Бас тақырып

Адамзат баласы атомға мұқтаж

Елімізге атом электр станциясы керек деген ұсыныс айтылғаннан бері қазақ қоғамы екіге бөлінгендей. Бірі станцияның тиімді тұстарын тізіп, керек деп отыр. Ал, екінші тарап қарсы. Телеарналардағы түрлі бағдарламалар мен әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болды, осы тақырып төңірегіндегі неше түрлі әңгімені естисіз. Қарсылық білдіріп отырғандардың сөзіне құлақ ассаңыз, бойымызда үрей бар. Сол үрейге Семей полигонының зардабы себеп дейді көбі. Ойлап қарасаңыз, жөн пікір. Уран деген сөзді естісек болды… Атом десе, көзімізге тек жарылыс елестейтін секілді ме, қалай? Біздіңше, жаңа ғасырда атом электр станциясынан ат-тонын ала қашу дұрыс емес. Әлемнің дамыған мемлекеттері осы қуат көзіне арқа сүйеп отырғанын ескерген жөн.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

«АЭС ауадай қажет»

Әуелі адам баласының табиғаты турасында сөз қозғайық. Аш қалмас үшін жыртқыш аңдардан қалған жемтікті теріп жеген деседі. Бірақ, жыртқыштар бір уақытта адамдарды да торуылдай бастап, әлгі өлексеге де зар болыпты-мыс. Тіршілік үшін күресіп жүріп қорғану құралдарының қажеттілігі туындаған. Сөйтіп, екі аяқтылар төрт аяқтылардан қорғанудың қаншама тәсілін ойлап тапты. Күндердің бір күнінде аспаннан найзағай түсіп, адам қолына от тиді. Отты игерді. Отты игерген күннен бастап табиғаттағы азық пирамидасының басына көтерілді. От – қару һәм қуат. Қашанғы жыртқыштан қаша бермек?! Жаңа дүниелерді үйренбек керек. Үйренбесең, игермесең – өлесің. Жер бетінен ізің өшеді.

Содан бері қаншама мыңжылдықтар өтті. Адам баласы басынан нетүрлі сұмдықты өткерді. Жылқыны қолға үйретіп, әбзелдерін жасады. Садақ, бумеранг, дөңгелек… Өз нәсілінің тіршілігі үшін қандай қадамға бармады, не ойлап таппады. Бір кезеңде жыртқыштан қашқан адам бір-бірін жоя бастады. Қаншама дәуір бойы адам мен адам соғысып келеді.

Ал, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде адамзаттың өміріне темірден жасалған технологиялар араласа бастады. Яғни, поезд, автокөлік, ұшақ пайда болды. Алғашқы көлік құралы болған жылқыдан бастап ұшаққа дейін… Осы кезеңге өндірістік революция деген атау берілді. Бұл – адам баласының қаншама ғасырлар бойы сүріп келе жатқан өмір салтына жасалған революция болса керек. Бірақ, асыра сілтеп жібердік. Атом қаруы бірнеше рет пайдаланылды. Тірлігіме сән беремін деп қоршаған ортаға зиян келтіре бастады. Су тартылып, ну қурады. Ауа ластанды. Табиғат ананың жанына темірден шеге қақты. Катаклизмнің аз-ақ алдында тұрмыз дейді экологтар.

Адамзат баласы өзінің не былықтырып қойғанын түсінгендей. Алып зауыттар мен ірі мегаполистерден бөлінетін зиянды қалдықтар ауаны жылытып, солтүстіктегі мұз тауларды ерітуде. Орташа жаһандық температура өсуді жалғастыруда. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) мәліметтері бойынша, кейінгі он жыл метеорологиялық бақылау тарихындағы ең жылы болған. Температураның жоғарылауы көбінесе көмірқышқыл газы (CO2) және метан (CH4) сияқты атмосферадағы парниктік газдар концентрациясының жоғарылауымен байланысты.

Температураның өзгеруі экожүйеге әсер етіп жатыр. Климатқа, қоршаған ортаға келтіріліп жатқан зиянды қалдықтардың мөлшерін күрт азайту. Атом электр станциясы ауадай қажет деп жүрген ғалымдардың көксегені – осы. Мәселе біз ойлағаннан да күрделі. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, ядорлық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаков – осы тақырып төңірегінде түрлі сұхбаттар беріп, дабыл қағып жүрген эколог. Ол мәселені ашып айтты.

– Елімізде көмір мен газдан электр қуатын өндіретін станциялар ауаға өте көп мөлшерде парниктік газ бөледі. Әлгі станциялар кейінгі 60 жыл ішінде шамамен 7 млрд. тонна зиянды қалдық бөлді. Көмірдің күлі де ешқайда жоғалған жоқ. Күл әр жерде тау-тау болып үйіліп жатыр. Содан да табиғатқа теріс әсерін беретін түрлі элементтер шығады. 60 жыл ішінде шамамен 7 мың тонна күл жинаппыз. Енді ойланып көріңіздер. Біз жер анаға, қоршаған ортаға қандай қиянат жасап жатырмыз деген сауал әр саналы азаматты мазалауы тиіс. Ал, атом электр станциясына көшкен жағдайда, ахуал әлдеқайда жақсаратынына кепілдік беремін. АЭС-те мұндай қалдықтар болмайды. Мүлде қалдық болмайды дегеннен аулақпыз. Әлбетте, жиналады. Бірақ, ескі станциялардағы қалдықтардан екі есе аз. Бастысы – қауіпсіздік үшін жасақталған арнайы орындарда ғана сақталады және үнемі қатаң бақылау жүргізіледі. Маңайына зиян бермейді. Сонымен қатар, әлгі қалдықтарды қайта өңдеп, тағы да қуат алуға мүмкіндік бар. Бұл күнде осының бәрін жүзеге асыратын озық технологиялар жетіп артылады. Қолданысқа енген. Мұның бәрі экологияға оң әсерін тигізеді, – деді Евгений Ермаков.

Сіз бен біз – электр қуаты дәуірінің өкіліміз

Жаңа ғасыр адамының электр қуатынсыз күні қараң. Күнделікті жейтін азықтың өзі сол электр қуатымен әзірленеді емес пе? Көпқабатты үйлерде пеш жаға алмайсыз. Мынау жалпақ жаһаннан хабар беріп, көзіңізді ашып отырған теледидарыңыз да, смартфон, компьютеріңіз де, үйіңізді қараңғы түнде жарық еткен қарапайым жарығыңыз да, бәрі-бәрі осы қуатқа тәуелді. Тіпті, автокөліктеріңіз де жанармайсыз жүретін болып жатыр. Тас, қола, темір дәуірі дегендей, сіз бен біз электр қуаты дәуірінің өкілдеріміз. Бұл дәуірде әлбетте электр қуатына деген қажеттілік бар. Технологияны игеруге икемделген мемлекеттер дәл осы қажеттіліктен атом электр станциясын ойлап тапқан.

Бүгінде атом электр станциялары бүкіл әлем бойынша электр энергиясын өндіруде маңызды рөл атқарады. Олар тұтынылатын электр энергиясының айтарлықтай үлесін қамтамасыз етеді.

Енді, атом электр станциясының нақты артықшылықтарына тоқталайық. Біріншіден – атом электр станциялары энергия өндіру процесінде көмірқышқыл газын шығармайды. Бұл – жаһандық жылынумен күресуде маңызды рөл атқармақ. Екіншіден – атом электр станциялары көмір, немесе, газ станцияларымен салыстырғанда отынның аз мөлшерімен көп мөлшерде энергия өндіре алады. Үшіншіден – атом электр станциялары бірнеше ондаған жылдар бойы жұмыс істеуге мүмкіндігі жетеді. Бұл – энергиямен жабдықтаудың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Төртіншіден – атом станциялары күн, немесе, жел электр станцияларынан әлдеқайда тиімді. Себебі, ауа-райына тәуелді емес.

Ғаламтор желісіндегі әлемдік ақпарат сайттарына сүйенсек, жер шарында 32 мемлекет осы атом электр станцияларының шарапатын көріп отыр. Көрші отырған Қытайда 60 атомдық реакторға қосылған 23 атом электр станциясы бар екен. Келешекте санын көбейтуді жоспарлап отыр көршілер. Қытайдың атом энергетикасы саласындағы бағдарламасы әлемдегі ең күрделі бағдарламалардың бірі болып табылады. Себебі, ел электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру және көмір мен басқа да қазба отындарына тәуелділікті азайту үшін жаңа реакторлар салуды жалғастыруға ниетті. Ал, солтүстіктегі Ресейде қуат көзіне айналып отырған 39 атом станциясы жұмыс істеп тұр. Олар, тіпті, су үстіне салуды да жоспарлап қойған. Станцияға «Академик Ломоносов» деген атау қойып үлгерген.

Мамандар атом электр станцияларының болашағына болжам да жасап қойған. Атом энергетикасы саласындағы заманауи зерттеулер жылдам нейтронды реакторлар, модульдік реакторлар және сұйық металл реакторлары сияқты қауіпсіз және тиімді технологияларды дамытуға бағытталған.

Қазақстанға оралсақ. Қазақстан көмір мен мұнай сияқты қазба отындарының мол қорына ие. Негізінен электр энергиясын өндіру үшін көмірді пайдаланады. Дегенмен, соңғы жылдары электр қуатына деген сұраныстың өсуі байқалды. Бұл болашақ қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін тұрақты шешімдерді табуды талап етіп отыр.

Қазақстанның атом энергетикасы саласында, соның ішінде атом реакторлары үшін негізгі отын болып табылатын уран өндіруде біраз тәжірибесі бар. Бұл тәжірибе атом электр станцияларын жобалау және пайдалану кезінде пайдалы болуы мүмкін. Дегенмен, атом энергиясын тиімді пайдалану үшін техникалық және ғылыми базаның жоғары деңгейін, сондай-ақ, қауіпсіздік жүйесін дамыту және қолдау қажет.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button