Адал қызмет абыройға жетелейді
Елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Оның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы туралы халықты үнемі хабардар етіп, кешенді іс-қимыл арқылы қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал жасау көзделген.
Қарқаралы ауданында сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау, алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен аудан әкімдігінің ресми сайты және әлеуметтік желілер арқылы ішкі талдаудың басталуы мен нәтижелері бойынша тиісті ақпараттар жарияланып тұрады.
Ауданда әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілерге, сондай-ақ, қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мониторингісі үнемі жүргізіліп тұрады. Бүгінде Қарқаралы ауданында мұндай фактілер тіркелген жоқ.
«Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы аясында ауданымызда жергілікті тұрғындармен мәселелерді бірлесе шешу, кері байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. Биылдан бастап, «Әкім сағаты» шарасы жанданып, ай сайын өткізіліп келеді. Онда аудан әкімі ретінде аудан тұрғындарының сұрақтарына тікелей эфирде жауап беріп, маңызды мәселелер тұрғындармен бірлесе талқылануда. Сондай-ақ, тоқсан сайын ауданға қарасты тұрғындармен есепті кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылдың І жартыжылдығында барлық деңгейде жүз есепті кездесу өтіп, барлығы 409 мәселе көтерілді. Кездесулерге үш мыңнан астам адам қатысты. Бұдан бөлек аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы өтіп тұрады. Осы шаралардың бәрі тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, мәселелерді түбегейлі шешуге, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға өз септігін тигізуде.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мақсатында ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі ай сайын мемлекеттік қызметшілер үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндіру іс-шараларын жүргізеді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен міндеттемелердің басқа да шараларының сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі, бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тоқсан сайын мәліметтер ұсынылады.
Осы ретте ағымдағы жылдың басынан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша 244 шара өткізілді. Оған 3000-ға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, жастар мен халық арасында кездесулер, «Адал көмек» акциясы аясында 20 тікелей эфир ұйымдастырылды. Халыққа және бизнес құрылымдарына 150-ден астам буклет таратылып, ауданның елді мекендерінде баннерлер орнатылды. Алты мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбы бойынша оқуға жіберілді.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылуда. Осы мақсатта 2023 жылы Қарқаралы ауданы бойынша аудандық бюджеттен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық мәдениетін ілгерілету жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу бойынша арнайы қаржы бөлінді.
Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «ADAAL» Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігімен шарт жасалып, алдағы уақытта Қарқаралы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар атқарылатын болады. Оның ішінде, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, ауданның мекемелерінде, кәсіпорындары мен ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта дөңгелек үстелдер, пікірталастар, форум, кездесулер, сонымен қатар, аудан бойынша мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің басқосулары, мектеп оқушылары арасында эссе, шығарма жазу, сурет салу, бейнероликтер әзірлеу конкурстары, брейн-ринг және тағы да басқа шаралар көзделуде.
Мемлекеттік органдар қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықпен ашық диалог құру, тұрғындардың билік органдарына деген сенімін арттыру мақсатында 2020 жылы аудан әкімдігінде фронт-офис ашылды.
Жалпы алғанда, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, алдын алу мен себеп-салдарын жою бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарқаралы ауданының әкімі