Спорт

Абыройды асырған алғашқы алтын

Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындарының алауы тұтанды. Азиаданың ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруінде» Қазақстанның көк байрағын шайбалы хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты. Дегенмен, отандастарымыз жарыс басталады дегенше сайыстың біршама түрі бойынша бақ сынап, үздік нәтижелерді тіркеп үлгерген болатын. Ел қоржынына шорт-трекшілеріміз алғашқы, яғни, күміс медальді салды деп бір қуанып едік. Конькимен жүгіруден ерлер арасында сынға түскен Евгений Кошкин мен шаңғышы Константин Борцов та күміс иеленіп, қуанышымызды еселей түсті. Аяна Жолдас – Азия ойындарының қола жүлдегері. Шорт-тректен Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс еншілесе, ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада тұңғыш алтынды ел қоржынына салды.

Сурет ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Қытай ашылу салтанатын ерекше форматта өткізді. 48 мың жанкүйер сия­тын стадионға жұртты жинап, Азиада ойындарының тарихында болмаған жасанды интеллектіні пайдаланған. Оның көмегімен түрлі бағдарламаларды көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.

Ел қоржынына алғашқы медальді шорт-трекшілеріміз салды. 2000 метрге аралас эстафетада бақ сынаған отандастарымыз жеңіс тұғырына бір елі ғана жетпей, күміспен күптелді. Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Малика Ермек өнер көрсеткен болатын.

Екінші күмісті конькимен жүгіруден ерлер арасында өнер көрсеткен Евгений Кошкин сыйлады. Отандасымыз 100 метр қашықтықты 9.47 минутта бағындырып, ел қоржынына екінші медальді алып келді.

Шорт-тректен Қазақстанның әйелдер құрамасы да Азия ойындарының кү­міс жүлдегерлері атанды. 3000 метр қа­шықтықтағы эстафетаға Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Ажғалиева мен Мадина Жанбусинова қатысқан.

Қазақстанның шайбалы хоккейден ерлер құрамасы үшін топтық кезең тәмам. Топтық кезеңде бес ойын өткізіп, жеңіліссіз келесі кезеңге жолдама алды. Отандастарымыз соңғы ойынында Жапонияны 1:4, Оңтүстің Корея құрамасын 2:1 есебімен жеңген болатын.

Ал, әйелдер құрамасы да осал емес. Төрт ойында да жеңіске жетті. Тек, Оңтүстік Корея құрамасына қарсы кездесу оңай болмады. Қос команда ойынның негізгі бөлімінде тең тарқасқан. Бірақ, отандастарымыз қосымша бер­ілген уақытта жеңісті жұлып алды.

Шаңғымен жүгіруде ерлер арасындағы спринтте бақ сынаған Константин Борцовқа да күміс бұйырды. Мұның алдында күміс жүлдегер атанған Жапония спортшысы ереже бұзғандығы анықталып, жарыстан шеттетіледі. Нәтижесінде, 2:58.28 секунд уақыт көрсеткішімен отандасымыз екінші орынға тұрақтады.

Фристайл-акробатикадан бақ сы­наған қазақстандық Аяна Жолдас 76.54 уақыт көрсеткішімен қола жүлде ен­шіледі.

Конькимен жүгіруден әйелдер құ­рамасы қоланы місе тұтты. Командалық спринтте үздік үштікке енді.

Фристайл-акробатикадан Ұлттық құрама қанжығасына күміс медаль бай­ланды. Ерлер арасында 10 шақырым­ға еркін стильде шаңғы жарысынан Олжас Климин қоржынға қола салды.

Әзірге Ұлттық құрама қоржынында 1 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button