«Адал азамат – елдің шамшырағы»: Қарағандыда мазмұнды кездесу өтті
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұл Социалұлы арнайы қатысып, студенттермен ашық форматта кездесу өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік, сабырлылық және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Шара барысында қонақтар қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы музыкалық композицияларды тамашалады. Сонымен қатар облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Жамбылұлы құттықтау сөз сөйлеп, тәрбиелік іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу аясында әлеуметтік сала өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Гаухар Берікқызы, үш дүркін ҚР чемпионы, паралимпиада жүлдегері, жүзуден жаттықтырушы Анатолий Петрович мазмұнды баяндамалар жасады.

Іс-шара барысында сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылып, студенттер көкейіндегі сауалдарына нақты жауаптар алды. Кездесу соңында биылғы «Open Asia» халықаралық байқауының І дәрежелі лауреаты – колледждің «Арқа әуені» студенттер хоры өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара қорытындысында Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры Гүлмира Сұлтанмұратқызы сөз сөйлеп, қонақтарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің салтанатты ашылуы өтті.

Аталған кездесу жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен адами құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
Аяулым СОВЕТ



