Адасқан құсқа алаңбыз
Шет ауданына қарасты Киікті ауылының тұрғыны Рахман Құлтайұлы елді мекеннің жанында бірқазан жүргенін айтып редакцияға хабарласты. «Қызыл кітапқа» енген құс, оның айтуынша, тобынан адасып қалса керек. Өйткені, бірқазан жараланғаннан аман екен. Қайда хабарласарын білмеген азамат сондықтан бізге қоңырау шалған.
Ауыл тұрғынының айтуынша, алғашқыда бірқазандар ауыл маңына тобымен ұшып келген екен.
– Басқалары ұшып кетті де, мынау өзі жалғыз қалып қойды. Үй іргесіндегі өзенде жүр. Өзеннің табанындағы майшабақтармен қоректенеді. Өзім қолыма алайын десем, өлтіріп аламын ба деп қорқамын. Әрі немен қоректенетінін, ешқандай бабын білмейміз. Қанаты аман, бойы сау көрінеді. Бірқазанның да түрлері болады ғой, соның дәл қайсысы екенін де тап басып айта алмаймын, – дейді ол.
Жанашыр жанның құстың өмірі үшін қауіптенетін де жөні бар. Рахман Құлтайұлы осыдан бірнеше жыл бұрын тобынан қалып қойған жаралы аққуды қамқорлығына алып, емдеп, бағып көрген екен. Өкінішке қарай, аққу өліп қалған. Сол жағдай тағы қайталанбасы үшін ол тиісті мекемелерден көмек күтіп отыр.
Қолымыз жеткен деректерге сүйенсек, Қазақстанда бірқазанның бірнеше түрі бар. Солардың екеуі – бұйрабас бірқазан мен қызғылт бірқазан тез жойылып бара жатқан қанаттылар қатарына жатады. «Қызыл кітапқа» енген. Елімізде Каспийдің солтүстік жағалауы, Торғай жазығы, Теңіз-Қорғалжын ойпаты, Іле, Тентек Қара Ертіс бойы, Алакөл, Сырдария мен Балқаш көлінде кездеседі. Күн суыта Таяу Шығыс, Жерорта теңізі, Үндістанның солтүстігіне қарай, кей түрлері Африка бағытында ұшады екен.
Осы мәлімет бойынша жобаласақ, бұл адасқан бірқазанның тобы Балқаш маңынан ұшып шықса керек. Орнитология мәселелерімен шұғылданатын ұйымдардан хабар күтеміз. Бізді үйірінен қалып қойған құстың енді қайда қыстайтыны алаңдатып отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz