Адал еңбек мақсатқа жеткізеді
Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік қазіргі уақытта жеткілікті. Халық даналығына сенсек, «қалауын тапса, қар да жанады». Мәселе – ниет пен оған сәйкес әрекетте. Ниеті де бар, әрекет те жасайтын жандарды мемлекет қолдауға әзір. Қайтарымсыз гранттарды мысалға алайық. Биыл 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 178 грант берілді. Бұл шамамен 1 жарым миллион теңге.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдегендей, гранттар жиһаз, кондитерлік цех ашуға, этникалық үлгідегі, сыртқы және балалар киімдерін тігуге, массаж кабинетін, сұлулық салонын, эстетикалық косметология, шығармашылық орындарын, тез тамақтану дүңгіршектерін ашу, қымыз үшін жабдықтар сатып алуға, наубайхана, шұжық жасау цехы, кофе аппараты, анимациялық сервис, оттегі борокамерасы, монша, автокөлік бөлшектері дүкенінің металл конструкцияларын өндіру, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау сынды көптеген бағыттар бойынша жасалған жобаларға беріледі. Яғни, кез келген бағытта бағын байқап көрсе болады. Қарағанды қаласының тұрғыны Торғын Баймағанбетова дәл солай жасады. Ол грант ұтып алып, қазір тігін цехын ашқан, 3-4 адамды да жұмыспен қамтыған жайы бар.
Торғын Қартайқызының айтуынша, тігінді бала күтімімен отырған кезінде бастаған екен. Грант қаражатына 8-9 түрлі тігін машинкасын алып, күнделікті тапсырыс орындап отыр. Алдағы уақытта тағы да 2-3 адамды жұмысқа алғысы келетінін жеткізді.
– Қазақша нақыштағы шапан, күртеше, бомбер, сыныптарға желетке тігеміз. Қарағандыдан ғана емес, республиканың бірқатар қалаларынан тапсырыстар түсіп жатады. Бір қаланың бір мектебінен тапсырыс түссе, ол жақтан тағы 3-4 тапсырыс келеді. Себебі, адамдар өнімдеріміздің сапасын көреді. Желеткелерді, мысалы, өлкелең етіп дайындаймыз. Күнделікті 30 желетке тігіп шығамыз, яғни, бір сыныптың оқушыларына дайындаймыз. Кейде үлгермей де қаламыз, сондықтан, алдағы уақытта тағы да жұмысқа адам алайын деп отырмын, – деді кәсіпкер.
Ол өнімдерінің жасалу процесін Tik-tok әлеуметтік желісіне салып отырады. Оның да көмегі болды дейді.
– Тігу барысы халыққа қызық. Содан да болар, тапсырыс берушілер де аз емес. Жалпы тігінмен айналысқаныма тоғыз жылдай болды. Көптеген қазақстандық дизайнерлердің курстарын оқып, білімімді жетілдірдім. Үйде тігіп жүргенмін, гранттың көмегімен цех аштым, – деген ол басында сенімсіздік болғанын да жасырмады.
– Мемлекеттік грант туралы көпбалалы аналардың чатынан білдім. Басында әділ болмайтын шығар деп сенімсіздікпен қарадым. Бірақ, тәуекел етіп, байқап көріп, өтіп кеттім. Шынымен де, бұл көп көмек болды, – дейді Торғын Қартайқызы.
Гранттың көмегін сезінген – Назымгүл Жуасова. Ботақара кентінің тұрғыны кондитерлік өнімдер пісірумен айналысады.
– Бұған дейін де кондитерлік өнімдерге тапсырыс қабылдап жүрген едім. Бірақ, грант қаражатына асүйге керек-жарағын алып, жұмысым жеңілдеді. Мұздатшық, пеш, асүй комбайнын алдым. Кент тұрғындары той, қонақтарына тапсырыс беріп жатады. Бес балам бар, үй шаруасындағы адам үшін қолайлы, – дейді ол. Аудан орталығында дүкен ашу ниеті бар.
Өз еңбегімен адал табыс тауып отырған жандар үшін кәсібі – нәсібі.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz