Жаңалықтар

Адам құқығынан асқан құндылық жоқ

Қауіпсіздік – әр адамның негізгі қажеттілігі. Ал, облыс орталығының тұрғындары өздерін қауіпсіз сезіне ме? Қылмыспен күресу үшін қандай шаралар қабылдануда және олар жеткілікті ме? Мәселен, облыстың полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы облыста жеті мыңнан астам қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір төмен. Сарапшылар оң өзгерістің басты себептері ретінде әлеуметтік факторларды, экономикалық жағдайды және құқық қорғау саласындағы ауқымды реформаларды атап өтуде. Одан бөлек, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып, құқықтық мәдениеті де артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өзінің басты міндеттерінің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру екенін айтқан болатын.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Сенгіштік сан соқтырады

«Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет», – деген Президент жеке адамнан бастап, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екеніне тоқталған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көптеген елде, тіпті, кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, елімізде қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді.

Мәселен, Қарағанды облысында 316 білікті тергеуші мен анықтаушылар қарақшылық, мал ұрлығы, тонау, кісі өлтіру және тағы басқа қылмыстарды тергеп-тексеруде.

Қарағанды қаласының полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Арман Меллятов өздері қызмет көрсететін аумақта 2024 жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 590-нан 494 дейін төмендегенін айтады. Одан бөлек, тіркелетін қылмыстардың дені – шағын және орташа ауырлықтағы санатқа жатады. Олардың саны да кемі отыз пайызға азайған. Полиция подполковнигі жеке тұлғаға қарсы қылмыстар да 15 пайызға төмендегенін айтады. Тіпті, мүліктік құқық бұзушылықтардың өзі 20 пайызға кеміген.

– Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтық әрекеттер саны жоғары болып қала береді. Технологияның дамуымен интернеттегі қылмыстардың саны өсіп келеді. Өткен жылы интернет-алаяқтық 148-ден 178 жағдайға дейін өсті. Интернет-алаяқтықты азайту үшін полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы білім беретін оқу орындарының қызметкерлерімен, ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесулер мен дәрістер өткізеді. Интернеттегі қауіпсіздік бойынша ұсыныстары бар буклеттер мен жадынамалар таратылады. Бірақ, біздің тұрғындар сенгіштіктің салдарынан әлі күнге дейін алаяқтардың арбауына тап болуда, – дейді Арман Меллятов.

Қарағанды тұрғыны, атап айт­қанда, әйел адам өткен жылғы шілдеде полициядан көмек сұрап келген. Айлакердің арбауына түскен оның өмірі тозаққа айналған. Қаскүнем әйел адамның сенімін теріс пайдаланып, өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, небары үш айдың ішінде 30 млн теңгеден астам қаражатын иемденген. Жеке жинағындағы ақшаны алумен қатар, алаяқ түрлі банктерден несие алуға мәжбүрлеген. Полицияға жүгінген әйелдің бойында қорқыныш пен шарасыздық қана болғанын айтады Арман Меллятов.

– Сенім – жақсы қасиет. Бірақ, біреуге риясыз сену – оның қолына өз еркіңмен қанжар ұстатқанмен бірдей. Осы жағдайдан-ақ біз өтірік пен манипуляция арқылы сенімге селкеу түсетініне көзімізді жеткізуге болады, – дейді полиция подполковнигі.

«Тиімді тергеу – әділеттілік кепілі»

Қазір Октябрь полиция бөлімі қызмет көрсететін аумақ бұрынғыдай емес. Осыдан біраз жыл бұрын тұрғындар кешкі уақытта көшеде жалғыз жүруге қорықса, тиімді жұмыс өз нәтижесін беріп, облыс орталығының Майқұдық бөлігі де қауіпсіз ауданға айналған. Одан бөлек, қарағандылықтар кез келген қылмыстың әділ тергелетініне сенімді. Полиция подполковнигі қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеруге де тоқталды. Ол «Тиімді тергеу – әділеттіліктің кепілі» дейді.

Мәселен, 2024 жылы аталған полиция бөлімінде 1537 қылмыстық іс тергеуде болсан, оның 760-ы – сәтті аяқталған.

– Өткен жылы сотқа 247 іс жіберілді. Бұл тергеу және анықтау бөлімшелері жұмысының белсенділігін көрсетеді. Сотқа дейінгі жедел тергеу аясында 127 іс жолданды, бұл – жұмыстың жеделдігі мен тиімділігінің кепілі. Одан бөлек, азаматтар қазір өзгенің конституциялық құқықтарын бұзбауға тырысады. Бұл да тергеу мен анықтау жұмысында өз нәтижесін беруде, – дейді Арман Меллятов.

Әрине, қылмыстарды ашу және тергеп-тексеру ғана емес, оның алдын алу да маңызды. 2024 жылы қабылданған шаралар бұрын қылмыс жасаған адамдар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтарды азайтқан. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атау керек. Атап айтқанда, ізін суытпай 120 қылмыс ашылған. Өткен жылы Октябрь полиция бөліміне қарасты учаскелік полиция инспекторлары 1146 адамды профилактикалық есепке алған. Оның 182-і – маскүнемдер, нашақорлар және отбасы жанжалшылары. Бұл өз кезегінде қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді.

