Аграрлық саланың әлеуеті зор
Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін өңіріміздің ауқымды аумағы мен жер байлығы жеткілікті. Бұл ретте осы секторға жеңілдетілген қаржыландыру, субсидия төлеу, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің өсуін ынталандыру арқылы мемлекеттік қолдау бар. Соның нәтижесінде биыл облыс қамбасы миллионер атанып, рекордтық дәнді дақылдар өнімін еншіледі.
Егін орағы
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында агроөнеркәсіп саласын қаржыландыру қолжетімді бола түсуде. Агроқұрылымға тікелей жеңілдетілген несие беру арқылы салаға бағытталған қаржы көлемі 24,1 млрд теңгені құрады. Облыс шаруашылықтарымен дәнді дақылдардың рекордтық өнімін жинап, орташа түсімі гектарына 15 центнерден 1 363,9 мың тонна астық бастырылды. Сонымен бірге, түсімі 7 центнерден, 24,45 мың тонна майлы дақылдар бастырылып, орташа түсімі 265 центнерден шамамен 409,2 мың тонна картоп және түсімі 360 центнерден 73,0 мың тонна көкөніс жиналды.
Жоғары түсім алуға, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, агротехнология талаптарын дұрыс қолдану, жоғарғы репродукциялы тұқым, минералды тыңайтқыштар қолдану және өсімдіктерді тиімді қорғау жұмыстарын жүргізу арқылы қол жеткізілді. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғастырылатын болады.
Астық қамбасы
Облыста астықты сақтауға арналған қамбалар – 0,145 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 0,981 млн тоннаны сыйғыза алады. Көрсетілген көлем өткен жылдардағы қалдықтармен қосқанда, алынған өнімді сақтау үшін жеткілікті. Астық қабылдау кәсіпорындарына шамамен 0,071 млн тонна астық түсті, оның 0,051 млн тоннасы – бидай. Қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлардың жүктемесі 53,4%-ды құрайды.
Егіс алқабын әртараптандыру
Облыста ауыл шаруашылығы дақылдар алқабын әртараптандыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл шара, сұранысқа сәйкес, өнім өндірісі көлемін ұлғайту, сондай-ақ, өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктері, жергілікті агроклиматтық және басқа да табиғи жағдайларға төзімділігіне қол жеткізу үшін қажет. Атап айтқанда, ағымдағы жылы дәнді дақылдар алқабы 909,3 мың гектарды құрады. Бұл ретте, азықтық дақылдар алқаптары ұлғайтылып, олардың ауыспалы егістегі үлесінің ұлғаюына ықпал етті. Ағымдағы жылы көпжылдық шөптер алқабы 61,0 мың гектарға, бір жылдық шөп – 82,4 мың гектарды, немесе, өткен жылғы көрсеткіштен 67,2 мың гектарға, немесе 88,2% – ға ұлғайтылып, 143,4 мың гектарды құрады.
Нәтижесінде қысқартылған алқаптарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Ауыл шаруашылығы техникасы
Осы жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 11,1 мың дана трактор, 2,1 мың комбайн, 273 егіс кешені, 6 244 сепкіш және 3 400-ге жуық топырақ өңдеу және мамандандырылған техника тіркелген. Өткен жылы 16,9 млрд теңге сомасына 862 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Облыс бойынша жаңартылған техниканың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-дан 5,1%-ға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге жаңа лизингтік бағдарламалар өз ықпалын тигізуде. Жаңа тәсілдер қосымша бюджет қаражатын тартпай отандық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғастырылады. Осы мақсатта 1404 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарлануда.
Мал шаруашылығы
Мал шаруашылығы саласында облыста айтарлықтай өсім байқалады. Ағымдағы жылдың басында ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстың саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты. Ірі қара мал, соның ішінде, сиырлар, ұсақ мал, жылқы, түйе, шошқа және құстардың саны өсім көрсетті. Ет пен сүт өндірісі де артқан. Жыл басынан бері ет өндірісі 100 мың тоннадан асса, сүт өндірісі 211 мың тоннаға жетті, оның айтарлықтай бөлігі ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесінде. 2024-2025 жылғы қыстауға қажетті жем-шөп көлемі жоспардан асыра дайындалды. Оның ішінде шөп, сабан, сүрлем және жем қорлары жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілді. Бұл малдың қысқы кезеңнен аман өтуіне және жоспарланған өнім көлемін алуға толық мүмкіндік береді.
