Қадірі қашқан қой жүні
Қой өсіру – берекелі іс. Ал, өнімі – көлкөсір аша тұяқтының жүнін қалай кәдеге жаратып жатырмыз? Арқада Шопан ата түлігі мыңдап саналғанымен, жүн мен терінің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ…
Қой шаруашылығында еті мен терісінен бөлек айрықша маңызға ие өнім – жүні. Қазақ халқы тұрмыс-тіршілігінде қойдың жүнін барынша қолданды. Түрлі тұрмыстық бұйымдар жасады. Жүннен киіз басып, шұлық тоқып, пима жасап, кәдеге жаратты. Бүгінде жүн түтіп, ұршық иіру, текемет басып, сырмақ сыру ескінің сарқыншағына айналды.
«Облыс аумағында жүн өңдейтін шаруашылық жоқ. Шетелдік инвес- торларды тарту бойынша мемлекет тарапынан ұсыныс болғанмен, бірақ ынта білдіргендер болмады». Бұл – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі. Қара қойдың жүні қотанда шіруде.
Қойдың жүні жыл мезгілі мен талшығының сапасына байланысты жабағы, күзем, қозы, өлі, шет-пұшпақ, биязы және жартылай биязы болып бөлінеді. Жүнге жарығанымызбен, жарата алмай отырған жайымыз бар. Жабағы жүннен шидем шапан тігіп, киіз байпақ басып, шәркей, шәлі тоқып, қалың көрпе тігу өткеннің еншісінде қалды. Елімізден сырт асып, өзімізге импорт болып келіп жатқан түріктің тоны мен қытайдың күртешесін қымбатқа сатып алып мәз боламыз. Фетрдан қамзол киіп, төсеніш жасаймыз. Қазақтың тұрмыстық қажетін толық өтеген табиғи өнімді өңдеу ісіне ден қоймай, аймағымызда тоқыма өнеркәсібін дамыту мүмкін емес. Жеңіл өнеркәсіп деп «жеңіл» қарау мыңдаған тонна қой жүнінің керексіз болып қалуына әкелді.
– Көп жыл қой шаруашылығымен айналыстық. Қазақтың қылшық жүнді қойын 3 мың басқа дейін өсірдік. Алматының зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жасап, асылтұқымды қой шаруашылығын жүргіздік. Қой – өсімтал түлік. Тек еңбек ететін адам болса болғаны. Шопан табу өте қиын. Сол себепті қой санын азайттық. Қойдың жүні мен терісі құнсызданып қалды. Жүн мен тері қабылдайтындарға орынды босату үшін салып жіберіп отырдық. Кейін бәрі далада қалды. Бүгінде ірі қара басын арттыруға ден қойдық. Ангус өсіріп отырған жайымыз бар, – дейді «Балқантау» шаруа қожалығының басшысы Мәниза Құттина.
«Жесе – тамақ, кисе – киім» деп қадір тұтқан Шопан ата түлігінің қадірін кетірмей, отандық өнімге деген құнымен пара-пар қой терісі мен былғары тондарға кеткен қомақты қаражат желге ұшқанмен бірдей.
Ұшқан түтінді де ысырап етпей, қажетіне жаратып жатқан қытай өнеркәсібінің қазақ өнекәсібінен несі артық?! Бір жылдары жүзеге асқан «Алтын асық» бағдарламасы елімізде қой шаруашылығының дамуына оң ықпалын тигізді. Сәйкесінше, аша тұяқтының саны артты. Алайда, жүні мен терісі сол күйінде кәдеге жарамай жатты. Тек, Семей мен Алматыдан келген алыпсатарлар келісі 100 теңгеге де жетпейтін мөлшерде ғана саудалады. Оның өзі де тек асылтұқымды меринос қойлардың жүнін ғана қабылдады. Қабылданған бағдарлама тек ет экспортын ұлғайтуға ғана бағытталған болып шықты. Ал, бүгінгі «Сыбаға» бағдарламасы арқылы төрт түлікке берілетін жеңілдіктерден тағы да жүн мен тері тыс қалып отыр. Асыл тұқымды саулық пен қошқар сатып алуға берілетін 15-150 мың (әр басына) теңге көлеміндегі субсидия жыртыққа жамау емес. Егер, мемлекет қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаға өзгерістер енгізіп, жүні мен терісін пайдаға жаратуда басты назарға алмаса, алдағы уақытта қой шаруашылықтарының саны кеміп кетуі әбден мүмкін.
«Қара қой, қара қи, қара жүн қазақты мәңгі асырайды» деген тәмсіл де ұмыт қалып барады. Қазір жүн мен қи қала түгілі, ауыл қазағының тұрмыс-тіршілігінен шеттеп қалды. Қазақтың арқасына сыз, бойына аптап дарытпай келген жүн және одан жасалған киізді керексіз қылып, жұртта тастауға әлі ерте. Кезінде Кеңес әскерінің шинелі мен тоны, пимасы мен тұлыбы Қазақстан қойының жүні мен терісінен тігілген. Бүгінде біз мұны қаперге алмасақ та, киіздің ыстық пен суық өткізбейтін таза экологиялық қасиеті жоғары екендігін қытай мен түріктің бит терісінен биялай тігетін бизнесмендері жақсы біледі. Алысқа бармай-ақ, Қарағанды металлургтерін домна пешінен шыққан 1000 градустық жалынынан тек жүннен жасалған киіз қалпақ пен киіз қолғап, киіз күрте ғана қорғайтынын көріп жүрміз.
Облыста жер жетеді, жайылым да, шабындық та бар. Яғни, сапалы жүнді қой тұқымын өсіріп, тоқыма мата өндірісін жолға қоюға, сол арқылы мол табыс табуға мүмкіндіктің бәрі бар. Тек, осы бір ақсап қалған саланы көтеруге жүйелі жоспар, қомақты қаржы, жеткілікті көңіл бөлінсе, кезінде дүрілдеп тұрған, бүгінде тоқырап қалған саланы дамытуға мүмкіндік туар еді.
Сағыныш ӘБІЛ.