Жаңалықтар

Қадірі кемімес Кәкең

        Осыдан 40 күн бұрын, Шет ауданы абыз ақсақалдарының бірі, ардақты ұстаз, ғұмыры тағылымды қария, ақын, ел есінде «Кәкең» деген бір сөзбен қатталған – Кәріғұл Нұғыманұлы 92 жасында дүниеден озды. Педагогикалық еңбектің тарланы, соғыстың жалынын көрген, ары таза, рухани дүниесі кең сарай жан жайлы не білеміз?

Енді, осы жөнінде.

Тегі – тереңде

Кәкең – ел жадында «батыр адам» деп жатталған әрі сақталған Тоқатай бабамыздың жетінші ұрпағы.

Тоқатай – Кіші Жүз, Байұлы, Алшын ұрпағынан, ХVІІІ ғасырдың ортасында Түркістаннан Арқа жеріне – Қарқаралыға шамамен 12-14 жасар Бөкейді (ұлт көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың төртінші атасы) қазақ елінің ардақтысы Қазыбек би, атақты шекшек Нұралы билермен бірлесіп, қорған болып, қиын-қыстау заманда аман-есен алып келушілердің бірі.

Бұл пікір жақсыларға жармасудан емес, көп материалдарды сүзіп өткен ойдан туындап отыр. Атақты Ф.А.Щербина экспедициясының (1898-1903 ж.ж.) жазбалары, оны қазақшаға аударып, еңбегіне пайдаланған тарихшы Мәулен Жакиннің кітабындағы мәліметтер, Ә.Бөкейхановтың – 150, Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған мақалалардан, атап айтсақ, Тұңғышбай Мұқанның («Егемен Қазақстан», 15.04.2016 ж.), Аманжол Қошановтың («Егемен Қазақстан», 29.06.2016 ж.), Болатбек Мұхамедиевтің («Орталық Қазақстан», 06.08.2016 ж.), О.Абдрахмановтың  («Орталық Қазақстан», 16.08.2016 ж.), Қайрат Әбілдиновтің («Егемен Қазақстан», 27.09.2016 ж.), Берекет Кәрібаевтың («Аңыз адам», №23, 2011 ж.),т.б. авторлардың жазбаларынан екшеленді. Айта кету керек, авторлар бәрін бірдей тізбелемейді, тек тарихи қисынды салыстыру, дұрыс ой қорыту ғана ақиқатқа жеткізеді. Біздің тарих – әр жерде шашылып жатқан шынының сынықтары секілді, оларды жинау, құрап бүтіндеу – оңай шаруа емес.

Үзік-үзік ойлардан жауапты, жүгі ауыр пайымды қалай жасағаным ұзақ уақыт алатындықтан әрі негізгі тақырыптан ауытқып кетпеу үшін, қоя тұрайық. Айтарым: Тоқатай бабамыздың ғұмыры ел ардақтылары Қазыбек би және Әлихан Бөкейхановтың аталарымен тығыз байланысты – бұл мақтаныш сезімді оятатын нәрсе, рухани нәр.

Тоқатай бабаның алтыншы ұрпағы  Нұғыман – Кәкеңнің әкесі қадірлі, шаруақор, ел қамын ойлаған, оның ырзығын қалай молайтсам деп, пайдалы қаракетке барған жан.

Нұғыман ақсақал (біз үшін ақсақал, ол кезде жас та болар) ел-жерді сапарлап жүріп, оның ішінде, Өспенде, Спасскіде болып, жұрттың егіншілікпен айналысқанын, дән салып, ұнға кенеліп, өмірлерінің жақсарғанын көзі көреді әрі мұндай табысқа жету үшін соқаның керектігін түсінеді.

Бір табылса, Қараөткелден табылар дегенді естіп, ағайын-туысқаны Құлбаев Ақымжан екеуі жолға аттанады. Сапарлары оң болып, екеуі соқаны сатып алып, Қараөткелден Ақбауыр өңіріне әкеледі.

