Жаңалықтар

АЭС керек! Бірақ…

Бойларын бір-біріне деген мейіріммен жылытып, қазанын қара қимен қайнатқан қазақ баласы атомға тосырқай қарайды. Заңдылық!

Сурет: asiaplustj.info

Иә, қазіргі қоғамның бойы мұздап тұр. Адамдарда мейірім сарқылған. Ешкімге жылу сыйлай алмаймыз. Қара қи жағып, қазан қайнатайық десек, қағаздағы есепке еніп, иесіне қыруар субсидия алып беріп жүрген Қамбар ата түлігі қорамызда жоқ. Амалсыз энергия көзіне жүгінеміз. Оның да шегі бар екен. Атом саласының мамандары «2030-2040 жылдары Әлем энергия тапшылығымен бетпе-бет келеді» деп дабыл қағуда. Енді не істемек керек? Амал жоқ, атом энергиясына жүгінеміз-ау…

АЭС құрылысын қолдайсыз ба?

Қоғамдық пікір қалыптастырушы ортаның өкілі болғандықтан ба, осы сұрақ маған жиі қойылады. Алғашында қасқайып тұрып: «Қарсымын!» деуші едім. Кейіннен райымнан қайттым.

Мектепте физика пәнін өте жақсы оқып, аудандық, облыстық олимпиадаларда алдыма қара салмай, республикалық білім бәйгесінде жүлдегер атанғаным бар. Радиоактивтілік пен атом құрылысы ілімінің негізін қалаған атом физикасының атасы Эрнест Резерфордтың атом ядросын түрлендіру туралы теориясын қайталай шолып шықтым. Резерфорд ілімін жалғастырушы ғалымдар атомды түрлендіру ісін терең зерттеп, сутегі ядросын оттегі ядросына айналдырған ағылшын физигі ойлап тапқан протон, нейтрондарды мүлде қауіпсіз қылатын жаңалық ашты ма екен деп алаңдадым. Сөйтіп, қазақстандық қоғам АЭС туралы қызу пікірталасқа кірген сәтте мен де атом энергетикасы туралы әдебиеттер мен ақпараттарды жастанып оқуға кірістім.

Сонымен, ғылыми тұжырым мен ақпараттар не дейді?

Мамандар атом электр станциялары арқылы электр энергиясын өндіру көмір және газдан қуат алатын жылу электр станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан екенін айтады. Әсіресе, жақын болашақта болжанып отырған энергетикалық дағдарыс кезінде қуат тапшылығы экономиканың барлық саласын құлдырауға алып келуі мүмкін. Өйткені, тұтас әлемді энергетикалық дағдарысқа алып келе жатқан факторлар – экономикалық өсім мен технологияның қарқынды дамуы.

Барлық сала технологиялық игілікке тәуелді болған сайын, электр энергиясын тұтыну көлемі артады. Сәйкесінше, шығын көбейеді. Өз салама қатысты бір ғана мысал келтірейін. Бұрын газет редакцияларындағы машбюрода 4-5 қана басу машинкасы болатын. Оның өзі – механикалық. Яғни, электр қуатын қажет етпейді. Қазір ше? Қызметкердің әрқайсысында – бір компьютер, бір принтер. Энергия тұтынуға деген бұл «тәбет» тапшылыққа ұрындырмай қоймайды. Ал, тапшылық жақсылыққа әкелмейді. Қайтадан майшамға қарап қалмас үшін бізге АЭС керек-ау деген ойға келе бастадым.

Бұл мәселеге кеше ғана өз Жолдауында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев ерекше тоқталып, АЭС құрылысы бойынша Жалпыұлттық референдум өткізу жөніндегі шешімін де жариялады. Таңдау халықтың талғам таразысында. Дегенмен, қоғамдық пікірдің қақ жарылып тұрғанын ескеріп, референдумда таңдау жасайтын халықты толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етуге тиіспіз. Олай болмаған жағдайда қоғамда «ақпараттық вакуум қалыптасып, қарапайым халық біржақты пікірдің жетегінде кетуі әбден ықтимал.

Ол ақпаратта не қамтылуы керек?

Ел арасында радиофобиялық көзқарас қалыптасқан. Қазақы тілмен айтқанда үрей, күдік, күмән… Осыларды сейілту үшін АЭСтің тиімділігі, энергетикалық тапшылық салдарынан күтілетін сан салалы дағдарыс туралы, заманауи атом реакторларының қауіпсіздік деңгейі жайындатолыққанды ақпараттар таратуымыз керек.Өкінішке орай, бізде «ақпараттық аштық» бел алып тұр. Сол себепті халықтың басым бөлігі АЭС құрылысына ашық қарсылық танытуда. Бәрінің айтатыны Чернобыль (1986 ж) мен Фукусима (2011 ж.) апаттары. Әрине, түсінуге тиіспіз. Жарты ғасырға жуық Семей сынақ алаңындағы жарылыстар зардабын қалай ұмытайық?! Ал, атом саласының мамандары қазіргі атом реакторларының қауіпсіздікке толық жауап бере алатын пассивті қорғаныс тетіктері бар екенін алға тартады.

Қалай болғанда да, біз АЭС қажеттілігін түсінуге тиіспіз. Олай болмаған жағдайда, біз уранның шикізат базасы күйінде қалып, электр қуатын Ресейден импорттап отыра береміз. Ал,Ресейдің баға мен электр қуатын өндіру көлемінің тұрақтылығына кім кепіл?

Аллаға шүкір, Қазақстан уранға өте бай ел. Біз уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында, ал уран қоры бойынша екінші орындамыз. Олай болса, Қазақстанда АЭС үшін шикізат тапшылығы болмайды. Оның үстіне уранның қуат өндіру тиімділігі де зор. Мысалы, 1 кг көмірден 7 кВт/сағ энергия өндірілсе, 1 кг газдың қуат көзі 14 кВт/сағатқа тең екен. Ал, 1 кг ураннан 620 000 кВт/сағ энергия алуға мүмкіндік бар. Мұның барлығы дәлелденген статистика. Яғни, энергия тиімділігі жағынан уран көмірге қарағанда 90 000 есе, газға қарағанда 45 000 есе қуат береді. Қарабайыр есепке жүгінсек, 1 кг уранның бағасы 65 долларға тең екен де, сол 1 кг уранның беретін энергиясын өндіру үшін 151 900 долларлық көмір жағу керек екен.

Ол аз десеңіз, әлем елдері дағдарыс құрсауында тұрған кезде Қазақстан энергетикалық дербестік таныта алмайтыны тағы бар. Ендеше, елімізді энергетикалық тәуелділіктен құтқаратын жалқы тәуекел АЭС.

Өз пікірімді дәлелдей түсу үшін тағы бір мысалға жүгінейін. Мысал емесау, түйткіл. Жасыл энергетиканың ең басты жақтасы Франция екені белгілі. Олардың өзі қазір жел мен күн энергиясы арқылы өндірілетін қуатқа сенімсіздік танытып отыр. Өйткені, кәрі құрлықтың күңгірт аспаны тәуліктің едәуір бөлігінде күн сәулесін бұлтпен көмкеріп, қуат өндіру былай тұрсын, бой жылытаршуаққа сараңдық танытады.

…Жасыратыны жоқ, біздің елдегі қуат көздерінің қауқарын соңғы екі жылдағы қытымыр қыс көрсетіп берді. ЖЭО мен ГРЭСтердің тозу деңгейі 70-75 пайызға кетіп қалғанын көзіміз көріп отыр. Тіпті, озық технологияға икемделіп алғанмемлекеттер жылу электр орталықтары үшін аса қажетті қосалқы бөлшектерді өндіруден бас тартқан. Қазір турбина мен қазандық дегендеріңіз Ресейдің үшақ зауытында өндіріледіміс. Сонда біз тозығы жеткен, көмекейінен көмір арылмайтын ЖЭО-ына турбина мен қазандықты қайдан аламыз?

АЭСтің біраз тиімділігін айтымау деймін. Енді күдігіміз жайлы берер сөз…

Бірде осы АЭС құрылысы жөнінде «Ғасыр адамы», қазақтың Ньютоны, марқұм Темірғали Көкетаев көкеммен пікірлестім. «Нағыз қарсы адам осы кісі шығар» деп ойлағанмын. Мүлде олай болмады. Ол кісі физик маман ретінде АЭС құрылысын қолдайтын болып шықты. Атом энергиясының тиімділігі жөнінде физиканың небір терминдерімен термелей жөнелгенде, өзім абдырап қалдым. «Салыну керек! Бірақ, кім салады, қай мемлекет салады? Мәселе осында» деді Ғасыр ғұламасы. Мен де ойланып қалдым.

Кейінірек бұл мәселе жайында кең отырып, салмақты сұхбат құруға уағдаласқан едік. Мен:«Еңбек демалысынан шығайын, Аға» дедім, ол кісі: «Мақұл, келістік» деген. Бірақ, Темірғали көкем жарығы жоқ, жылу қажет емес әлемге аттанып кете барды…

Мен «Қазақстанға АЭС салыну керек! Бірақ…»деп күбірлеп қоямын.

Иә, бізге АЭС керек!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button