Адамгершіліктің алтын бастауы
Алдына келген шәкіртінің талабын ұштап, таным көкжиегін кеңейтетін жалғыз маман – мұғалім. содан да болар, ұстазға деген ұлық құрмет – кез келген адамның асыл парызы. Бұл ретте отыз жылдан астам ғұмырын ағартушылыққа арнаған ардақты ұстаз, Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Болат АСАННЫҢ есімін ерекше атауға болады. Ол – Қарқаралы өңіріне қарасты Бақты ауылында ширек ғасырдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бірнеше ғылым кандидатын, республика көлемінде танымал білікті мамандарды тәрбиелеген ұстаз.
Болат Тәңірбергенұлы – тумысынан білімге құштар, санасы азат азамат, ерекше болмыс иесі. Ата-тегінен дарыған асыл қасиет – бекзат бітімі оны әрқашан ерекшелеп тұрады. Бұл кісі – кешегі Орта жүздің соңғы ханы Бөкей ханның нәсілі, ақсүйек төре тұқымы. Оның зияткерлік білім-парасаты, әділдікті жақтайтын қуатты ойлары Алаш үшін жанын пида еткен хан-сұлтандардың, кешегі Алаш арыстарының бейнесін еске түсіреді.
Қарапайым отбасында 1960 жылы 1 ақпанда дүниеге келген үйдің кенжесі Болат ұстаз – ҚарМУ-дың түлегі. Әкесінен небары екі жасында қалса да, анасы Гүлзада Жақыпқызы оның білімге құштар талабын танып, оқуға түсуіне жанын салады. Бұл жерде қиын-қыстау заманға қарамастан, жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Болаттың өзін, ағалары Бақыт, Бағдат, әпкелері Күләй мен Гүлшатты да оқытып, жоғары білім әперген Гүлзада анасының еңбегін ерекше атап кеткен жөн.
Болат Тәңірбергенұлы ҚарМУ-дың филология факультетіне оқуға қабылданған күннен бастап зор бедел жиып, маңайына жақсыжайсаңдарды үйіріп, студенттік кезеңнің керемет күндерін қызықты өткізеді. Кейіпкеріміз туралы филология ғылымдарының докторы, группаласы Құрманғазы Сембиев тамаша естеліктерді көп айтады. «Бөкеңді сол кезде іздеп жүретін халық қандай көп болса, қазір сағынып жүретін жұрт одан да көп секілді. Еліміздің түкпіртүкпірінен Қарағандыға ат басын бұрғандар алдымен Бөкеңді сұрайды. Алшақтағы Бақты ауылына Бөкеңе сәлем береміз деп тартып кеткен талай қазақ азаматын көріп келеміз. Бар байлығын бір-ақ шашып, артына бұрылып та қарамайтын мәрт мінезді Бөкеңнің бойынан алғашқы танысқандаақ байқаған едік. Әйтеуір, біздің Бөкеңді іздеп жүрген жұрт. Бұл – қазақ жігітіне тән арда мінезімен бірге, қазақтың әндерін домбырамен, орыстың әндерін гитарамен нақышына келтіріп, сызылта айтып, жүрген жерін ойын-тойға айналдыру қасиетінен де шығар деп ойлаймыз. Бөкеңнің бейресми атағы – «Ауылда жатқан академик». Оның білім-парасаты осындай мадақ, құрметке лайық» – дейді досы Қ.Сембиев.
1980-1985 жылдар аралығында ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдаған болашақ ұстаз бірер жыл №3 Жамбыл орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Сол ағартушылық асыл парызын 1987 жылдан бері №21 Бақты орта мектебінде мінсіз атқарып келеді. Жалпы 35 жыл табан аудармай, өзі түлеп ұшқан білім ордасында ұстаз болып қызмет ету кез келгеннің қолынан келе бермеуі мүмкін. Оның ар жағында қасиетті қарашаңырақ – атамекенге деген құрмет, шәкірттерге деген шынайы сүйіспеншілік жатқаны анық.
Төккен тер, еткен еңбек еш кетпегені қуантады. Бұл күнде Болат мұғалімнің шәкірттері – бірібірінен өтетін беделді азаматтар. Солардың ішіндегі озық шәкірттерінің бірі – Дулат Жекебаев. Ауыл да ұстазымен көрші тұрған Дулат Шәйкенұлы бүгінде БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары ретінде білім саласында қызмет етеді. «Ұстазым маған ауылмен астасып жатқан шежірелі тарих, қазақтың бай ауыз-әдебиеті сияқты елестейді. Кейде бір ауылдың тұтас бейнесі бір адамның бойында тұрғандай көрінеді ғой. Оның турашылдығы, білімдарлығы, парасат-пайымы өзі өскен ортаны осылай даралап береді. Болат Асанның әр дәрісі – қайталанбас рухани мәні бар құнды материал, сауатты тұжырым, салиқалы көзқарас», – дейді тәлімін алған әріптес інісі.
Тағы бір шәкірті – ҚарМУ ректоры аппаратының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Елдос Түйте. «Оқытқаны өз алдына, оқуға түсуіме кеңес беріп, келешек бағытымды да айқындап берді. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз осыдан қалса керек. Әрбір жеткен жетістігіме ата-анамнан кем қуанбайтын да – осы парасат иесі. Өз баласы, өз шәкірті – Мирас Асанның да бүгінде ел таныған ақынға айналуының бір сыры Бөкеңнің әкелік-ұстаздық тәрбиесі деп білеміз» – дейді Елдос Ерғазыұлы.
Құлықты шәкірттер, білікті мамандар даярлаған ұстаз – «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағы және Ы.Алтынсарин медалімен марапатталған. ІІ републикалық «Таңдаулы әуезовтанушы мұғалім» конкурсының жүлдегері, «Ауыл мұғалімі – 2003» конкурсының І орын иегері. Қазақта «Алғаның жақсы болса, ақсұңқар құстай түлеп ұшасың, алған жарың жаман болса, жүдеп ұшасың» деген тамаша тәмсіл бар. Бұл ретте жар-қосағы Мафуза Мырзаәлі – адамгершілік пен еңбекқорлықтың озық үлгісі. Ол кісі де мектепте ұстаздық етіп келе жатқан қажырлы маман. Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері.
Бір шаңырақтағы қос мұғалімнің қуатты бірлігі – мұнара сияқты маңайына жарық шашып, тату-тәтті ғұмыр кешулерінің негізі. Ұлағатты ұстаз, қамқоршы мұғалім мерейлі 60 жасқа толып отыр. Жүзге жетіп, абыз атаныңыз, ауылда жатқан ағартушы аға!
Рауан ҚАбИДОЛДА,
журналист.