңір экономикасын алға сүйреп отырған жетекші өндіріс орындары ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша көшбасшы компания – «Евразия Инвест LTD» деп танылды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді. Сахнадан төгілген ән мен күй бір сәтке болса да шаруалардың иінін жазып, еңбектің қадірін, еңбеккерлер бірлігін сездіргендей болды. Келісті кеш қыр қаһармандарының ортақ мерекесі, өңірдің еңсесін көтерген еңбек салтанаты қалыбында есте қалды.

Шуақты жиын аяқталғанымен, залдан шығуға асыққан жан болмады. Бірі әріптесін құттықтап, бірі көптен көрмеген танысын құшақтап, тағы бірі суретке түсіп, осы бір ерекше күннің жалқын лебін ұзаққа сақтап қалуға тырысты. Солайша, бұл күн жыл бойғы маңдай тердің өтеуіндей болған, қыр қаһармандарының мерейін үстем еткен, еңбектің биік мұратын дәріптеген есте қаларлық мерекеге айналды. Еңбек салтанаты осылай жалғасып келеді, жалғаса да береді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button