Жаңалықтар

Адалдық пен әділеттің айбарындай

Өмірін адал еңбекпен айшықтап, заң мен әділеттің таразысын тең ұстап, көпке үлгі бола білген тұлғаның мерейлі белесі – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір саланың, тіпті, елдің мерейі. Өйткені, әділдік жолында аянбай тер төккен азаматтың ғұмыры – халық сенімінің өлшемі, мемлекет тірегінің бір бөлшегі. Осындай биік асуға абыроймен көтерілген, заң саласының ардагері, ел ағасы Моряк Смағұлұлы Шегеновтің жетпіс жасқа толуы – әріптестері мен шәкірттері үшін зор қуаныш, тағылымды тағдыр иесіне көрсетілер шынайы құрмет. Шынымен де, жалпақ жұртқа есімі мәлім, ел сенімін арқалаған азаматтың мерейтойлық жасқа жетуі, әсіресе, заң саласының ардагері үшін, айрықша мәні бар мәртебелі, елеулі кезең екені сөзсіз.

Сурет автордан

Міне, жылқы жылымыз басталғалы да алдыңғы буын үлкендеріміз мерейлі жасқа толып, ел-жұртының сый-құрметіне бөлену үстінде. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» демекші, қоршаған орта, ел-жұрт қошеметі өз алдына, ал заң мен сот айналасы өз ардагерлерін биік тұғырға көтеріп, мәртебесін асыра білетіні сөзсіз. Міне, сондай абыройы жоғары ардагерлеріміздің бірі Моряк Смағұлұлы Шегенов ағамыз да өзінің асулы жетпіс жасының желкенін керген екен.

Әркім де, бейнелеп айтсақ, өз қайығына мінген жолаушымен мұңдас, тілектес болуы заңдылық шығар. Дегенмен, заң ардагеріне деген құрметіміз айрықша. Кез келген аға заңгерлеріміздің мәртебелі мерейтойлық жасына келіп жетуінде мән мен мағына бар. Еліміздегі заң саласының өсіп-өркендеу жолында тынымсыз еңбек пен талап, ізденіс іздері сайрап жатыр.

Ең алдымен, азаматтың заң саласын таңдап, осы күрмеуі мол, күрделі жолға түсуінің өзі үлкен ерлікке пара-пар қадам, нар тәуекелдің ісі екендігін әрқайсымыз сезіне алсақ керек.

Ал, жалпы адами тұрғыдан алғанда, аузы дуалы көнекөз қарияларымыз айтып өткендей, ақсақалдық жастың жауапкершілігі қазақ ортасы үшін басым болып келгені анық. Ұрпақ алдындағы парызың көкейде тұрады. Оған әркім әрқилы келер. Дегенмен, «біздің халық сынағы мол сындарлы шақтың салмағын ерте сезінген-ау» деп пайымдаймыз.

Осы орайда, бұрынғылардың айтып кеткен лебізі еске оралады. Сексенін толтырып отырған қарияға әзілі жарасқан інілерінің бірі: «Сексен жас қалай екен, тоқсаныңызға шаршамай жететін шығарсыз?» – деп сұрақ қойса, әлгі қария: «Сексеніме көңілім толып отырған жоқ, тоқсанымды қайдан білейін, бірақ, жетпісім тәуірлеу еді», – деген екен дейді.

Әрине, әзіл орайында айтылса да, ойландырар астарлы сөз. Қария адам жасы ұлғайған сайын сын көбейетінін меңзеп отырғандай. Дегенмен, бір нәрсе айқын ақиқат: Жаратқанның жомарттықпен сыйлаған кез келген жасы қымбат. Әр асқан асудың, бел-белестің өз орны бар екендігі күмән тудырмайды. Мәселе – сол жасқа қалай келіп жетуде шығар.

Осы тұрғыдан алғанда, өзінің жетпіс жылдық асуына қиналмай көтеріліп, лайықты абыройлы биігінде қарсы ала білген ардагер ағамыздың бірі Моряк Смағұлұлы Шегенов деп айтуға толық қақымыз бар.
Әрине, кім-кімнің де болсын абыройлы асуы, ешкімге ұқсамайтын өзіндік сонар соқпағы өмірбаян жолдарынан танылып, менмұндалап тұрады.

Ең алдымен, біз қалам тербеп отырған ардагер тұлғамыздың есімінің өзі алғаш естіген елді елең еткізеді. Абай атамыздың Пушкиннен аударған «Алтын балық туралы ертегі» поэмасы «Асау теңіз долданып, буырқанып…» деп басталушы еді ғой. «Моряк» дегенде, адам елең етіп, сондай суретті көз алдына елестетпей ме?!

Сөйтсек, ағамыз – ондай теңіз-дарияда жүріп өспеген, боз жусан иіскеп, құм кешіп өскен қарапайым ауыл баласы. Ағамыз өмір есігін ашқанда, бір теңізші болған жамағайын туысы әскер қатарынан оралса керек. Ырымшыл қазақ: «Балам осындай теңізші болса, жаман болмас», – деп ырымдап, сәбиін «Моряк» атаған.
Осыдан тура он жыл бұрын, ағамыз алпысқа толғанда, құрдасы Әділ Құрықбаев ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне атауын менмұндалатып, «Моряк» деген атауымен мақала жариялап, мұның тарихын қызықты баяндап бергені де есімізде.

Моряк Смағұлұлының да айшықты өмірбаян беттерінде назар аударарлық жарқын, жемісті жолдар сайрап жатыр. Бірақ, соған жету жолдары оңайға соқпаған. Біздің кейіпкеріміз бала жасынан өмірдің талқысына түсіп, талай сынақты басынан өткеріпті. Десе де, мойымаған, сынбаған, түпкілікті мұрат-мақсатына жету жолында табанынан тозып, еңбектеніп, қажымай-талмай ізденген. Түбі қайырлы болған. «Ізденген жетер мұратқа» демей ме?!

Бір көзіміз жеткені – осы кеңестік дәуірде туып-өскен ұрпақтың кез келгенінің өмірі жазылмаған бір дастан. Әсіресе, заңгерлікке жету жолдары кім-кімге де оңай соқпағанын бірден аңғарасыз. Оның себебі түсінікті де. Жетпіс жылдық кеңестік дәуір елге адам айтқысыз ауыр тауқымет түсірді.

Егер өз тақырыбымызбен, басты кейіпкеріміздің тағдырымен байланыстыра сөз өрбітсек, Моряк Смағұлұлы дүниеге келген 1956 жылдардың өзінде алдыңғы қасіретті кезеңдердің зардабы әлі басыла қоймаған еді. Халық бірінен кейін бірі толқын-толқын соғып өткен қанды революция, кәмпеске (конфискация) жұты, сұрапыл ашаршылық, репрессияға ұласқан қуғын-сүргін, іле-шала басталған қырғын соғыс зұлматынан әлі ес жиып үлгермеген, саясат ызғары басылмаған, ел үрейден арылмаған кезең болатын. Оның үстіне, Никита Хрущевтің елдің басына әңгіртаяқ орнатқан заманы еді.

Халық бұл кезеңде әлі бүтін киімге қолы жетпеген, аздап ішер асқа қолы жетсе, соны қанағат қылған уақыт болғандығын үлкендерімізден естіп, құлағымыз қанығып өстік.

Міне, осындай қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан шаққа балалығы тап келген өрімдей жасөспірімге тағы қосымша соққы болып тиіп, әкесі тым ерте өмірден өтіпті. Содан бір мүшелін толтырмай жатып, зілбатпан жүк мойнына артылған. «Шешеме қолғабысымды тигізем», – деп, буыны қатпай жатып, шөп шапқан, мал баққан. Қысқасы, ауылда соғыстан қайтпай қалған азаматтар орнында еңбектеніп, совхоздың бейнетті жұмыстарына жегілген.

Сөйтіп жүргенде ержетіп, алдынан бір әулеттің өзіне артқан аманатты міндетін орындау парызы туындайды. Иә, ер-азамат қашанғы шаруа айналасында жүре бермек?!

Болар азамат бір әулеттің жүгін арқалағанына қанағат тұтпасы белгілі. Анасы да батасын беріп: «Енді, шырағым, бізге көп алаңдама, өз болашақ сара жолыңды тап!» – дегенде, бірден заң саласын таңдапты.
Мұнда да алдынан жарқыраған даңғыл жол тосып тұрмаған. Өзі қалаған Е.Бөкетов атындағы оқу ордасының заң факультетін қалаған талапкерлер өте көп еді. Алғашқы екі талпынысы сәтсіз болғанда да беті қайтып, жүнжімеді, еңсесі түспеді. Ауылына келіп, слесарьлықпен айналыса жүріп, келесі оқу жылын сабырмен күтті. Ақыры үшінші жылы келгенде талабына нұр жауды.

Қарап отырсаң, біраз азаматтардың осындай қиындықтар мен кедергілі сатылардан өткенін аңдайсың. Дегенмен оқу, шәкірттік ізденіс өмір жолының әлі алғашқы баспалдақтары екен. Алдында әлі талай арман асулары күтіп тұрғаны анық еді.

Қалай болғанда да, адам баласын өрге сүйрейтін сенім. Заңгерліктің қатаң талапты жолына түскен жас мұның оңай болмайтынын да болжай алса керек. Дана Абайша өрелесек, «ақырын жүріп, анық басып», өз орнын айқындай беріпті.

Бала кезімізде қариялар аузынан: «Айыр мен күрек ұстап шынықпаған баладан береке шықпайды», – дегенді көп естуші едік. Соның жаны бар лебіз екендігіне көз жеткізіп келеміз. Бұған Моряк Смағұлұлының өмірбаян жолдарынан артық мысал табу қиын шығар.

Еңбек кітапшасына түскен жұмыс өтілі – ауылдағы слесарьлықтан бастап, елінің Жоғарғы сотының судьясына дейінгі жолдан өткен азаматтық белестердің айғағы.

Қарағандыдан 1983 жылы оқуын тә­мамдап, дипломы қолына тиген соң, Жез­қазған қаласынан бір-ақ шығыпты. Жаңа ғана оқу бітірген жас үшін бұл үлкен сынақ еді. Бастапқы қадамдар көбінесе шағындау елдімекендерден, аудан орталықтарынан басталып жатады.

Бастапқыда қалалық транспорт саласы бойынша прокурор көмекшісі, одан Жезқазған қалалық халық сотының судьясы болып қызмет атқарған. Осылайша Жезқазғанда тәжірибе жинап, ысыла келе, 1997 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударады. Мұнда әуелгі жылдарда Қарағанды облыстық сотының судьясы қыз­метін атқарған. Көп ұзамай Қарағанды облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарып, абырой биігінен көрінді.

Ал, 2009 жылы Моряк Смағұлұлы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болып тағайындалғанда, бұл сот қауымдастығы үшін солай болуға тиіс заңдылықтай қабылданды.
Аңдап байқасақ, сырт қарағанда қарыштап, сатылап тез көтеріліп кеткендей сезілгенімен, мұнда нағыз еңбек адамының тамшылаған ащы тері мен азабы, сарсылған ізденісі мен табанынан таусылған талап іздері жатыр.

Заң адамы үшін «мен пәлендей жолдардан жүріп өтіп едім» деп кеуде қағу ұят. Көңіл қойып, зерделеген әріптестер байыптары хақ. Соның нәтижесінде бұл еңбек жолы, еліміздің заң істеріне қосқан үлесі үкімет тарапынан елеусіз қалмаған, жоғары бағасын алған.

Әр жылдары «Құрмет» орденімен, «Үш би» төсбелгісімен, көптеген медальдармен марапатталған. Оның үстіне, Моряк Смағұлұлының заң мен сот істеріне кездейсоқ келмегенін, өз сара жолын тапқанын жақсы білетін, мойындайтын ортасы бар. Кәсіби біліктілігімен қоса, кісілік келбетін, үлкендік өнегесін, ағалық ақыл-кеңесін қабылдап, бағалай алатын қауым бар.

Айналып келгенде, шынайы қадір-қасиетіңді ажыратып, әділ бағасын берушілер де осы заң қауымдастығының айналасы екендігін ешкім жоққа шығара алмас.

Заң адамы қашанда елінің көз алдында. Сондықтан да болуы керек, оған айтылатын сын көп, мін артушылық та аз болмайды. Кейде орынды, кейде орынсыз, кейде қым-қиғаш қарама-қайшылықты. Мықты болсаң – шыдап бақ. Өзің таңдап түскен жол. Қаншама қиындығы мен азабын біле тұра тәуекелге бел байлаған жоқ па едің?!

Осындай ой тығырығына тірелген сәттер кімде болсын аз болмас. Дәл осы жерде көкейімді түрткілеп, шығармасыма қоймаған, Моряк Смағұлұлымен жолымыз түйіскендегі бір қызмет бабындағы қатты шиеленіске ұласқан, пікір-көзқарастарымыз кереғар келген, бірақ, ақыр түбі қайырлы болған оқиғаны еске түсіргім келеді. Әрине, әлдеқашан бастан өткен жағдай, бөтен ой жоқ – тек сабақ үшін.

Моряк Смағұлұлымен жолымызды тоғыстырған сонау 2000-жылдардың басында ағамыз Қарағанды облыстық сотының судьясы еді. Ал, мен Теміртау қалалық сотының төрағасымын. Бұл кісінің де қайратты, арыстандай азулы шағы. Мен де өзімше осал емеспін – солтүстік өңірде он жылға жуық сот саласында тәжірибе жинаған, жалындаған жастау кезім.

Бірақ ашығын айтып, әділетке жүгінсем, сол тұстарда мен басқарған Теміртау қалалық соты көбірек сынға ілініп, ерінбеген соқтықпай өтпейтін, мысалға келтіруге қолайлы нысанаға айналған кез еді.

Облыстық деңгейдегі есепті жиында Теміртау қалалық соты ащылау түйреліп, сын тезіне іліге бастағанда, қатты ширықтым. Мүмкін, өзіме дейінгі құлдырап тұрған жағдайды өз адресіме қабылдамай, сырт айналып өте шығуыма болар ма еді. Дегенмен, артымда сенім артқан ұжым тұрған соң, шегінерге жер қалмады.

«Не бел кетеді, не белбеу кетеді» дейтін басыма сынақ түсті. Сөздің қысқасы, облыстық сот тарапынан жіберілген кемшіліктерді жайып салып: «Тек Теміртау қалалық сотының ғана емес, жалпы облыс көлеміндегі бірінші саты соттарының кемшіліктерінің негізгі себебі апелляциялық алқаның біркелкі сот тәжірибесін ұстамағандығынан» деп пікір білдіріп, бірнеше мысал келтірдім.

Әрине, бұл пікір облыс басшыларына ұнамады. Сондықтан, баяндамамдағы дәйектерге тұжырым жасау Моряк Смағұлұлына тапсырылды. Осы бір сын сағаттағы жағдайдың әділ бағасын бергенін қалай ұмытайын?!

Кейін ойласам, менікі жүрек жұтқан көзжұмбайлық әрекет болғандай. Дегенмен, алдымыздағы аға буынның парасат-пайымына, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін таным көкжиегінің кеңдігіне сенгендігім болса керек.

Мұны еске алып отырғаным – өзімді дәріптеу емес, аға заңгерлеріміздің кейінгі буынға кеңшілігін, олардың мүмкіндіктерінің ашылуына жағдай жасаған ықпалын жеткізгім келгені.

Әрине, Моряк Смағұлұлы соны жақсы түсініп, қабылдай білді. Өзінің жоғары қызмет жағдайын пайдаланып, маған қысым көрсетуді ойламады. Мен үшін осы маңызды болды. Керісінше, осыдан кейін өзара түсініскен, ынтымағы жарасқан әріптестерге айналдық.

Қазақ «ер шекіспей, бекіспейді» дейді ғой. Бәлкім, бұл нақыл жаугершілік дәуірден қалған болар. Десе де, бүгінгі заң мен сот саласына да жат емес. Қарама-қайшылықты пікір-көзқарастардың болуы – заңдылық. Бірақ, ең маңыздысы – заң мен сот мемлекеттілігіміздің басты қазығы, елдігіміздің дәнекері екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Өз басым, Моряк Смағұлұлы сияқты аға буын әріптестерімнің осындай адал ұстаныммен өмір сүретініне зәредей күмәнім жоқ. Біздің жастарымыз, әсіресе болашақ заңгерлеріміз, осындай ұлағатты бойына дарытып, алдыңғы буыннан өнеге алып өссе – ешкімнен кем қалмасы анық.

Сөзімді түйіндей келе, Моряк Смағұлұлына тілерім – мықты денсаулық, отбасылық бақыт. Жетпіс жас – сіз үшін тоқырау емес, нағыз дер шағыңыз. Енді өзіңіз үшін өмір сүріңіз. Осы мерейлі жаста да парызыңыз аз емес – өсіп келе жатқан болашақ заңгерлерге ақылшы, тәлімгер болыңыз.

Жан жарыңыз Роза Қошанова жеңгемізбен бірге, ұл-қыздарыңыз Ерлан мен Ләйланың, олардан өрбіген ұрпақтың махаббатына, қызық-қуанышына бөленіңіздер. Жаратқан Иеміз сіздерге ұзақ ғұмыр сыйласын!

Досжан ӘМІР,
ҚР Жоғарғы Судьялар одағының төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button