Жаңалықтар

Аграрлы аймаққа айналу мүмкіндігіміз зор

Агроөнеркәсіптік  кешен Қарағанды облысының эко­номикасын дамытудағы маңызды бағыттарының бі­рі болып табылады. Оның үлесіне жалпы өңірлік өнім көлемінің 3,6 пайызы тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласының барлық қыз­меті тек өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сәйкесінше, біздің басты міндетіміз – өндіріс көлемін ұлғайту арқылы азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіру көлемі өсуінің оң серпіні сақталып, 468,6 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 114,6 млрд. теңгеге артық (2021 ж. – 354 млрд. теңге), нақты көлем индексі 101,8%, оның ішінде, мал шаруашылығы саласы бойынша – 230,8 млрд. теңгені, НКИ–101,3% (2021 ж. – 217,7 млрд. теңге, Ұлытау облысымен қосқанда НКИ – 103,7%), өсімдік шаруашылығы саласы бойынша – 237,4 млрд. теңгені, НКИ – 102,3% (2021 ж. –  191 млрд. теңге, НКИ – 99,5%) құрады.

Өсімдік шаруашылығы саласын дамыту аясында 2022 жылы жаздық егіс алқабы 48 мың гектарға ұлғайтылып, 1 млн. 62 мың гектарды құраса, дәнді дақылдар алқабы 22 мың гектарға ұлғайып, 932 мың гектарды құрады, оның ішінде бидай – 9 мың гектарға ұлғайды.

Сонымен қоса, картоп алқабы 357 гектарға ұлғайып, 11 507 гектарды құрады. Жаз айларындағы қолайсыз ауа райына қарамастан қарқынды технологияларды қолдану арқасында дәнді дақылдардың сапалы өнімі алынды. 886 мың тоннадан астам бастырылған жоғары сапалы астықтың 600 мың тоннадан астамы 1-ші және 2-ші сұрыпты бидайды құрап отыр.

Минералды тыңайтқыштарды қолданатын егіс алқаптары 100 мың гектарға ұлғайтылып, олардың үлес салмағы барлық егіс алқаптарының 30%-нан 42%-ына дейін ұлғайды (2021 жылы 286 мың гектардан 2022 жылы 385 мың гектарға дейін).

Ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары сапалы тұқымы себілген егіс алқабының да үлесі 92%-дан 94%-ға дейін ұлғайды (2021 жылы 866 мың гектардан 2022 жылы 897 мың гектарға дейін).

Ауыл шаруашылығы құры­лым­дарымен 363 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері (картоп – 297 мың тонна, көкөніс – 66 мың тонна) жиналды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30 мың тоннаға артық.

Картоп-көкөніс өнімдерін өндіру көлемінің артуына, суармалы жерлер алқабының 3,4 мың гектарға (26,3 мың гектарға дейін) ұлғаюы зор үлесін қосты. 

Облыс бойынша өндірілген өнімді сақтауға қажетті, жалпы сыйымдылығы 286 мың тоннаны құрайтын картоп-көкөніс қоймалары бар болса, оның сыйымдылығы 142 мың тоннаны құрайтын 35 қоймасы заманауи климаттық бақылау жабдықтарымен жабдықталған. Оның ішінде, жалпы сыйымдылығы 12,4 мың тоннаны құрайтын 3 картоп сақтау қоймасы 2022 жылы пайдалануға берілді.

Мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Мал шаруашылығы жануарларының саны және мал шаруашылығының өнім өндіру көлемі тұрақты өсуде. 

Жыл қорытындысы бойынша сүт өндіру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 3,2%-ға өсіп, 426,3 мың тоннаны (2021 жылы – 413,2 мың тонна), жұмыртқа 3,9%-ға өсіп, 652,3 млн. дананы құрады (2021 жылы – 627,6 млн. дана). Ет өндіру көрсеткіші 2021 жылғы деңгей көлемінде, 121,3 мың тоннаны құрап отыр (2021 жылы – 121,2 мың тонна).

Бұл көрсеткіш негізінен мал     басын, оның ішінде, ІҚМ басын – 4,3%-ға (477,8 мың бас), жылқы – 11,3%-ға (317 мың бас), қой-ешкі санын – 6%-ға (738,5 мың бас), құс санын 15,1%-ға (3602,9 мың бас) арттыру арқылы қамтамасыз етілді.

Мал басы мен олардың өнімділігін арттыру мақсатында жыл сайын мал азығы дақылдары алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 5 жылда мал азығы дақылдарының алқабы екі еседен астам көлемге (36,2 мың гектардан 79,2 мың гектарға дейін) ұлғайтылған. Бұл ауыспалы егісте мал азығы дақылдарының үлесінің артуына ықпал етті. Осы бағытта       жұмыс жалғасатын болады.

Төрт түлік мал басының қыстан қолайлы шығуын қамтамасыз ету үшін 2022 жылы облыс бойынша қажетті 1 млн. 750 мың тонна шөп және жеткілікті көлемде сүрлем мен жем дайындалды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басым бағыттардың бірі болып қала бермек.

Өткен жылы азық-түлік өндіру көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 20,5 млрд. теңгеге артып, 161,3 млрд. теңгені құрады (2021 ж. – 140,8 млрд. теңге).

Салада қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктеме деңгейін арттыру арқылы импортты алмастыру бойынша шараларды жүзеге асыру жұмыстарына басты назар аударылуда. Өндірілген өнім көлемін ұлғайту мақсатында май, сүт, макарон өнімдерін және ұн мен мал азығын өндіру кәсіпорындарын жаңғырту және жаңадан құру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жалпы, аталған шаралардың барлығы тұрғындардың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, экспорттық әлеуетті ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал ететін болады.

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту бағытындағы маңызды мәселелерінің бірі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын, оның ішінде, экспортқа шығарылатын, қайта өңделген өнімдер көлемін ұлғайту      болып табылады.

2022 жылы 159 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,6 мың тоннаға немесе 9,4%-ға артық. Оның ішінде экспортталған өңделген өнім көлемі, өткен жылғы деңгейден 16 мың тоннаға немесе 15%-ға артып, 124 мың тоннаны құрап отыр. Экспортталған өнім ішінде, астық ұны (74,6 мың тонна), маргарин (12,9 мың тонна), бидай мен меслин (11,2 мың тонна), макарон өнімдерінің (4,5 мың тонна) және жұмыртқаның (1,6 мың тонна ) үлес салмағы үлкен.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының агроөнеркәсіп кешені – инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер мен үлкен әлеуеттік маңызы бар сала. Өңіріміздің орналасқан жері – бизнесті жүргізуге қолайлы, инвесторлар құқығын қорғау және инвестиция тартуды ынталандыруға мүмкіндігі бар стратегиялық маңызды орта.

2022 жылы агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 30,3 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығына – 28,4 млрд. теңге және азық-түлік өндірісіне – 2 млрд. теңге.

Жалпы, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, ауыл экономикасын дамытудағы басты мәселелердің бірі болып табылады. 2022 жылы жалпы құны 19,4 млрд. теңгені құрайтын, 502 жұмыс орнын құрумен 31 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде, ірілері:

– «Майқұдық жұмыртқасы» ЖШС-нің 2,5 млрд. теңгені құрайтын, 40 жұмыс орны құрылатын «Майқұдық құс фабрикасы» ЖШС-нің өндірістік қызметін қалпына келтіру» жобасын;

– «Сарыбел – Нан» ЖШС-нің 2,1 млрд. теңге көлемін құрайтын, 100 жұмыс орнын құрумен «Сыйымдылығы 36 мың тонналық астық сақтау қоймасын салу» жобасын;

– «Нәтиже тәтті» ЖШС-нің 1,2 млрд. теңге сомасына, 35 жұмыс орнын құрумен қуаттылығы жылына 14 мың тонналық «Кондитерлік өнім өндіру зауытын құру» жобасы;

– «Баймырза Агро» ЖШС-нің жалпы сомасы 1 млрд. теңгені құрайтын 35 жұмыс орнын құрумен сыйымдылығы 3000 тонналық «Картоп сақтау қоймасын салу» және 350 га алқапта «Суармалы жерлерді қалпына келтіру» жобасы;

– «Жабяк В и К» ЖШС-нің 918 млн. теңге сомасына «Қуаттылығы 1,8 млн. текше метр суға арналған жасанды су қоймасын салу» жобасы;

– «Шерубай Су» ЖШС-нің, 600 млн. теңгені құрайтын, 10 жұмыс орнын құрумен сыйымдылығы 6600 тонналық «Картоп сақтау қоймасын салу» жобасын атап өтуге болады.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен үстіміздегі жылы өндірілетін құс еті көлемі қосымша 1 мың тоннаға, жұмыртқа – 145 млн. данаға, ет өнімдері 300 тоннаға ұлғаяды деп күтілуде.      Сонымен қатар, картоп-көкөніс және мал азығы дақылдарының өнім көлемі артады.

Ауыл шаруашылығы бизнесінің дамуын ынталандыру мақсатында субсидия және жеңілдетілген несие беру арқылы мемлекеттік қолдау      қарастырылған.

2022 жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 27,3 млрд. теңге субсидия төленді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,1 млрд. теңгеге артық (20,2 млрд. теңге).

Сонымен қоса, «Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы 1 мыңнан астам шаруашылық құрылымдарына 25 млрд. теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Бұл сома 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.

Президент өз Жолдауында азық-түлік нарығына баса назар аударды.

Жыл сайын күзгі ауыл шаруашылық жұмыстары аяқталғаннан соң ауыл еңбеккерлері алынған өнімді дәстүрлі күзгі жәрмеңкелерге шығарып, қала тұрғындарына қолжетімді төмендетілген бағамен ұсынады.

Жалпы, 2022 жылы сала бойынша даму көрсеткіштеріне қол жеткізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үйлесімді жұмысы, уақытылы көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары және агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылған инвестициялық жобалар өз ықпалын тигізді.

2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі мен оның сапасын арттыру арқылы азық-түлік   қауіпсіздігін нығайту бойынша жұмыс жалғастырылады.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жобасында белгіленген іс-шаралар жүзеге асырылады. Оның ішінде, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде биылғы жылы іске қосылатын Жамбыл облысының тәжірибесі бар. 

Аталған ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны жаппай жүзеге асыру мақсатында биылғы жылға облысымызға республикалық бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлініп отыр.

Қазіргі уақытта облыс өңірлерінде пилоттық ауылдық округтерді анықтау бойынша скрининг жүргізілуде.

Белгіленген кешенді шараларды орындауға облысымызда толық мүмкіндіктер бар. Ол үшін жер ресурстары, инновациялық технология, аграрлық ғылымның жетістіктерін және мемлекеттік қолдау шаралары  пайдаланылатын болады.

Асқар Санаубаров,

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

 

Басқа материалдар

Back to top button