«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»
Биылғы жылды еліміз күрделі ахуалмен бастады. Әуелде бейбіт шерумен басталған оқиға қанды қырғынға ұласып кете барды. Кім кінәлі, мұның астарында не жатқанын білмей дал болған халықтың ойы да екіге бөлінді. Түрлі пікірлер айтылды. Оқиғаға қатысы барлар тұтқындалды. Қисынға салар болсақ, «кінәлі ме, жазасын алуы керек» деу де дұрыс шығар. Бірақ, алаңға шыққанның бәрі саналы түрде әрекет етті ме әлде дүрмек жетегінде кетті ме? Қандай қадамға барғанын сезді ме? Мәселе осында еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысып, істі болғандарға қатысты «Рақымшылық жасау» туралы заңға қол қойды. Бұл «Әділетті Қазақстан» жолындағы маңызды қадам болды.
Рақымшылық, әлбетте, Қаңтар оқиғасына арналған бір реттік акция. Қасым-Жомарт Кемелұлы кінәсін мойындағандарға рақымшылық жасау керектігін және олардың кінәлілік дәрежесі орташа ауырлықтағы санатқа жататынын атады.
Рақымшылық жасау еліміздің заңнамасы үшін таңсық емес. Статистикалы деректер бұған дейін тәуелсіздік жылдарында мерейтойлық күндерге орай жеті рет рақымшылық жасалғанын көрсетеді. Бірақ, бұл жолғы рақымшылықтың орны өзгерек, сипаты басқа. Себебі, бұл заңның қабылдануының астарында адамгершілік қасиеттер жатыр.
Қаңтар оқиғасында 5 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалды. Сотталғандардың дені халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтары екенін білеміз. Бірі – алаңға кездейсоқ тап болса, бірі – себеп-салдарын ойланбастан, дүрмекке ілесіп барды. Көбісі не болып жатқанын түсінген де жоқ. Олардың барлығы – қазақстандықтар, отандастарымыз. Бірі – отбасының жалғыз асыраушысы, бірі – студент, бірі – саясаттан хабары жоқ қарапайым халық. Осы жағдайда білмей істеген қатесі үшін қылмыскер ретінде жазалап, өміріне балта шапқан қаншалықты дұрыс?! Президент қол қойған заң елімізде ең алдымен адами капитал маңызды екенін көрсетті. Себебі, осы жолғы рақымшылықтың әлеуметтік маңызы бар.
Одан бөлек, рақымшылыққа іліккендердің отбасына қатысты да ешқандай заңды шектеу болмайтыны қуантады. Мәселен, рақымшылық жасалғаннан кейін оның балалары болашақта мемлекеттік немесе әскери қызметке кіргенде еш кедергі болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қадамға бара отырып, мемлекетіміздің болашағы үшін ойланған әрі сараланған дұрыс шешім қабылдады. Әлбетте, бұл шешімді халық та қуана қарсы алғаны анық. Бұл өз кезегінде мемлекетке, билікке деген сенімді қалыптастырып, халық үшін дұрыс әрі оңтайлы шешім қабылдай алатынын көрсетті. Демек, заң аясында әрекет еткеннің жазалы болмайтынына, қиын жағдайда көмек қолын соза алатын басшысының, билігінің бар екеніне көзі жетті. Болар дүние болды. Оны тарихтан да, санадан да өшіріп тастай алмайтынымыз анық. Бірақ, талай олқы дүниенің басы ашылып, кімнің кім екені танылды. Дәл осыдан кейін халықтың да көзі ашылып, көкірегі оянды деуге де әбден болады. Қанша адам болса, сонша пікір болады. «Қай санатқа жататынына қарамастан, сотталғандардың барлығы жазасын алуы керек емес пе?» деген пікірлер болуы заңды. Бұл ретте қылмыскерлердің қауіпті бөлігі ретіндегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, билікті асыра пайдаланған және азаптаған адамдар, қайталап қылмыс жасағандар, террористер мен экстремистер рақымшылыққа жатпайтынын да ескеру керек. Олар заң бойынша тиісті жазасын алады әрі ол әділетті болмақ. Ал, өзгелері үшін бұл жағдай үлкен өмірлік сабақ болғаны анық.
Мұрат ӘБІЛОВ,
облыстық мәслихат депутаты.