Жаңалықтар

Адалдықты ту етеді

Қарағандыда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен HackCor Hackathon атты үш күндік хакатон табысты өтті. Айти саласына қызығушылығы зор 200-ден астам жас талант еліміздің әр өңірінен жиналып, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жемқорлыққа қарсы жүйелер мен еріктілерге арналған мобильді қосымшалар дайындады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Жемқорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Бұл науқандық шара емес, бұл – азаматтардың мемлекетке деген сенімінің негізі», – деп атап өткен болатын.

Осы сенімді нығайту мақсатында өткен HackCor хакатоны – еліміздегі айти-технологиялар мен әділдік ұстанымдарын ұштастырған тың бастама болды.

Жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған байқауға 60 команда қатысып, өзара үш бағытта бақ сынасты. Ең үздік нәтиже көрсеткендер – Павлодар қаласынан келген Жігер Жапар мен Бараат Кахималаев. Олар XGuard атты инновациялық жүйені ұсынып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл модуль мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі күмәнді әрекеттерді машиналық оқыту арқылы анықтайды.

Екінші орынды математикалық талдау тәсілін қолданған тағы бір ЖИ-жоба иеленді. Ал, еріктілер бағыты бойынша Семей мен Шымкенттің жоғарғы сынып оқушылары әзірлеген SENIM платформасы үздік деп танылды.

– Қазылар алқасы үздік жобаларды әділ таңдады. Көрермендер көзайымын да ескердік. Қатысушылардың көпшілігінің идеялары өте өзекті және әрі қарай дамытуды қажет етеді, – дейді Террикон алқабының маркетинг бөлімінің жетекшісі Георгий Сергеев.

Көрермен көзайымы атанған командалар қатарында Astana IT University студенттері, Қарағандының IT мектеп-лицейлері мен Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейі де бар.

Бұл бастама – жас буынның адал қоғам құруға қосып жатқан үлесінің бір көрінісі. Технология мен парасатты ойды үйлестіре отырып, еліміздің жарқын болашағына сеніммен қадам басуға болады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button