Сол заманда соқаны алып кету қандай маңызды, таңқаларлық іс болғанын тек ой-қиялмен ғана елестетуге болар.

Сонымен, Ақбауыр жерінде жер жыртылады, егін салынады, «бармақтай мес күрең», «ақ бүйрек қожа бидай» деген дән түрлерін алады.

Нұғыман әкеміз Жеке Жалдың (Ақбауырдың батыс жағындағы шағын тау атауы) солтүстік-батыс жағында тоған байлап, арықтар қазып, бес гектар жерді суаратындай құрылғы кешен жасайды. Кейіннен Ақбастау жеріндегі «Қайнар» өзені, «Көкей бейіті» тұсынан (Ақбауырдың солтүстік-шығыс жағында) он гектар жерді суаратын тоған байлайды. «Бойы аттың сауырынан келетін, лақтырған тымағың жерге түспейтіндей, бітік егін алып жүрдік» деп Нұғыман әкеміз баласы Кәріғұлға жыр ғып айтады екен.

Міне, ағайынды Нұғыман, Ақымжан әкелеріміз бастаған берекелі іс игілігін берді, ілкімді шаруа жалғасын тапты. Мен әкесі туралы мәліметтерді Кәкеңнің 1974 жылы жазып кеткен қолжазбасынан алдым.

Ал, Кәкеңнің анасы Бұланбекова Балжан да қадір-қасиеті зор, кісілермен қарым-қатынаста адамгершілігі мол, біреуге көмеккке келуге асығып тұратын абзал жан болған. Қолы өнерлі, ши тоқып, кигіз-алаша бастырып, өрнек салудың шебері атанған. Тағы бір қасиеті – емшілік дарыған. Басы ауырып, балтыры сыздағандар алдына барған. Жылы сөзді анамыз науқастарды шөппен, бұлаумен, сазбен, т.б. тәсілдермен емдеген.

Ақбауырдың 100 жылдығына байланысты материалдар жинап, үлкендерден «ауылымыздан алғашқы емшілер, дипломды дәрігерлер кім болды?» деп сұрағанымызда, Тұрсын, Алтынмұрат секілді ауыл ақсақалдары «Әрине, Балжан шешеміз» деп ойланбастан, айтқандары бар еді.

Иә, Кәкеңнің тегі – тереңде, тектілігі – қанында дейтініміз осындайдан.

Ұстаздардың ұстазы

Кәкең 1926 жылы Ақбауыр өңірінде дүниеге келіп, ауылдың жетіжылдық мектебін бітірді. Жастық шағы Отан соғысының алаулаған шағына тап келеді. Ер мұғалімдер соғысқа аттанған, ұстаздар тапшы. 16 жастағы Кәкең мұғалімдерді дайындайтын қысқа мерзімді курстан өтіп, ұстаздық жолға түседі. Осындай тәсілмен білімдерін жетілдіріп, сыныптас достары: болашақ академик Яхия Әубәкіров мектеп директорының міндетін атқарса, кейіннен ҰҚК-нің полковнигі болған Исақ Ахмедин де сабақ береді.

1944 жылы Кәріғұл Нұғыманұлы әскерге алынады. Румынияда, Баку қаласында 754-бронепойызда артиллерия оқтаушысы болады.

1948 жылы елге оралғаннан кейін, ұстаздық еңбегін жалғастырады. Қарағанды мұғалімдер институтын, кейіннен Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіреді.

1976 жылға дейінгі өмірі Ақбауыр сегізжылдық (аралас) мектебімен байланысты болды: мұғалім, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Сабақты түсіндіруі, беру әдісі, оқушылардан сұрау әрі білімін бағалау тәсілдері өзгеше болатын. Формулаларды жаттап алып, мүдірмей сайрағаның үшін «екілік» алып, есептің бір ғана амалын дұрыс шығарып, бір-ақ формуланың мәнін ашып бергенің үшін жоғары баға алуға болатын.

Сабақтан тыс уақыттарда есеп шығарып түсіндіруі, не болмаса, үйіне түн болсын, демалыс болсын, шақырып алып, шай бере отырып, әзілдей сөйлеп, кейде қажай отырып, математикалық әңгіме-дәріс оқуы – өз алдына бір әңгіме.

Әріптестері Бөкеев Нұрбек, Есімбеков Саламат, Тәпенов Махмет, Түсіпов Жұпар, Рақымбеков Мүбәш, Ыбыраев Қамен, Жадрин Қабыкен, Құлынбаев Әбдіман, т.б. ұстаздармен бірлесе отырып, оқу-тәрбие жұмысының пәрменді жүруіне игі ықпал етті.

Ақбауыр мектебін басқарған 1969-1976  жылдары – қабілетінің бір ашылған  жарқын көріністері болды. Пән мұғалімдерінің білімі, біліктілігі берген сабақтарына сай келді. бастауыш сыныптарға сабақ берушілер де сырттай оқып, жоғары білім ала бастады. Оқыту-материалдық техникалық базасының нығайтылу жағынан мектеп аудан бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады.

Бір ғана мысал: тарих пәні кабинетінде қағазды материалдарды (плакаттар, кестелер, карталар, тағы сол сияқты) айтпағанда, кинопроектор, магнитофон, фильмоскоп, эпидиаскоп секілді техникалық құралдар орнатылып, олар бағдарламаға сай тақырыптық киноленталармен, табақшалармен (пластинкалар), қажетті экранды таспа белгілерімен қамтамасыз етілді.

Гуманитарлық пән кабинетінің жабдықталуы осылай болғанда, физика-математика, химия-биология кабинеттерінің қандай жағдайда болғанына ой жүгіртіп көріңіз. Әр мұғалімнің техникалық құралдары меңгеруіне жағдай жасалды, оқытудың кабинеттік жүйесі қатаң сақталды.

Оқытудың озық тәжірибесін енгізу, сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралардың қызықты өтуі, кейде пікірталас орын алатын педкеңестер  – бәрі күн тәртібінен түспейтін. Еңбек пәнін оқытуға ерекше көңіл бөлінді: сабақ кабинетте емес, үш-төрт бөлмеден тұратын жеке ғимаратта өткізілді. Бір бөлмесінде ғана мұражай орналасты, ал, бірінде қыз балалардың бейіміне лайықталған оқыту жабдықтары, қалған бөлмелері оқу шеберханаларына айналдырылды: керектің бәрі бар – ағаш шебері, темір шебері үшін де. Құдды, совхоздың токарлық және слесарлық шеберханалары көшіп келгендей, әсер алатынбыз.

Спорт алаңы жабдықталды: тақтайларды тіліп, сүргілеу, темірлерді жонып, дәнекерлеу, орнату, бар жұмыс мектептің өз күшімен іске асырылды. Ешкімге жалыну жоқ – бәрі шеберханада бар.

Мәскеуден қуыршақ театрының толық комплектілі киімдерін, қуыршақтың түрлерін пошта арқылы алғызып, драмалық үйірме ұйымдастырып, қазақ, орыс, әлем халықтары ертегілері негізінде шағын қойылымдар қойғызғаны көптің есінде.

Кәкең шәкірттерін мақтан тұтатын, олар да ұстазы алдында ұялмайтындай болып, еңбек етті.

Ғалымдар: Нұрбеков Аманжол, Түсіпова Назым, Рақымбеков Қыдырбай; партия, кеңес қызметкерлері: Жасұлан Есмағанбетов, Рахмания Жұматаев; өндіріс-шаруашылық басшылары: Адалбек Байсарин, Аманкелді Шәріпов, Мейрам Түсіпов, Төкіш Ахмедин, Серікбай Қабдоллин, Болат Хасенов; мәдениет қайраткері Гүлшара Ахметова; ауыл шаруашылығы саласының орденді, марапатты майталмандары: Тұрсын Бекбергенов, Марат Шахаев, Көпей Тікішев, Нығмет Ахметов, ағайынды Бәйленовтер, Аман Сақанов, Шәкір Ахметов, Алдаберген Секербаев, Алтынмұрат Балғожин, Төлеуғали Егеубаев, Сансызбай Төлегенов, тағы басқалары – Кәкеңнің тәрбиесін көргендер.

Кәкеңнің шәкірттері ағарту саласында да көзге түсті. Кәкең мектебі – мектеп басшыларын дайындаудың ұстаханасы болды: кезінде Ақшоқы орта мектебін – Рымтай Әбенова, Сайран Маханов; Ақбауыр мектебін – М.Түсіпов, С.Маханов, Қамбарбаева Торғын; Талды мектебін – Танас Қасымұлы, Нұраталды мектебін – Кәкеңнің өзі; аудан орталығындағы М.Горький мектебін, оқу бөлімін – осы жолдардың авторы басқарды. Бәрі де Кәкеңнің рухани, «тоқпағы» арқасында жетілгендер.

Кәкең – ұстаздар әулетінің негізін салушы: жарты ғасырға (47 жыл) жуық еңбек еткен абыз ұстаздың педагогикалық жолын бауыры – Танас (еңбек өтілі – 42 жыл), қарындасы – Зүбән (40 жыл), балалары – Зәбен (42 жыл), Зафура (40 жыл), Лаура (35 жыл), Манас (20 жыл), Элеонора (20 жыл) – бәрі физик-математиктер. Лаура ғана химбиолог. Сонда Нұғымановтардың педагогикалық өтілі – 286 жылды құрайды, оған немерелерін (20 жылдан), келіні Жамал Ыбраһимқызын (40 жылдай) қосыңыз, үш жарым ғасырға жуықтайды. Міне, ұстаздар әулеті – осындай.

Кәкең 1976 жылы Нұраталды орта мектебіне директор болып ауысты. Аудан бойынша ауыр да күрделі мектеп еді. Сыныптар комплектісі (саны 650-700) бойынша – бірінші орында, оқушылар саны бойынша екінші орында тұратын. Елу-алпыс балалар жатып оқитын интернаты, оның меңгерушісі, тәрбиешілері, басқа да көмекші қызметкерлері болды. Күрделілігі мен сыныптар санының көп (27-30) болуы мектеп ғимаратының типтік үлгідегі еместігінде еді әрі барлық бөлімшелерден (Қызылқойдан басқасы) бастауышты бітіре салып, совхоз орталығына ағылуы еді. Көптеген мәселелерді шешті, мектептің оқу-материалдық базасын нығайтты, талапты күшейтті. Жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесін көтере бастады.

Осы жерде Кәкеңнің Нұраталды жеріне байланысты ғұмырын толыққанды білмегендіктен, қаламымды тоқтатамын.

Білетінім: Кәкең қасиетті Нұраталды жерінде 42 жылға жуық өмір сүрді, бұл – аз уақыт емес. Осы мекенде кенжелері дүниеге келді, елу шақты немере-шөберелерді сүйді. Берекелі, өзара сыйластыққа толы ғұмыр кешті, дүниеден озды, халқы үлкен құрметпен шығарып салды.

Мүмкін, шәкірттеріне Кәкең туралы сырды жалғастыратын біреу табылып қалар. Енді, Кәкеңнің басқа қырларына тоқталайық.

Жан-жақты талант иесі

Кәкең жас кезінен өмірге, табиғатқа іңкәр әрі оның әсем көріністеріне құштар болды.

40-жылдары шалғайдағы ауылда тұрып, қолына фотоаппаратын алып, иығына-дүрбі, мойнына – мылтық асынып, мотоциклді көлік қылып, тау-тасты аралап, табиғат тамашаларын суретке түсіріп, асыл тастарды жинауы; аң аулап, құс атып, иен даланы кезуі; қақаған аязда жалаңбас, шашын желбіретіп, ақсұр жүзі алауланып, шаңғымен тау жоталарымен сырғанап, сай-саланы шарлауы бір күштің әкетіп бара жатқанын білдірмей ме?

Ауыл баласы түгілі, қала баласы осындай шеруге бара алды ма екен?

Жан-жақтылығы іс-әрекеттерінде көрініс тапты.

Сурет салды: 42 жылы «Құрама» (Ақбауырдан 2-3 шақырым, шығысында) мектебінің қабырғаларына майлы бояумен салған суреттері мен жазбалары ондаған жылдар бойы өшпей, ғимараттың ескіріп, бұзылып қалуымен бірге, ішіне сырын жасырған адамдай, қоса кетті.

Мүсіншілігі де болды. Бірде тасты қашап, бедерлеп, ұнатқан бейнелерін жасаса, бірде өзінің: «Тауып алған бір ағаштың қос бұтақты тамыры, Сұлулықты сүйген жанның бар ғой мүсін жасауы» деп жырлағанындай, жасаған мүсіні – хас сұлудың бейнесі жеңгеміздің негізсіз емес әзілді қызғанышын туғызып, «мынауың кім, менен басқа сүйгенің бар ма еді» деп айтқызғаны да бар.

Ата-анасынан дарыған ісмерлігін дамыта түсті, атарба, атшана жасау, техниканың тілін біліп, ұршықтай айналдыру, ауылдастарына септігін тигізу – бәрі қолынан келді.

Қара жұмыстан да қашпады, ығын, жөнін білетін шебердің нағыз өзі еді. Ақбауыр басына әр жылдары өзінің күшімен үш рет баспана көтерді. Кейінгі салған екі үйін көзіміз көрді: бірін – 1952-1953, соңғысын – 1959-1960 жылдары. Соңғы үйі көрнекті, еңселі болды: шатырланды, іргетасы биік болып, кірер есік алды сәкіленді.

Осыдан біраз жыл бұрын қадірлі ағамыз Терлібай Әкімжанов бір әңгімесінде: «1961 жылы болуы керек. Ақбауырға аупарткомның бірінші хатшысы Мәлік Имашев келді, еріп жүрдім. Аралап жүріп, көзі Кәріғұлдың үйіне түсіп, «мына бір тамаша үй кімдікі?» деп сұрады. Жауап бердім. Хатшы сонда «Шебер, талғамы жоғары адам екен» деп айтты» деп, еске алғаны бар.

Ол ол ма, 1960-1970 жылдары желдің энергиясын пайдаланып, үйінің бір бөлмесін жарықпен қамтамасыз еткені бар. Ұшақтың қалақшаларын (лопасти) үйдің шатырының биік төбесіне орнатып, генератор арқылы тоққа айналдырып, мәшиненің 12 вольттік шамын алып, жалғап. жарық өндіргені бар. Міне, заманның алдында жүрді дегені осы болар.

Кәкең – беделді, абыройлы болды. Заманының қоғам белсендісі ретінде көзге түсті. Ол кісінің мысы басқаларды дәрежесіне қаратпай, басып тұратын. «Кәкең сөз сөйлепті», «Кәкең шындықты айтыпты», «Кәкеңнің айтқаны болыпты» деген сөздерді бала кезімізде жиі еститінбіз. Партия ұйымының қоғамдық негіздегі орынбасары ретінде идеология, үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысты. «Адам ата-анасынан гөрі, заманына көбірек ұқсайды» деген тәмсілді ескерсек, Кәкең заманының перзенті болды, адал қызмет етті.

