Басты тақырып

Абыздың аманаты

    Алаштың баласы аласапыран заманды, алмағайып кезеңді басынан кешкенімен, мүлгіп кетпеді, мойымады. Өршіл рухына өзінің төл өнері, рухани дүниесі медеу һәм демеу болды. Жабықса – домбыраны күмбірлетіп, қамықса – қобызды сөйлетті.

   «Қара еменнің өзегін ойып алған қобызымен» танылып, дәулескер күйшілігімен аңызға айналған тұлғаның бірі – Досымбай ИТЕМГЕНҰЛЫ. Қасиетті бақсының бұл аспабын күні бүгінге дейін осы әулеттің келіні Зипан ДОСЫМБАЕВА сақтап келеді.

Ақжаулықты ана көненің көзін ақ матаға орап, ерекше күтіп сақтаған. Жәдігер жиде ағашынан тұтас шабылып жасалған екен. Тіптен, аттың жалынан керіп таққан еспесі, ысқышы, бетіне жабылған терісі, айнала бекіткен темір қапсырмасы бәз-баяғы қалпында.

Қобыздың ерекшелігі – шанағында айнасы бар және құлақ бұрауы тұсына ірі шолпылар та­ғылған.

Киелі аспап Сыр бойындағы Баржығұл шебердің қолынан шық­қан. Жобамен, үш ғасыр бұрын.

Досымбай бақсы арнайы тапсырыспен жасатқан қобызын немересі Жұмаділдәға аманаттаған. Кейін Жұмаділдә қарттан баласы Дастанбекке өткен. Ері өмірден озса да, әулеттің келіні, Жезқазған қаласында тұратын Зипан анамыз көне аспапты кие тұтып, көзінің қарашығындай сақтап отыр.

Мәселен, бұл қобызға қызы­ғу­шылық танытқан ленинградтық зерттеушілерге табыстап жіберуге (1973 жылы) қимаған.

Сексен екі жасында өмірден озған Досымбай бақсы – кешегі Қорқыт бабадан, Қойлыбай күйшіден қалған дәстүрлі өнерді жалғастырушы.

Тарихшылардың айтуынша, ұлт бесігі – Ұлытаудың баурайында қобыз үнін күңіренткен тұлғаның бейнесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Әзірге, бұл қобыз – Досымбай жырау Итемгенұлы хақында сыр шертетін алғашқы дерек.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Сурет ғаламтордан

алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button