Қарағандылықтар Қадір түнін үйде қарсы алады
Қарағанды облысының тұрғындары мамырдың 19-нан 20-на қараған түні мешіттерде Қадір түнін қарсы алуына бола ма? Бұл сұраққа облыстың бас имамы Өмірзақ Бекқожа жауап берді.
Ұжымдық намаз – тарауық және айт-намазын әзірге мешіттерде оқуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, мұсылмандарға Қадір түнін үйлерінде қарсы алу ұсынылып отыр.
– Биылғы жылы мешіттерде карантинге байланысты көптеген шектеулер бар. Мұның бәрі коронавирустың алдын алуға байланысты. Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Бас санитарлық дәрігерінің мешіттерде жалпы алаңның 30%-ын пайдалануға болатыны туралы қаулысы шықты. Бірақ бұл әр өңірдің қалауы бойынша. Нақты аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы облыстардың бас санитарлық дәрігерлері шешім шығарады.
Бізде Бұқар жырау ауданында ауырғандар саны өсуде. Және де біздің облыстың мешіттерінде бұрынғы шектеулер әлі де қалуда. Бұл дегеніміз, ұжымдық дұға, тарауық, айт намаздары және Қадір түні уақытша өткізілмейді.
19-20 мамыр аралығында Қадір түні өтеді. Әдетте бұл түнді біз бәріміз бірге мешітте қарсы алатынбыз. 15 мамырда еліміздің бас мүфтиі Қадір түнін үйде қарсы алуды ұсынды. Осы түні имамдар Ризабек Батталұлы, Ердос Қуандықұлы, Айбек Омар және т. б. біздің ютуб-арнада және Ihsan.kz сайтында таңертеңге дейін уағыздар жүргізеді. Олар жамағатпен онлайн режимде кездесіп, Құран оқиды. Әрбір адам өз дұғасын жеткізе алады, – деді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.