АЭС бойынша референдум бюллетенінде қандай сауал болады?
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина бюллетенде бір ғана сұрақ болатынын нақтылады.

Оның айтуынша, онда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысымен келісесіз бе?» деген басты сауал қойылады. Қазақстандықтар үшін жауаптың екі нұсқасы қолжетімді болады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».
Бюллетендер екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде басылады. Олар учаскелік комиссияларға дауыс беруден кемінде үш күн бұрын және бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі.
– Офсеттік басып шығару, түс, қаріп және басқа элементтер сияқты қорғаудың полиграфиялық әдістерін көздейтін дауыс беру бюллетенінің қорғалу дәрежесі белгіленеді. Қорғау дәрежесі туралы қаулыға қосымшада «қызметтік пайдалануға арналған» деген белгі бар, – деп атап өтті С. Мұстафина.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА