Аделинаның алтыны
Жерлесіміз Аделина Земс Ташкентте өткен халықаралық «Silk Road to Tokyo» WA Continental Tour Bronze турнирінде 400 метрге кедергілермен жүгіруден алтын медаль жеңіп, еліміздің көк байрағын желбіретті. Бұл додада еншілеген алтын – оның халықаралық деңгейдегі ірі жеңістерінің бірі болып, қазақ спортшыларының қайратын тағы да айқын дәлелдеді.

Аталған турнирге Азия мен Еуропаның 20-дан астам елінен жүзден аса дүлдүлдер қатысып, жоғары деңгейде бақ сынады. Бұл жарыс – әлем чемпионатына рейтингтік ұпай беретін аса маңызды сындардың бірі. Сондықтан, Аделинаның жеңісі оның жеке спорттық мансабына ғана емес, Қазақстан жеңіл атлетикасының абыройына қосылған зор үлес болды.
Жалпы, жарыста Қазақстан спортшыларының қоржынына екі алтын, төрт күміс және екі қола медаль түсті. Бұл нәтиже – ұлттық құраманың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.
Аделинаның жеңісі жас спортшыларға шабыт беріп, еліміздегі жеңіл атлетиканың дамуына серпін қоса түсері сөзсіз. Оның табысы – тек жеке жетістік емес, аймағымыздың ортақ жеңісі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»