Руханият

Адал қоғам қалыптастырудың алғышарты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында кезекті ІІІ Ұлттық құрылтай отырысын, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты мазмұнды тақырып аясында өткізіп, еліміздің басты идеологиялық құндылықтарының басым бағыттарын айқындап берді.

Сурет: kazatu.edu.kz сайтынан

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі Әділетті Қазақстан қоғамын құрудағы атқаратын қызметі аса салмақты. Дана халқымыз қай дәуірде болмасын «кеңесіп пішкен тон келте болмас», – дей отырып, дәстүрлі дала демократиясына негізделген алқалы жиындарда «тең атаның ұлындай» кеңесе отырып, ел мен жердің тағдыршешті мәселелерін талқылаған. Содан болар, ықылым заманнан бері түркі халықтарының дүниетанымында «Құрылтай» ұғымы бүкіл халықтың бас қосқан жиналысы, мемлекеттің саяси билігінің ресми кеңесі деген атауды білдірген. Ел басына күн туғанда немесе ханды сайлағанда Ұлы Даланың бір қиырынан екінші қиырына дейін хабаршы жіберіп, бес қаруын асынған ер-азаматтар түгел қатысатын құрылтай шақырылған.

Тарихтың дөңгелегі үнемі алға жылжиды. Араға ғасырларды салып, киелі құрылтай атауы халқымызға қайта оралды. Бүгінгі күнде «Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы 2022 жылдың 16 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сарапшылармен қатар, аймақтардағы азаматтық қоғамның беделді өкілдері мүше болып кірді. Ұлттық құрылтай құрылғалы мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл арада саяси билік пен азаматтық қоғамның әріптестігінің басты бағдары – адалдық ұстанымын басшылыққа алған Әділетті Қазақстанды құру болмақ. Демек, халық пен билік арасында жаңа қоғамдық ортақ мәміле қалыптасады. Ұлттық құрылтайда талқыланған өзекті мәселелер араға көп уақыт салмай, республика Парламентінің күн тәртібінде қаралып жатқанына көзі қарақты көпшілік куә. Сондықтан Жаңа Қазақстан жарияланғалы өтіп жатқан құрылтайларды өткен замандардағы мәртебелі бас қосулардың трансформацияланған түріндегі заңды жалғасы немесе әділетті Қазақстанның мәдени-рухани және саяси қайта жаңғыруы деп бағалауға болады. Соған сәйкес Ұлттық құрылтайлардан халқымыз Қазақстан қоғамының толғандырып келген ұлттық құндылықтардың басты ұстындары болып саналатын: отаншылдық қасиетті нығайту, тіл, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, руханият, мәдениет, діни мәселелер т.б. мәселелердің оң шешілгенін қалайды және талап етеді.

Президентіміз Ұлттық құрылтайда құрылғанына биыл 800 жыл толып отырған Жошы ұлысының қасиетті Ұлытаудан кейінгі саяси орталығы болған Еділ-Жайық өңіріндегі көне Сарайшық қаласының жанында орналасқан Атырау қаласында өтіп жатқанының тарихи маңызын да кеңінен атап өтті. Іргетасы шамамен мың жыл бұрын қаланған көне Сарайшық қаласы жөніндегі араб-парсы деректері бізге кеңінен белгілі. ХІV ғасырда Жошы ұлысына арнайы сапарлап келген Ибн Батутаны Сарайшық қаласын Бағдат қаласымен салыстырады. Шығыс пен Батыс өркениеттерінің қақ ортасында орналасқан көне Сарайшық қаласы Ұлық Ұлыстың саяси әкімшілік, сауда орталығы ғана болмай Ұлы Жібек жолының бойындағы геостратегиялық мәнге ие болып, Жошы Ұлысының кіші астанасы рөлін атқарған. Орта ғасырлар дәуірінің атақты тарихшысы Қадырғали Жалайыр шамамен 1600 жылдары жазған «Шежірелер жинағы» еңбегінде «Қасым хан ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күнде оның қабірі Сарайшықта жатыр», – деп жазып кеткен.

Қай заманда болмасын мемлекетті дамытып, бәсекеге қабілетті әлеуетті экономикасын құратын белсенді топ болады. Ол, әрине, интеллектуалдық қабілетке ие білімді ұрпақ болмақ. Білім мен ғылым адам баласына тек кітап оқумен келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек», – дей келе еліміздегі кітапхана ісін қайта жаңғырту жөніндегі өзінің бағдарламалық маңызы бар пікірін айтып өтті.

Дана халқымыз «артық білім – кітапта» деп дәл айтқан. Адамзат өркениетін биік деңгейге жеткізген ғылыми ізденіс­тердің құпиялары тек кітапханалар мен арнайы зертханаларда ашылған. Қай заманда болмасын кітапхана – сапалы білім берудің ең басты кепілі. Ұлттық құндылық пен руханиятымыздың бастауы кітапта. Кітап оқып өскен өскелең ұрпақ ертең елімізді әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына апаратыны сөзсіз. Ғылыми-техникалық прогресс қаншалықты дамып, адам баласы технологиялық жетістіктерді игеріп, іздеген кітабыңыздың электрондық нұсқасын интернеттен тауып оқыған күннің өзінде де кітапхананың орны бөлек.

Осы орайда таяу күндері Президенттің тапсырмасымен Астана мен Алматы қалаларында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалар салынатын болса, елімізде білімді ұрпақтың жаңа буыны қалыптасады.

Биылғы Ұлттық құрылтайда халқымыздың жалпыұлттық мерекесі әз Наурыз­дың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыту туралы мәселе айтылды. Сондықтан болар, биылғы Наурыз мерекесі ерекше жаңа үлгіде өтіп, әрбір отбасыда, аулаларда, қаланың орталық саябақтарында халқымыздың ән-күйі мен салт-дәстүрі кең ауқымда насихатталды. Ұлттық киімнің бренд екеніне осы жолы көзіміз жетті. Бұл жерде, әрине, атқарушы билік тарапынан Наурыз мерекесін кеңінен атап өтуге жағдай жасалғаны белгілі. Осылай біз ұлттық құндылықтарымыздың идеологиялық бағдарын айқындадық. Себебі, бүгінгі күнде қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен рухани-мәдени дүниесіне жат діни ағымдардан және жат мәдениетті ұстанушылар тарапынан мақсатты түрде шабуылдар жасалып жатыр. Енді мемлекеттік деңгейде бұл мәселені күн тәртібіне қоймаса, кейін кеш қалып, қолымызды мерзімнен кеш сермеп қалуымыз да ғажап емес. Сондықтан, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев: «Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек», – деп ашық айтты.

Біздің халқымыз адамзаттың асыл діні исламды өз еркімізбен қабылдағанбыз. Исламды қабылдау барысындағы күрделі қарама-қайшылыққа толы дәуірде адамзат өркениетінің қарыштап өркендеуіне зор ықпал жасаған, түркі дүниесі мен мұсылмандық Шығыстың ұлы тұлғалары – Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Ясауилер тарих сахнасына шықты. Кеңістік пен уақыттың түйіскен тұсы болған тарихи кезеңде дүниеге келген түркі ғалымдары өздерінің ғылыми еңбектерін, шығармаларын араб тілінде ғана емес, өздерінің ана тілі – түркі тілдерінде жазып, араб-парсы мәдениетінің ықпалынан туған халқын қорғап қана қоймай, рухани дүниетанымы мен интеллектуалдық қабілеті кемеліне келген Ұлы даланың қаһармандық тарихын сақтап қалды. Осы кезде түркі халықтарының арасына ислам діні кең түрде бейбіт жолмен тарай бастады. Ал, исламды қабылдаған түркі халықтары оның ілімі мен рухани құндылықтарын жанқиярлықпен қорғай бастады. Бүгінгі күнгі Жаңа Қазақстан қоғамында да діни сана-сезімге еркіндік берілген. Тек заң аясынан шығуға болмайды. Заң бәрімізге ортақ деструктивті ағымдарға мемлекеттік саясат деңгейінде тосқауыл қойылуы тиіс. Себебі, еліміздің рухани құндылықтары бірінші орында тұрады. Конституциямызда «Қазақстан – зайырлы ел» деп жазылған.

Мемлекет басшысы еліміздегі патриоттық тәрбие мәселесінің басым бағытта қала беретіні және оны жүзеге асыруда нақты табанды қадамдардың болатынын жеткізді. Енді күштік құрылымдар мен әскери қызметкерлерге арналған «Айбын» орденінің дәрежелеріне халқымыз­дың қаһарман тұлғалары Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері беріледі. Бұл сөз жоқ тарихи әділеттіліктің жүзеге асқаны деп білеміз. Кеңес Одағының зорлықшыл саясатының салдарынан аты аталған батыр азаматтарымыз көзінің тірісінде өз дәрежесінде құрметтелмегені бәрімізге белгілі еді.

Біздің ең басты құндылығымыз бен ең бірінші жетістігіміз ол – киелі тәуелсіздігіміз. Қазақта қасиет деген ұғым бар. Сол қасиет – киелі тәуелсіздігіміздің аясында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты идеологиямыздың тұжырымдамасы қалыптасады. Әділетті Қазақстанның қоғамды топтастырудағы идеологиялық негізі отаншыл азаматтардың жасампаз еңбегі мен қажыр-қайраты елдің руханияты мен әлеуетті экономикасын дамытуға бағытталады. Дүниетанымның, тарихи зерденің, салт-дәстүрдің, рухани дүниенің, материалдық мәдениеттің, территориялық тұтастығының бір болуы нәтижесінде Әділетті Қазақстанның тұғыры берік болады. Осы орайда Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда еліміздің идеологемалық құндылықтары халыққа кеңінен насихатталды және бүгінде ішкі саясатымыздағы басты жетістігіміз азаматтық қағидаларға негізделген қазақстандық бірегейлікті нығайтудың және дамытудың жолдарын көрсете білді.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің PhD докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button