АЭС – технократтық дәуірге кірудің бастауы
Ядролық физикалық институтында Қазақстандағы жалғыз зерттеу реакторы бар. Онда 70 астам жоғары дәрежелі маман жұмыс істейді. Олардың арасында пульт басқаратын, ядролық реактордың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар бар. Сол себепті АЭС-те жұмыс істеуге дайын деуге болады. Институтта ядролық реакторда жұмыс істеу тәжірибесі қолға алынған. АЭС салынса институтымыз сараптама жүргізе алады. Келісімшартта көрсетілсе, институт базасында жаңа қондырғылар ашуға болады. Құбырлардың, болмаса ядролық реакторда қолданылатын бөлшектердің сапасын бақылауға қажет жаңа базаларды дамыта аламыз.
АЭС – таза электр энергиясының көзі. КСРО ыдырағалы тәуелсіз Қазақстанда мұндай ауқымды жоба жүзеге асырылмады. Технократтық дәуірге кірудің бастауы осы АЭС салу деп ойлаймын.
Қазақстанда 10 жылда атом саласы бойынша мамандар даярланды, бірақ көпшілігі басқа салаға кеткен. Түлектердің 30%-ы ғана ядролық физика саласында, ғылым мен өндірісте жұмыс істейді. Бұған, өкінішке қарай, мемлекетте толық базаның жоқтығы себеп. Институттар саны аз. Ядролық физика институтының өзінде 500 адам жұмыс істейді. АЭС салынса жұмыс орны көбейеді деп ойлаймын. Ал салатын компания біздің кадрларды өздерінде оқытып, біліктілігін арттыруға көмектеседі.
Қазіргі әлемде салынып жатқан реакторлардың сапасы мен санына қарасақ, ең тиімді компания – «Росатом». Ресей өте қымбат сұрап тұр, сол себепті экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Басқа мемлекет салса да жақсы станция болады деп ойлаймын.
Алмас ЫСҚАҚОВ,
нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері.