Әдебиет

Адамзатқа арыз немесе Ұлы Отан соғысының көзі тірі ең соңғы куәгерінің аманаты

Қайғыдан сонау қалтырап аспан, Ай мұздап,

Дүниеден тыншу таба алмай сорлы байғыз-бақ.

Жалғанның мынау жағасын жыртып сұм соғыс

Өтті де кетті кеңістік төсін айғыздап.

Жанымыз отқа қарылған ол бір тамұқ күн,

Жату да бақыт ішінде ағаш табыттың.

Қаншама досым шашылып қалды далада,

Сұмдықтың соңғы куәсі мен боп қалыппын.

Марапат, мақтау…

Айтыңдар бәрін естиін,

Жанымда менің алапат дауыл, өш құйын.

Тірлікте мынау майдандас достың бірі жоқ,

Маған да енді бақыттың құны бес тиын.

Құрметке мынау ырзамын мен де, ырза олар,

Әнеки, әне, арайлы келбет, нұрлы ажар.

Хабарсыз кеткен ұлымды тауып бермедің,

«Мерседес» мінген мырзалар.

Мен үшін де енді сөнеді жалған жарығы,

Толастар, бәлкім, сонан соң сұмдық зар-үні.

Дамыған қоғам, сенен де шара болмады-ау,

Әкемнің қайда қабірі?

Кездесу, саммит, келісім-шарт пен салтанат…

Не үшін? Неге? Дүрліге берді шартарап.

Тірілер әлі шеше алмай жүрген дау бар ма?

Беріңдер маған, кетейін көрге арқалап.

Қажытып бітті қасарыс, қағыс, араздық,

Биржадағы ақша, білсеңдер еді, мәні аз құт.

Ең соңғы шартқа қол қояр уақыт жетті ғой

Сүйекті қалам, қан сіңген жерді қағаз ғып.

Шаршадым мен де, кәрілік жеңді, сарқылдым,

Аманат сөздің анықтар ертең парқын күн.

Сол жерге жерле!

Соғыспау жайлы қол қойған

Нүктесі болып жатайын келісім-шартыңның.

 

Ғазиз ЕШТАНАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button