Қарағандыдағы 186 мектепте қоңырау үні күй күмбіріне ауысты
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептерде «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама енгізілді. Мұның түпкі мәні – адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу. Бағдарламаның өзегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеологиялық үштағанымен астасып жатыр. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының мазмұны жаңарған жалғасы болып отыр.

Атауы өзгергенмен, мазмұны өзгерген жоқ
2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды», – дей келе, Құрылтай мүшелері бұл бағдарлама атауын «Адал азамат» деп өзгертуді ұсынғанын және бұл ұсыныспен толық келісетінін баса айтқан болатын. Бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде жаңа атауы бекітілді. Нәтижесінде бұрынғы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енді «Адал азамат» деп аталады. Еске сала кетейік, бұрынғысы 2023 жылы пилоттық режимде енгізіліп, 2024 жылы барлық білім беру ұйымдарында іске асырыла бастады.
Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады. Бағдарлама тек мемлекеттік білім беру ұйымдарымен шектелген жоқ, алғаш рет жекеменшік мектептер үшін де міндетті болып отыр. Бұл тұжырымдама – ел көлемінде білім ошақтарында тәрбие жұмысының бірізді стандартпен жүргізілуін және барлық оқушылар үшін тең орта қалыптастыруды көздейді. Ал оның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат тәрбиелеу.
Брендбуктің бірегей мазмұны
Бағдарлама негізінде барлық мектептер бірыңғай визуалды стандарт – брендбукпен безендірілуде. Осылайша, мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбие құндылықтары мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады. Бұл тұрғыда «Келешек мектептері» негізінде салынған барлық жаңа мектептердің ішкі, сыртқы дизайны басқа да білім ошақтарына үлгі бола алады. Мәселен, Қарағандыдағы былтыр жаңадан ашылған №19 мектептің дизайны ұлттық құндылықтарды айқындайтын қазақы нақыштағы ою-өрнектерге толы екенін байқаған боларсыз. Мұның бәрі биыл атауы ғана ауысқан тұжырымдамаға сай безендірілген. Ал биыл аталған мектеп дәліздері «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының бағыт-бағдары айқындалған жазулармен толықтырылыпты. Барлық мектептерде ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын 6 құндылық жазылып тұр.
«Бұл нені көздейді?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «Тәрбие көру арқылы жүзеге асады» дейді. Оның айтуынша, отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мектептің ішкі экожүйесі тәрбиемен ұштастырылып, қолайлы кеңістік қалыптастырылады. «Білім ордасы – үшінші ұстаз» деген тезис ғалымдар арқылы мойындалған.
– Бағдарлама бала тәрбиесіне жаңа серпін беріп, қоғамдағы тәрбиенің темірқазығы болуға бағытталған идеологиялық құжат ретінде қалыптасып келеді. Оның идеологиялық қуаты тек білім алушылармен ғана шектелмей, тұтас қоғамды қамтиды деп сенеміз, – деген болатын оқу-ағарту вице-министрі.
Бүгінде жаңа мектептер ғана емес, күрделі жөндеуден өткен білім ошақтары да біртұтас бағдарлама көрінісінің нышаны ретінде брендбукпен безендірілуде. Бұған биыл күрделі жөндеуден өткен Қарағандыдағы №5 қосымша білім беру мектеп-орталығы дәлел.
– Кіреберістегі барлық брендбук «Адал азамат» бағдарламасынан алынды. Бірінші қабаттағы дәліз қабырғаларын арнайы мамандар мен мектеп мұғалімдері безендірді. Барлық мектептерге енгізіліп жатқан біртұтас бағдарлама негізінде жазылған жазуды бала өткен сайын оқып, санасына тоқиды. Безендірулер спортзалда да жалғасын табады, – деді мектеп-орталық директоры Торғын Нұрмағамбетова.
Мұндай өзгерісті биыл жөндеуден өткен С.Сейфуллин атындағы гимназиядан да байқадық.
Тәрбие жұмысына барлық тарап қатысады
Мектептегі тәрбие жұмысы бағдарламаға сай жүзеге асуда. Құндылықтарды бала бойына сіңіруде оқытылатын пән мазмұны, сынып сағаттары және сыныптан тыс тәрбие шаралары жаңғыртылып, барлық тараптар өзара бірлесе қызмет атқарады. Айталық, мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз байланыста жүргізіледі. Осылайша, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар – оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізілуде. Сонымен қатар, оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді.
Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектеп бағдарламаға негізделген тәрбие жұмысын бастап кетті. Жаңа оқу жылында мектепте шахмат, футбол сыныбы, қыздар сыныбы, журналистика және медицина сыныптары ашылған. Білім ошағы облыстық кітапхана, медициналық орталық сынды мемлекеттік органдармен тығыз байланыста. Олармен бірге жұмыс жоспары құрылған.
– Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру – маңызды міндет. Қазір мектеп осыған ден қоюда. «Өнегелі 15 минутқа» тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да қатысады, дәйек сөздерге қатысты тақырып беріліп, балалары арқылы отбасы құндылығын қадағалайды. Қазақы тәрбиеге аса мән беру көзделді. Қыз балалардың шашы жинақы жүруі үшін «Шаш бұрым» челленджін жасағалы отырмыз. Ұлттық ойындардан төменгі сыныптар асық ойнаса, орта және жоғарғы буын тоғызқұмалақ, қол күрес сынды спорттық ойындарды ойнайды, жарыс ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сабақ аяқталғанда қоңырау күй әуенімен соғылады, – деді Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сайлаубекқызы.
Өңірдегі 186 мектепте сыңғырлаған қоңырау үні күй күмбірімен алмасқан. Мұны орыс тілінде білім беретін Теміртаудағы №1 гимназиядан да естіген болатынбыз. Демек, жас ұрпақ ұлттық құндылықты көру арқылы да, есту арқылы да бойға сіңіруде.
Ата-ана – тәрбиенің түп қазығы
Бала тәрбиелеу ісі ортақ жауапкершілікті көздейді. Тәрбиенің бастау бұлағы отбасы, ата-ана екені белгілі. Ал мектептегі тәрбие осыған қосалқы құрал ғана. Десек те, жаңа бағдарлама аясында бала тәрбиелеуге қатысатын мектеп пен ата-аналарды өзара біріктіретін модель енгізіліп жатыр. Себебі, ата-аналармен жұмыс маңызды рөл атқарады. Осы бағытта Қарағанды облысының мектептерінде 16 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Жас оқырман», «Отбасы сағаты», «Мейірім» аналар клубы, «Ұлағат» әкелер клубы, «Бір отбасы – бір кітап», қыздар мен ұлдарға арналған «Қаһармандар» және «Тұмар» клубтары, «Алғашқы ұстаз – ата-ана» жобалары бар.
Ата-аналар мен ұстаздардың бірлескен әрекеті балаларды тәрбиелеудің негізгі өзегі болмақ. Яғни, оқуына оң әсер етеді, баланың дамуы мен оның әл-ауқатына тигізер ықпалы мол. Осы тұста Қарағанды облысының 404 білім беру ұйымында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары», «Даналық мектебі» клубтары құрылған.
Ата-аналарды педагогикалық қолдауда отбасылық әл-ауқаттың негізі ретінде ұлттық мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, отбасылық құндылықтарға баса мән беріледі. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, мұның бәрі оң нәтиже беруде. Өйткені ата-аналарды іс-шараларға, сабақтарға және ата-аналар жиналысына қамту көрсеткіші артып, олар мектептермен, сынып жетекшілерімен, мектеп психологтарымен көбірек жұмыс істей бастаған.
Ойымызды сабақтасақ, бала тәрбиесінде баршаға ортақ ұстаным бар. Ол – елге қызмет ететін адал азамат тәрбиелеу. Біз сөз еткен «Адал азамат» бағдарламасының көздейтіні де осы. Жалпыұлттық сипат алған, ұлттың ортақ игілігіне айналған жүйе осылайша бала бойына сіңіретін құндылықтарды айқындап берді. Ал оның көрсетер нәтижесі мен берер жемісі алдағы жылдардың еншісінде.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»