Ауыл халқының әл-ауқаты
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосуда. Мәселен, 2023 жылы жоба аясында 3,4 млрд теңгеге 456 шағын несие берілді. Оның ішінде 1,17 млрд теңге ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, ал, 2,27 млрд теңге жеке қосалқы шаруашылықтарға бағытталды. Бұл қаражат негізінен мал шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларын қаржыландыруға жұмсалып, 639 жұмыс орны құрылды. 2024 жылы осы бағдарлама бойынша облысқа республикалық бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2,5 млрд теңге бөлініп, 1,08 млрд теңгеге 83 жоба мақұлданды. Бүгінде 1,07 млрд теңге көлемінде 81 қарыз берілді: 48 жобаға 295,1 млн теңге жеке қосалқы шаруашылықтарға, ал 778,1 млн теңге 33 ауылдық тұтыну кооперативтеріне бағытталды. Бұл тағы 132 жаңа жұмыс орнын құруға қосымша мүмкіндік берді. Несиелер негізінен мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жұмсалуда. Табысты жобалардың үлгілеріне келсек, «Сарытерек SAQ NS» ӘКК неміс технологиясымен бие сүтін өңдейтін және ай сайын 30 тонна қымыз өндіретін цех ашты. «Мади-Агро 7» ӘКК алдыңғы жылы Qarmet компаниясына 100 тонна ет жеткізсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 60 тонна етті құрады, жалпы сомасы 110 млн теңгеден асты. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін дәлелдеп отыр.
Азықтүлік қауіпсіздігі
Жалпы, агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қызметі тек облыстың ғана емес, еліміздің де азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының 19 атауының 14-і облыстың жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен өндіріледі. Өңірдің азықтүлік қауіпсіздігі жедел және жүйелі шаралар жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі. Жедел шаралар ретінде әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларын тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілеріне «айналым схемасы» бойынша қарыздар ұсыну тетіктері пайдаланылады.
2024 жылы тұрақтандыру қорынан 133,5 тонна күріш, 57,0 тонна қант, 63,3 тонна қарақұмық, 75,0 мың литр күнбағыс майы және 20 тонна картоп тауар интервенциясы жүргізілді. Алдағы маусымаралық кезеңде бағаны реттеу үшін жергілікті өндірушілермен 2 100 тонна картоп, 500 тоннадан сәбіз, қырыққабат және пиязға форвардтық шарттар жасалды. Кәсіпкерлік субъектілеріне маусымаралық кезеңде 1 072 тонна картоп, 199 тонна сәбіз, 198 тонна қырыққабат және 181 тонна пияз жеткізуге қарыздар берілді.
Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және олардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жергілікті өндірушілермен жасалған қарыз шарттары мен меморандумдар шеңберінде белгіленген төмендетілген бағамен азықтүлік тауарларын жеткізу ұйымдастырылды. Бұл – бірінші сортты әлеуметтік нан мен ұн, бірінші санатты жұмыртқа, тауық еті.
Жүйелі шаралар дейтініміз ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайту жолымен өндіріс көлемін арттыру, тозған жерлерді қалпына келтіру. Азықтүлік тауарларының негізгі түрлері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.
Алдағы жоспарлар
Осы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру көзделуде. Егістік алқаптары кеңейтіледі. Егістік жерлердің негізгі бөлігін дәнді дақылдар, картоп және көкөніс алқаптары құрайды. Мал шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің өсуі жоспарланып, ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы және құс санының артуы күтілуде. Агроөнеркәсіптік кешенге тартылатын инвестициялар көлемі ұлғайып, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, өнімдерді қайта өңдеу және қаржы құралдары бойынша бірқатар бағдарламалар іске асырылатын болады. Бұл жоспарлар ауыл шаруашылығының дамуын жеделдетуге және өнім көлемін арттыруға бағытталған.
Саят МУСИН,
Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы