Бас тақырып

АЭС: Қуат тапшылығына ұрынбас үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстанда атом электр станциясын салуды еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Оған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, экологтар, энергетика саласының, азаматтық сектордың өкілдері, кәсіпкерлер және Қарағанды өңірінің басқа да белсенді тұрғындары қатысып, атом энергетикасы туралы толығырақ түсінік алуға, өз пікірлерін білдіріп, мамандарға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.

Суретті тнсірген Ф.КИНЖИТАЕВ

Жария талқылауға энергетика, атом энергетикасы саласының мамандары, құзырлы мекемелердің өкілдері шақырылды. Еліміздің Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ядролық физика институтының мамандары қатысқанын айту керек.

Егер болашақта атом электр станциясы салынатын болса, атмосфераға зиянды шығарындылар көлемін жыл сайын шамамен 7-10 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдарды жария тыңдауда Қарағандыға арнайы келген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, сондай-ақ отандық ядролық физика институтының сарапшылары айтты.

Сарапшылардың айтуынша, электр энергиясын тұтынудың өсуін ескере отырып, Қазақстан елдің қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жаңа базалық қуаттарды іске қосуды қажет етеді. Қазіргі жағдайда қолданыстағы қуат көздері ескірген. Оны ауыстыру – ең перспективалы шешім. Одан бөлек, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық артықшылықтар бар. Бастысы – елде шикізат пен өндірістік база да жеткілікті.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Ерлан Батырбеков қазіргі заманғы реакторлар өте сенімді, олар белсенді және пассивті қайталанатын қауіпсіздік жүйелеріне ие екенін айтады.

– Оларды жасау кезінде радиацияның өндірістік алаңнан тыс шығуын қорғау принципі қолданылады. Мұндай тұжырымдама «Жобалау сатысындағы апатты жою» деп аталады. Ауыр төтенше жағдай ықтималдылығы 10 миллион жыл ішінде бір рет болуы мүмкін. Санитарлық-қорғау аймағы АЭС алаңымен шектеледі, – деді Ерлан Батырбеков.

Ал, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин атом электр станциясының ел дамуында мультипликативті әсер беретінін айтты. Атап айтқанда, оның құрылысы кезінде 8 мыңға дейін адам жұмылдырылады, ал пайдалану кезеңінде 2 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп объектілері мен қарапайым тұтынушылар кем дегенде 60 жыл бойы сенімді энергиямен қамтамасыз етіледі. Елдің инвестициялық тартымдылығы артады, ал бүкіл өмірлік цикл үшін салық түсімдері шамамен 2,5-3 млрд. долларды құрамақ.

– Отандық мамандар жұмыс істеп тұрған реакторлардың бірнеше түрін зерттеп, технологияларды әлеуетті жеткізушілер ретінде төрт компанияны таңдады. Олар ресейлік «Росатом», француздық EDF, қытайлық CNNC және корейлік CHNP, – дейді Тимур Жантикин.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мүрсәлімова атом реакторлары ұзақ жылдар бойы үзіліссіз жұмыс істей алатынын, бұл электр энергиясының тұрақты өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, жыл сайын энергия тұтыну өсуде. 2035 жылға қарай оған экономика мен ел халқының қосымша қажеттілігі 18 ГВт-тан астам жаңа генерацияны құрамақ.

Қазақстанда АЭС салу үшін әлеуетті алаң – Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен кенті. Бұл аймақ жерге жүргізілген зерттеулер негізінде таңдалған.

Жария талқылау барысында қарағандылықтар үшін ең маңыздысы – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және станцияның Балқаш көліне ықтимал әсері, сондай-ақ, АЭС пайдалану үшін білікті кадрларды даярлау мәселесі болды.

Гүлмира Мүрсәлімова құрылыстың Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік мамандарының мұқият бақылауымен өтетінін айтты.

Жария тыңдауларға қатысушылар АЭС құрылысының барлық ерекшеліктерін бағалауды жалғастыру керек деген пікірмен тарқасты. Алайда, түпкілікті шешімді қазақстандықтардың өздері қабылдайтынын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button