Қадірменді қарттарға құрмет көрсетілді
Жылдағыдай еліміздегі Қарттар күні мерекесіне орай Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтіп, олардың құрметіне дастарқан жайылды.

Мерекеге жиналған жұрт Мәдениет үйінің фойесін жайнатып жіберген кент тұрғындарының бау-бақша өнімдерімен танысып, одан кейін көрермендер залында жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.
Концерт алдында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын ауданның ардақты қарияларын мерекемен құттықтап:
– Қарттар – біздің асыл қазынамыз. “Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең” дегендей, сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен еңбек жолдарыңыз бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Олар сіздердің ақылдарыңызды тыңдап, тәлім-тәрбиелеріңізді көріп, бағытын түзеп, жаңа өмірге қадам басады. Сондықтан дендеріңіз сау болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер! – деді.
Келесі кезекте сахнаға шыққан өнерпаздардың өнеріне зал толы көрермен сүйсіне қол соғып, қошеметтерін аямады. Концертті “Дәурен-ай” ардагерлер қоры “Сапқа тұр, майдангер!” әнімен бастап, Қазбек Талашев “Дорогие мой старики” әнімен жалғаса, “Ботақара баурайында” халықтық фольклорлық ансамблінің орындауында Тәттімбеттің “Сылқылдақ”, Әбдімомын Желдібаевтің “Ерке сылқым” күйлері қалықтады. “Балдәурен” балабақшасының бүлдіршіндері “Қамажай”, “Гүлдер” бишілер тобы “Шаттық”,”Асыл мұра” этно-фольклорлық дуэті “Буын” билерін мың бұрала билеп, “Маэстро” тобы “Земля в иллимюнаторе” әнін шырқап, халық әндерінен попурри жасады. Ал “Кәусар” дуэті айтқан “Табиғатым”, “Вся жизнь впереди” әндерін де көпшілік ықыласпен тыңдады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы