Қадір түнінде бас мешітке 4 мыңнан астам жамағат жиналды
Кеше, мың айдан да қайырлы болған Қадір түнін қарсы алу үшін тұрғындар ауызашардан кейін қаладағы мешіттерге ағыла бастады.
«Әнет баба» мешітіне қасиетті түнде 4 мыңнан астам адам жиналды. 600 адамға ауызашар, 2000 адамға сәресі берілді. Облыстың барлық мешітінде ауызашарлар ораза айы басталғалы тұрақты түрде беріліп келеді. Ауызашар барысында жамағатқа Қадір түнінің маңызы, дұғаның қабыл болуы, кешірім мен мейірім, ауызбіршілік пен ізгі амалды жүзеге асыру жөнінде тағылымды уағыз айтылды. Сауапты іске жергілікті кәсіпкерлер мен мешіт жамағаты атсалысып, берекелі дастархан жайылуына үлес қосқан. Сондай-ақ, Құран оқылып, ел амандығы мен берекесі үшін дұғалар жасалды.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен, Рамазан айы бойы қарилар жамағатпен бірге, Құран хатым оқып, әр түн сайын тарауық намазын өткізді. Қасиетті Қадір түнінде облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы хатымның дұғасын жасады.
– Баршаңызды ең әуелі 12 айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айымен және мың айдан да қайырлы болған Қадір түнімен құттықтаймын. Мешіттеріміз лық толы. Жылдан жылға Қадір түнін қарсы алушылардың, дұға етушілердің саны артып келеді. Облысымыз бойынша 70 мыңнан астам адам Қадір түнін қарсы алады, – деді бас имам Естай Әбдіғали.
Сондай-ақ, облыстық өкілдік биылғы Мүфтияттың 35 жылдығына орай жыл бойы 35 мың адамға (негізі азық-түлік) көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Рамазан айында «Рамазан сыйы» жобасы жүзеге асып жатыр. Көмекке мұқтаж жандарға қаржылай көмек, киім-кешек, азық-түлік үлестірілуде. Оразада дін қызметкеріне бір пәтер берілді. Қарағанды қаласының мешіттерінде «Тегін такси» жобасы жүзеге асуда.
Айта кетейік, аймақта Айт намазы 30 наурыз күні таңғы сағат 7:00-де оқылады. Ол күні облыстық «Әнет баба» мешітінде ұлттық спорт ойындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz