«Адамзаттың алтын тәжі»
Нұра ауданында Алланың сүйікті елшісі, Мұхаммед пайғамбарымыз дүниеге келген Мәуліт мерекесі аталып өтті.
«Адамзаттың алтын тәжі» деген тақырыптағы рухани кештің шымылдығы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған «Аллаға шүкіршілік» қойылымымен ашылды. Қойылым барысында қанағатшылдық, барға қуана білу, өмірдегі өз орныңды табу үшін мансап пен атақ емес, қарапайымдылық пен осы қасиетті бағалай білетін кең жүректің керектігі насихатталды.
Мереке барысында Мұхаммед пайғамбарымызға және дүниеден өткен ата-баба рухына арнап Бұқар жырау ауданы Амангелді ауылының бас имамы Аманжан Баубеков құран бағыштады. Аудан әкімінің кеңесшісі Байдолла Шайжанов жиналған қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтады. Нұра ауданының бас имамы Құмар Қоныскерей қажы Ислам дінінің құндылықтары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) қасиеті туралы кеңінен тоқталды. Теміртау қалалық №2 мешіттің бас имамы Әлімбек Мирзоев және Нұра ауданына қарасты ауыл имамдары да құран оқыды.
Пайғамбарымыздың өнегелі де, ғибратты ғұмырын насихаттауға арналған мереке діни мазмұнда өрілген ән кешіне ұласты. Орталық мешітте дастарқан жайылып, құран бағышталды.
Аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шараның екінші бөлімі ұлттық ойынмен жалғасын тапты. Әсіресе, Мәуліт мерекесін жасөспірімдер арасында дәріптеу мақсатында өткен жабағы жарысының бәсі жоғары болды. Жеңісті көздеген шабандоздар сыйлықсыз қалмады. Бірінші орынға – қой, екінші орынға – 15 мың теңге, үшінші – орынға – 10 мың теңге және жалпы қатысушыларға сый-сияпат көрсетілді.
Сонымен қатар, рухани мереке аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, киім кешек үлестірілді.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.