«Адал еңбек ерлікке жеткізер…»
Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ еңбек маусымы аяқталды. Дерекке сүйенсек, биыл аймақта «Жасыл ел» еңбек жасағында бес мыңға жуық адам жұмыс істеген.
Жыл өткен сайын жасақтың қатары артып, жұмыстың нәтижесі де артып келеді. Осы маусымда жұмыс істеген бес мыңға жуық жастың үштен бірі – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері.
– Сіздер жаз бойы өз аймақтарыңызды тазалап, абаттандырдыңыздар. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатыстыңыздар. Оның мақсаты – қалаларымыз бен ауылдарымызды таза ұстап және жасыл желекке толтыру, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Ілияш еңбек маусымының жабылу салтанатында.
Жасақ сапында қызмет еткен үздік жұмысшылар Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар, жарыс жеңімпаздары үшін жүлделер қарастырылып, тимбилдинг ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Аталған еңбек маусымының жабылу құрметіне Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Онда отандық танымал орындаушылар Sanzhar, Әлішер Қонысбаев және Bellucci өнер көрсетті.
Қайнаған еңбекке толы маусымды аяқтаған жастар, мол тәжірибе жинап, жаңа достар тапқанын айтады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz