«Адамзаттың Абайы» айтысындағы бас жүлде — Мақсат Ақановта
Семей қаласында өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысындағы Бас жүлдені жерлесіміз, айтыскер ақын Мақсат Ақанов жеңіп алды. Аламан айтысқа аузымен құс тістеген 12 арқалы ақын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды.

Абай мерейтойында арқалы ақындар мен жыр дүлдүлдері өнер көрсетті. Рухани алаңда Абайдың кемел болмысы, ғұламалық келбеті суырыпсалма ақындардың сөзімен жаңаша сипат алды.
Атап айтсақ, айтыскерлер Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері мен Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов айтыс өнері арқылы Абайдың рухани тұлғасын тереңнен танытты.
–Біз жүлденің ауылда қалғанын қаламаймыз. Керісінше қыр асқанын, иесін тапқанын қалаймыз. Бүгін өзінің ұпайымен де, сөз өнерімен де лайықты өнер көрсеткен Мақсат Ақанов бас жүлдеге лайық, – деп атап өтті Семей облысының әкімі Берік Уәли.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz