Медицина

Адам өмірінен асқан байлық жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткені белгілі. Шындығында да, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті. Денсаулық сақтау саласын діттегені де осы – адам өмірін сақтап қалу. Бұл, әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары кезіндегі – басты қағида. Инсульт алған адамның өмірін ажалдан арашалап қалу үшін кәсібилік пен шеберлік әрі жеделдік қажет.

Қауіп қайдан демеңіз

Қазақстан Республикасында арнайы инсульт қызметі бар. Оның міндеті – инсульттан болатын өлімді азайту және оның алдын алу. Жүрек-қан тамырлары аурулары ел бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің басты себебі болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 40 мыңнан астам инсульт тіркеледі. Оның үштен бірі осы дерт салдарынан көз жұмады. Десе де, адамдардың көпшілігі инсульттың кез келген жаста және кез келген жерде болуы мүмкін екенін қаперге алмайды.

Аймақта инсульт алған адамды қабылдайтын екі медициналық мекеме бар. Бірі – Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың инсульт орталығы, екіншісі – №2 көпсалалы аурухананың (кардиоорталық) былтыр ашылған «Ақжан» клиникасы.

– Инсульт кезінде науқастың тез жеткізілуі маңызды. Содан кейін уақытылы диагноз қойып, инсульттың қандай түрі екенін анықтау қажет. Бізде ондай науқасты толығымен диагностикадан өткізетін, дереу ота жасайтын заманауи аппараттардың бәрі бар, – дейді Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Ниязбек Ерниязов.

Инсультті медицинада ишемиялық және геморрагиялық инсульт деп бөледі. Ишемиялық инсульттің негізінде жеткізу тамырларының бірі арқылы миға қан ағымының күрт тоқтауы жатыр. Мұның себебі қан ағымының саңылауын бітеп тастайтын тромб (қанның ұюы, майлы заттектерден түзілетін түйін). Геморрагиялық инсульт – бас миы тамырының жарылуы кезінде қойылатын диагноз. Түрлеріне қатысты ем де бөлек жасалады.

– Неғұрлым жылдам жасау керек отаны. Орталықта эндовоскулярлық, яғни, тамырішілік ота түрлері жасалады көбінесе. Бұл – дәрігерлер үшін де, науқас үшін де анағұрлым жеңіл әдіс. Дегенмен, ашық ота жасау қажеттігі де туындайды. Ол кезде бас сүйекке трепанация жасалады. Бұл науқастың тамырларының жағдайы ота жасауға келмейтін кезде қолданылады. Шап тамырлары арқылы отаның 80%-ы, білек тамырлары арқылы 20%-ы жасалады. Эндовоскулярлық әдіспен күніне 5-6, ашық әдіспен 3-4 ота жасаймыз. Жалпы, жылына, біздің орталық арқылы 2 мың науқас өтеді. Оның 30%-ына ота жасалады, – дейді Ниязбек Байжанұлы.

Оның айтуынша, инсульт өз бетінше туындамайды. Жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті сынды аурулардың асқынуы инсультке алып келеді.

– Адамның жасы да қауіп факторы болып табылады, – дейді Ниязбек Ерниязов. – 40 жастан асқан адамдарда инсульт қаупі бірнеше есе артады. Себебі, адамдарда осы жастан кейін созылмалы патологиялар асқынады. Артериялық гипертония, қант диабеті, қан тамырларының зақымдалуына ықпал ететін жүрек аурулары, холестерин түйіншектері. Қазір инсульт 30-дағы жастарда да кездесіп жатыр. Жас адам инсульт алғанда «әлі жас қой, бұл жағдай қалай болды?» деп жатады көпшілік. Біз науқастың жағдайын анықтап, анамнез жинай бастаған кезде оның түннің бір уағына дейін ұйықтамайтыны, құрамы химикат тағамдарды тұтынып, дұрыс тынықпай жүре беретіні белгілі болып жатады. Қазір жастардың барлығы дерлік сондай өмір салтын ұстанады.

Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

Яғни, көп жағдайда инсультке болсын, жалпы, кез келген ауруға адамның күнделікті өмір салты себеп.

– «Бұл ауру біздің тұқымда бар», «Солай болайын деп тұр өзі» деген сияқты түсінік біздің қоғамды құртады. Бізге тілі күрмеліп, қол-аяғы жансызданып инсульттен құлаған кезінде ғана жеткізіледі. Оның алдында өз-өздерін күтпейді, дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанбайды. Инсульт 80% жағдайда мүгедектікке алып келеді, 30-40% жағдайда – науқастың өліміне себеп. Сол сәтте науқастың кейінгі өмірі қалай болады, аяққа тұрып кетеді ме немесе оңалады ма деп ойланбаймыз, бізге бастысы – адамның өмірін сақтап қалу. Ал, адамның инсульттен кейін айығып, қалыпты өмірге оралуы ең алдымен өзіне байланысты. Шауып жүрген адам мұндай халге түскеніне көндіге алмайды немесе жақындарынан тиісті дәрежеде қолдау болмайды. Адам мұндайда психологиялық күйзеліске түседі. Оңалту процесі негізінде ауруханадан шыққаннан кейін емес, науқас инсульт алған бетте басталуы керек. Себебі, дерт мидың функцияларын бұзады. Инсульт орны қалпына келмейді, отадан кейін де бос кеңістік болып қалады. Ол жердегі жүйке талшықтарының атқаратын қызметін жанындағы жасушалар өз «міндетіне» алады. Бірақ, ол – ұзақ процесс. Біз науқасты «100% айығады, бұрынғы қалпына келеді» деп ешқашан айта алмаймыз, – дейді дәрігер.

Көп жағдайда дерттен айығуға құлшыныс пен ерік-жігер адамның өзінде болуы керек. Кейде психологтың да көмегі ұсынылады.

Қан қысымын бақылау, семіздікпен күресу, темекі шегу секілді зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс өмір салтын сақтау – әр адамның қолында тұрған әрекеттер. Онсыз да күнделікті стресс инсульт қаупін арттырып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі инсульт және басқа да ми тамырлары ауруларының алдын алу үшін 50 жастан асқан ер адамдарға жаңа скрининг енгізді. Себебі, инсульт әйелдерге қарағанда ер адамдар арасында жиі кездеседі. Науқастардың 53%-ы – ерлер. Ауруды ерте анықтауды бұл да бір амалы.

Дерек бойынша инсульт алған науқастардың 5 мыңы алғашқы он күннің ішінде қайтыс болады екен. Ең жоғары қауіп 40 пен 60 жас арасында. Одан кейін 61 мен 70 арасындағы адамдар қатер тобында. 28% жағдайда 70-тен асқандар инсульт алады. 16-40 жас аралығындағы науқастар 4%-ды құрайды.

Тілдің күрмелуі, бір жақ беттің қисаюы, бір жақ аяқ-қолдың салдануы – инсульттің басты белгілері. Мұндай кездегі бірінші амал – медициналық көмекке жүгіну.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button