Дарынды адамның өмір жолына үңіле отырып, өзіңе сұрақ қоясың: «осындай талантты кісінің өмірі бір-екі ауылдың аясында қалайша қалып қойды екен?» деп.

Елін-жерін сүйіп, қимағандықтан ба, жоқ, көтермеленбей, еленбей, қажетті орбитаға шыға алмай қалғандығында ма?!

Дәл басып айту қиын. Дегенмен, Кәкең тағы бір басқа қырынан көрініп, өлмес мұра қалдырды.

Өлмес мұрасы – өлеңдері

Өмір-керуен көшіп жатты. Өмір-өзен ағып жатты. Бәрі – баз қалпы, ұлы жол – ұлы серуен. Жолдар өзгерген секілді. Бірнеше ғасырлы қара жолдар тас жол мен теңіз жолдарына айналған, тіптен, әуе жолы, ғарыш жолдары да пайда болыпты.

Көне тарихтың куәлары – желмаялар мен тұлпарларымды темір және оттан жаралған «кемелер» алмастырыпты.

Жолаушылар да өзгерген, жастары қартайған, қариялары жолдың шетіне қарай ығысқан, жоғары қарайды – шыбын жанының көк аспанға ұшарын сезеді, төмен қарайды – тәнін жер-ана құшағына аларын біледі.

Арттарына қарайды – өткен өмір, кешкен ғұмыр.

Сол өмір атты өзеннің жағасында Кәкең де тұрды. Жетпістің желкесінде отырған шағы. Өткен өміріне зер салды, үңілген сайын көңіл суи түсті: аттай тулап, ауыздық салғызбас жастық шағы өтіп кетіпті, туындым деп жүрген салған суреттері мен жасаған мүсіндері әр жерде қалды, өз қолымен көтерген үйлерінің орны да жоқ, инженерлік ойлары, қолдау болмағандықтан, іске аспады.

Дәтке қуаты – шәкірттері, жоқ, олар да қартаяр…

Ойы – шерге, шері айықпас дертке айналатын түрі бар. Амалын тапты –  ішіндегіні сыртқа шығару керек. Ақ қағазды алып, шимайлай бастады. О, ғажап, өлең жолдары пайда бола бастады. Торқалы тойда, топырақты өлімде оқи бастады. Әрине, басым көпшілігі жазу үстелінде, келе-келе жазғандары рубайлар ырғағына түсіп, шығармашылық қалпы қалыптаса бастады. Қаламын рухани құрал ретінде жиырма жылдан астам уақыт пайдаланып, артына «Тағылымнама» деген атаумен алты бөлімді – томды өлеңдер жинағын қалдырды, қолжазба күйінде қалғандары да жетерлік. ҰОС-ның 70 жылдығына арнап, «Аманат» кітабын шығарды.

Поэзиясының тақырыптары ауқымды: адам және қоғам, тіл, дін және діл, ел-жер және табиғат, ғаделет пен зұлымдық, тағы басқалары жайлы.

Ана тілінің қадірін білуге шақырады. «Тіл-ділмен ұлт өседі. Тіл өшсе, ұлт та өшеді. Мәселесін елдіктің, Тіл тағдыры шешеді» деп тастаса, «Жан, қаның – екі нәрсе тілектегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі, Елдігін, халықтығын паш ететін, Қос шектей күмбірлеген тиектегі» деп ойлы пайым жасайды.

Адам бойындағы кемшіліктерді сынайды. «Қазақтың соры – салғырттық, білімсіздік – аңғырттық. Өзара ұжым бірліксіз, Сан рет жауға алдырттық» деген өлең жолдарында елді ынтымаққа шақырғаны көрініп тұрса, «Оқшаулансаң – азарсың, Өзіңді-өзің қамарсың, Барың-жоғың өмірде, Белгісіз болып қаларсың» деп, көппен бірге болуды меңзейді.

Өлеңдері ой салады. «Тағдырың аңсарыңа бағынбайды, Сен – қаңбақ, ол – жел боп арындайды. Балалық бал дәурен өткен жерін, Қазақтың қай баласы сағынбайды» деген жолдарының бір ұшында тағдыр мәні жатса, екінші ұшында – туған жерге деген сағыныш үні естіледі.

Кейбір өлең жолдары ащы әзілді-оспақты келіп, әр заманға лайықты икемделген «пысықтардың ерлігін» әжуалайды: «Дарға асуға мысықты, Тышқандар қаулы алыпты. Орындауға келгенде, Таба алмапты пысықты, Құйрықтарын қысыпты, Қаулы адыра қалыпты».

Өлеңдерін оқи отырып, өсиетнама ілімін көресіз. «Біліммен сөз байласпай, Еңбекпен біте қайнаспай, Сенімге ие болмассың», не болмаса, «Жақының алыс болар, көңілі қалса, Алысың жақын болар, көңілі толса, Ауырды көтерерсің – басқа салса, Асауда үйретерсің – ақыл болса» жолдары жас ұрпаққа аманат секілді естіледі.

Біз жақсылықты айтамыз, бірақ, адам баласының біразына тән нәрсе – ақынның айтқанындай – салғырттық, немқұрайдылық.

«Шәкірттерім, менен тағылым

аларсың,

Жастық шақта, оза лаулап,

жанарсың.

Бүгін-ертең сұрарыңды сұрап қал,

Бүрсікүні – мені таппай қаларсың».

Иә, Кәкеңнің «бүрсікүіні» – кешегі өтіп кеткен келмес күн. Сұрағанымыздан –  сұрамағанымыз, білгенімізден – білмегеніміз көп. Мәңгі сұрақ, мәңгі өкініш…

Кәкеңнің өлеңдер жинағы – жатқан бір дүние. Әдебиетші, сыншы болмағандықтан, поэзиясының, ішкі құрылымына, көркемдік дәрежесіне, рифмдері мен буындарына тоқталуды жөн көрмедім. Көп томдықтан алынған үзінділермен шектелдім, оны зерттеу, зерделеу – бәлки, шәкірттерінің еншісінде болып қалар.

***

Өмірі тағылымды адам өмірден өтті. Көп ауырмады. Жыладық, жоқтадық. Біраз отырғаннан кейін Кәкеңнің басы-қасында болған балаларының бірі – Аяжан жаныма келіп, «папам сізді және Торғынды бірнеше рет есіне алды» деді. Жүрек сыздап кетті. Торғын – немерелес қарындасы, ақбауырлық, көп игілікті іс-шараларды ұйымдастырушылардың бірі.

Мені неге есіне алды екен, не айтқысы келді,  не сыр төккісі келді? Жеті жыл қолында тәрбиеленген, он бір жыл – бір мектепте, отыз жыл бір салада еңбек еткен бауырына айтар ақыл-кеңесі, сыры болды ма? Белгісіз, ол сырды өзімен қоса ала кетті. Ал, менің Кәкең Ақбауыр белесіндегі өмірі  туралы жүрегімнен шыққан азды-көпті жырым да, сырым да – осы шағын естелік.

Жаның – жәннатта, рухың шаттықта болғай, рухани ұстазым, Кәке!

Марат Түсіпов,

50-жылдардағы шәкірті.

Р.S. Енді, Кәкеңнің екінші өмірі басталды. Есімін ел есінде қалдыруды ойлау қажет. Мезгілі жеткенде, сәті келгенде, халқының ұсыныс-тілегі болып, билік қолдап жатса, Ақбауыр негізгі мектебіне Кәкеңнің атын беру – кемел ұстазды құрметтеудің бір жолы болар еді. Тарихы бай, қасиетті Нұраталды ауылы да Кәкеңді есте қалдырудың жолын қарастырарына үміттіміз.

Басқа материалдар

Back to top button