Атқарылатын шаралардың дені құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз әлеуметтік ортаны құруға бағытталған.

– Біз медицина мекемелерімен және ұйымдарымен маскүнемдермен, нашақорлармен жұмыс істеу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырамыз. Бұл қауіпті жағдайға тап болған адамдарды дер кезінде анықтауға және емдеуге ықпал етеді. 2024 жылы арнайы емдеу профилактикалық мекемесіне алкоголизмнен зардап шеккен 45 адам жіберілді. Сондай-ақ, тоғыз мыңнан астам әкімшілік материалдар жасалды. Олар бойынша 372 адам әкімшілік қамауға алынды, – дейді Арман Меллятов.

Тұрмыстағы зорлық­-зомбылық әлі бар

2024 жылы Октябрь полиция бөлімі отбасындағы тұрмыстық қатынастар саласында 1365 құқық бұзушылық тіркеген. Бұл аталған проблеманың әлі де өзектілігін көрсетеді. Учаскелік полиция инспекторлары зорлық-зомбылық фактілерінің де алдын алумен айналысатынын айту керек. Одан бөлек, ауданның әлеуметтік қызметтерімен, медициналық мекемелермен жұмыс жолға қойылған. Жұмыс барысында оларға белгілі болған барлық фактілер туралы учаскелік полиция инспекторларына дереу хабарланады.

Аталған аудандағы үйлердің бірінде күйеуі жүйелі түрде жанжал шығаратын болғанымен, әйелі полициядан көмек сұрамаған. Аталған фактіні үй тұрғындарымен әңгімелесу кезінде учаскелік инспектор анықтайды. Әйелмен сөйлесу нәтижесінде ол күйеуінің тарапынан тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын растағанымен, полицияға арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, инспектор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер бойынша әкімшілік хаттама жасап, істі ілеспе материалдармен бірге сотқа беруге бастамашы болған. Сот құқық бұзушыны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алған және учаскелік полиция қызметкерінің өтінішхатына сәйкес, 3 ай мерзімге дейін мінез-құлқына ерекше талап қойған. Бұл полиция тарапынан тұрақты бақылауды білдіреді.

– Осы шаралардан кейін көршілерден де, жұбайынан да шағымдар түскен жоқ. Өкінішке қарай, бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының үнсіз қалуды жөн көруінің бір ғана көрінісі. Сондықтан, отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері туралы білсеңіз, 102 нөміріне хабарлау керек. Оны жасырын түрде жасауға болады және міндетті түрде хабарламаға қатысты тексеру жүргізіледі. Азаматтар кез келген күдікті әрекеттер немесе құқық бұзушылықтар туралы хабарлауы – полицияға оларды тезірек анықтауға мүмкіндік береді, – дейді полиция подполковнигі.

Бала неге қылмыс жасайды?

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс – қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. Бұл – тек заң бұзушылық емес, сондай-ақ, олардың өміріне және болашағына теріс әсері бар әлеуметтік мәселе. Оған, әрине, әр түрлі себеп бар. Мәселен, отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-ана бақылауының жекіліксіздігі, әлеуметтік-экономикалық сияқты көптеген факторлар буыны қатпаған баланың қылмыс жолына түсуіне ықпал етеді. Жалпы, жасөспірімдер ұрлық, тонау, бұзақылық, дене жарақатын келтіру, есірткі тарату және қолдану, киберқылмыстарға барады.

Елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесіне бала көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Алайда, бұл мәселе әлі де өзекті.

– Кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз орта құру үшін ювеналды полиция инспекторлары түрлі қызметтер мен оқу орындары өкілдерінің қатысуымен жедел-профилактикалық іс-шаралар мен түнгі жұмыстарды белсенді жүргізеді. Өткен жылы 535 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 42 қолайсыз отбасы және кәмелетке толмаған 34 бала профилактикалық есепке алынды. Сотқа ата-ана құқығынан айыру туралы 6 өтініш жолданды, оның үшеуі қанағаттандырылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды мамандандырылған оқу орындарына жіберу туралы үш өтініш рәсімделді, – дейді Арман Меллятов.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны қабылданған шараларға қарамастан күрт өскенін айтады полиция бөлімінің бастығы. Мәселен, биылғы қаңтар айының басында учаскелік полиция инспекторы бекітілген учаскені патрульдеу кезінде есірткі заттарын жарнамалайтын хабарландыруларды тапқан. Ал, сол күні 15 және 14 жастағы екі жасөспірім ұсталған. Олар «ОЛХ» қосымшасы мен Telegram-дағы хабарландырулар арқылы жұмыс ұсынамын дегендермен сөйлесіп, не жазылғанын білместен, қала көшелерінде хабарландыру жапсырған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 299-1 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, жасөспірімдер есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау бойынша үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Арман Меллятов ата-аналарды балаларға құқық бұзушылықтың салдарын, қылмыстық жаза мен бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімін талқылауға шақырады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button