Руханият

Адам кейпіндегі ән

Қыр астынан шартабақ Күн енді көтеріліп, алтын тағында керіліп тұр еді. Ұялы телефоным шыр ете қалды. Әлгіні алаңсыз құлағыма тостым. «Сейіл ағаңнан айырылып қалдық» деді телефоннан бір дауыс. Сол сәтте дүние төңкерліп түскендей тұнжыр күй кештім. Өксіп жыладым. Неге екенін білмеймін, жарық жалғаннан ең бір жақын адамым көшкендей өксігімді тоқтата алсамшы. Еңірегенім сонша, арғы бөлмеде отырған шешем жетіп келіп: «Не болып қалды, тыныштық па?», – деді аң-таң болып. Ана жүрегі ұлының кеудесі неге қарс айрылғанын ұға алмай дал. Мен ештеңе де дей алмадым. Түсінсем, айтар едім-ау! Түсінбедім. Содан бері, міне, бір жыл өтіпті.

Сейіл ағамен алғаш студент шағымда кездесіппін. I курстағы боз­баламын ол уақытта. Дәлізде өнердегі бауырларымен қауқылдасып тұрған Сейіл әншіге келіп: «Сізбен суретке түсейінші» дедім. Ол кезде «Жас қаламды» сүйіп тыңдап жүр едім. Көз алдымда Сейіл Аяған емес, адам кейпіндегі ән тұрғандай күй кештім! «Жас қаламмен» тілдескендей болдым! Көзінен мейірім, жылу есіп тұрған Сейіл ағам «Ой, айналайын, келе ғой!» деп бауырына басты. Құшағы, алақаны сондай жылы. Әңгімесін үзбейін деген оймен, әріге бардым. «Айналайын!» Сол сәттен бастап, осы бір тылсым сөз бала кеудемді майда самал боп кезіп кетіпті. Албырттықпен мұны да аңдамаған екенмін.

Содан кейін талай әдеби кештерде, той-думанда ұшырасып қалып жүрдік. Кездескенде аңқылдап сәлем беремін. «Айналайын!» дейді. Болжамға көнбейтін өмірдің айқыш-ұйқыш жолдарында кездесіп қалатынымыз болмаса, іні боп соңынан ерген емеспін. Биіктігіне алыстан ғана қарап таңданатынмын.

«Қасыңызда жүрейін» десем, кеудемнен итермейді ғой. Бірақ, ол кезде «тірі ақынды», «тірі жұлдызды» алыстан көргеніме де қуанатын боз­баламын ғой мен… Сейіл Аяғанның маңында қазақтың небір айдарлы ұлдары көп еді. Өйткені, Ол – Халықтың Сейілі!

Сейіл ағам жұмыр жүрегімнің төріне көшіп алған екен. Тілдеспей-ақ, қасында жүріп-ақ жақсы Адамға бауыр басыппын. Қаралы хабар жеткенде ғана аяулы ағама деген сағыныш өрті лаулап шыға келді. Алау өзегімді күйдірді, өксітті.

Неге өксігенімді Сейіл ағасыз өткен бір жылда енді жете түсінгендеймін. Мен емес, жүрегім жылапты. Ал, темірдей сұп-суық ақыл жүректің сол қылығын түсіне алмай абдыраған. Кейіннен екеуі бір-бірін ұқты. Ұғынды. Мендік жүрек адамды алаламайтын, мейірім мен махаббат аңқыған алып жүректі ажалға қимапты. «Айналайынына» мейірі қанбапты. Сейіл Аяғанның жүрегі – пенделіктен аса жоғары, дүниенің кір-қоңы жұқпаған, қасиетті әннің өзі аялаған саф таза жүрек.

Ағамды соңғы сапарға шығарып салғанда, қазақ даласының сан тарабынан келген жұрттың жылағанын, зар илегенін көрдім. Олардың көзі емес, жүрегі жылады. Бұл – шүбәсіз…

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button