Басты тақырып

«Адамның бір қызығы…»

    Баланы балабақшаға орналастыру да – бастың «сақинасы» болған. Тамыр-таныс іздеп, табалдырық тоздырған талайдың әңгімесін құлақ шалды. Қарағандының өзінде балабақшадағы орын тапшылығы – алты мыңнан асып жығылған. Бір кездері.

Қазір бұл мәселе түбегейлі шешілмесе де, ұзынсонар кезектің күні алыстаған сыңайлы.

Тіптен, үйде отырып-ақ, онлайн режим арқылы балаңызды балабақшаға орналастыруға жол ашық. «Электронды үкімет» порталына кіріп, «Баланы балабақшаға кезекке қою» қызметіне жүгінсеңіз болғаны. Сәбидің туу туралы куәлігін алған бетте-ақ.

Мемлекеттің қамқорлығы әркімге қолжетімді болуы үшін жасалып жатқан игілікті істердің бірі – осы болса керек. Бұл ретте, Қарағанды қаласының билігі де қарап қалған жоқ. Мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне терең мән береді. Нәтижесінде, қазіргі күні қарағандылық бүлдіршіндердің негізгі дені балабақшаға барып жүр. 

– Мұндай деректі қайдан алдыңыз? – деген сұрақты тұрғындар төпелетуі де бек мүмкін. Әсіресе, Қарағандының Майқұдық бөлігінің халқы. Иә, қала билігі де Майқұдықтағы мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне баланы орналастыру мәселесі толық шешілмегенін жасырмайды. Бірақ, биліктегілер мұның да оң шешімін табуға уәде беріп отыр. Алдағы жылы бір ғана Майқұдықтың өзінде бес жекеменшік балабақшаны ашу жос­парланған. Ол мекемелерде де ұл-қыздарға тәрбие беру қызметі мемлекеттік тапсырыс есебінен жүзеге аспақ.

Жалпы, мұндай механизм 2010 жылы қолға алынған. Яғни, қарайған елдің қалтасының жүгін жеңілдетіп, балабақшаға төленуі тиіс соманың бір бөлігін мемлекет төлей бастады. Орта есеппен, жекеменшік балабақшадағы бір орынға төленетін сома – ай сайын 15-25 мың теңгені құрады. Соның өзінде, кейбір ата-ананың мұндай қаражатты көпсінгенін, иә болмаса жағдайы келмегенін де жақсы білеміз. Ал, мемлекеттік балабақшалардан тәрбие алатын бүлдіршіндердің ата-­аналары айына 10 мың теңгеден төлеп келген-ді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің биылғы сәуірдегі №17/01 Қаулысы бұл теңсіздікті реттеуге мұрындық болды. Ресми құжат күшіне еніп, 1 маусымнан бастап жекеменшік балабақшаларға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі 17 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде, мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаға ай сайын төленетін қаражат көлемі теңестірілді. 11 мың теңге болып бекітілді.

Бұдан бөлек, осы жылдың 9 айының өзінде 17 жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымы ашылған. Бұған дейін жұмыс істеп келген жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 460 орынға ұлғайған.

«Адамның бір қызығы – бала деген» (Абай). Шаңырақтардың шаттығын еселеген шынашақтай бүлдіршіндер – болашақтың иесі, елдің ертеңі. Үлкендеріміз үнемі айтып отырады емес пе, бала тәрбиесінде кемшілік жіберуге, мүлт кетуге жол жоқ!

Мемлекет те Ана мен балаға ерекше қамқорлық танытады. Бұл күні Қарағанды қаласында 19 172 бала балабақшадан тәрбие алып, ой-өрісін кеңейтуде. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда, бұл көрсеткіш үш мыңға артқан.

Қуантарлық жағдай ғой, әрине!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Сурет ғаламтордан алынды.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button