АЭС: ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндік
Егер Орталық Азия елдері ядролық энергетика көзін кеңейтсе, ол аймаққа қалай әсер етеді? Ел экономикасы үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылмақ? Бүгін «Атом энергиясына деген жаһандық сұраныс және Орталық Азияның рөлі» тақырыбы өткен конференцияда сарапшылар осы тақырыпта сөз қозғады, деп хабарлайды Ortalyq.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдастығы» ЗТБ төрағасы Сергей Агафонов елімізде атом энергетика саласы Кеңес заманынан дамып келе жатқанын айтады. Ол Қазақстан энергетикалық тәуелділіктен құтылу үшін АЭС салу керек дейді.
– Қазақстанда атом энергетика саласы енді ғана қолға алынған сала емес. Біздің шағын атом қондырғыларымыз бар, оның үстіне атом технологияларын экспортқа шығаруды қолға алдық. Сондықтан енді ғана кірісіп, бастадық деуге мүлдем келмес. Ал, басты сұрақ – «АЭС бізге не үшін қажет?» деген сауалға келсек, оның бірнеше маңызды себептері бар. Біріншіден, елімізде жылдан жылға электр энергия тапшылығы артып келеді. Бұл тапшылықты жою үшін жылына шамамен 60 млрд теңге қаржы құртамыз. Мен мұны тапшылық емес, энергетикалық тәуелділік деп айтар едім. Меніңше, бұл цифр өте үлкен және энергия тапшылығының басталғанына тек екі жыл уақыт өтті. Сондықтан алдағы 5-10 жылды ойлауымыз керек. Ол кезде қазіргі жағдай сақталса, не болары белгісіз… Ал, отандық электр энергияны өндірушілердің бағасы 3 есе қымбат. Сол себепті АЭС салу арқылы, бірінші кезекте энергетикалық тәуелділікті құтылуымыз керек, – деді Сергей Агафонов.
Агафонов Қазақстанның жағдайын кәрі құрлық елдерімен салыстыруға келмейтінін айтты. Сарапшының сөзінше, Орта Азия аумағында электр энергия нарығы Еуроодақ сияқты бір ізге түспеген.
– Кейбір азаматтар үнемі АЭС-тен бас тартқан ел ретінде Германияны мысалға алады. Алайда бүгінгі таңда Германияны импортқа тәуелді елге айналды. Екіншіден, бізді ЕуроОдақтың құрамындағы елмен салыстыруға болмайды. Еуроодақтың елдері көп жыл экономикалық серіктес, бір бағытқа қарым-қатынас орнатқан. Олар бір-бірімен кез келген жағдайда электр энергияны арзан бағаға сатып ала алады. Оның үстіне Германияның маңайын АЭС-сі бар елдер қоршаған. Демек немістерде таңдау да бар деген сөз. Ал, Қазақстанның аймағында ондай ортақ нарық жоқ. Тек көрші елдерден қымбат бағаға сатып алып отырмыз. Мұны ескерсек, еліміз кез келген жағдайда электр энергиясыз қалуымыз мүмкін. Сондықтан АЭС ауадай керек деп санаймын, – деді «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдастығы» ЗТБ төрағасы.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.