Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов – финалда
Дубайда өтіп жатқан ерлер арасындағы IBA әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жегі де аяқталды. Чемпионаттың жетінші күнінің қорытындысы бойынша ел құрамасы сапынан төрт боксшымыз ақтық кезеңге жолдама алды. Ал, екі спортшымыз чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Айта кетейік, ақтық кезеңге жолдама алғандардың қатарында қарағандылық қос боксшы Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов та бар.

71 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда Қырғызстан өкілі Ихтияр Нишоновпен жұдырықтасты. Алайда, жерлесіміз үшін бұл кездесу аса бір қиынға соққан жоқ. Қарсыласын қаптал жағалата сабап, еш мүмкіндік қалдырмады. Негізі, қырғызстандық боксшының Абылайханға дайындаған тактикасы басқа еді. Бірінші раунттан-ақ қара күшке салып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтауды көздеген. Алайда, тәжіриберлі боксшымыз оған жол бермеді. Қарсыласының жойқын соққыларын өзіне дарытпай, керісінше, техникаға салып, жеңісті жұлып алды.
Айта кетейік, жерлесіміз бұған дейін үш дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Енді биылғы чемпионаттың ақтық кезеңіне жолдама алды. Осы жолы ақтық кезеңде Ресей боксшысы Сергей Колденковпен қолғап түйістірмек. Қарсыласы жартылай финалда түрікмен боксшысы Байрамдурды Нурмухаммедовты жеңген болатын. Қос боксшының арасындағы кездесу ең тартысты финалдық жекпе-жектің бірі болғалы тұр.
Ал, 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Сабыржан Аққалықов жартылай финалда өзбек боксшысы Фазлиддин Еркінбоевпен кездесуі тиіс еді. Алайда, өзбекстандық боксшы жекпе-жек өтетін күні қолынан жарақат алып, кездесуден бас тартқан. Сәйкесінше, Сабыржанға финал жолдамасы автоматты түрде берілді. Айта кетейік, бұған дейін жерлесіміз Сейшел аралдарының боксшысы Джошуа Кузенмен, Израиль боксшысы Мирослав Капулер-Ищенкомен өткен кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, жартылай финалға өткен болатын. Енді ақтық кезеңде ресейлік Исмаил Мутцольговпен қолғап түйістіреді. Бұл қарсылас та осал емес. Тәжірибелі Исмаил ақтық сынға Мали спортшысы Джибрил Траорені ойсырата жеңіп шыққан болатын.
Ұлттық құрама сапында бірінші болып ақтық кезеңге жолдама алған спортшының бірі – Сәкен Бибосынов. Отандасымыз 54 келіге дейінгі салмақта жартылай финалдық бәсекеде непалдық Чандра Бахадурдпен қолғап түйістірді. Сәкен бірінші раундтан-ақ қарсыласына мүмкіндік бермей, басымдыққа ие болған. Сәйкесінше, төрешілердің бірауыз шешімімен финалдық жолдаманы еншіледі. Енді ол шешуші сында Ресей боксшысы Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасады.
Финалға жолама алған төртінші боксшымыз 57 келі салмақта өнер көрсететін Оразбек Асылқұлов. Ол жартылай финалда Ресей боксшысы Андрей Пегливанянмен жұдырықтасып, ақтық кезеңге өткен еді. Енді алтын медаль үшін Тәжікстан боксшысы Хусравхон Рахимовпен кездеседі.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Қазақстан боксшысы Теміртас Жүсіпов өкінішке қарай жартылай финалдық турда сүрінді. Ресей боксшысы Эдмонд Худоянмен жұдырықтасып, қарсыласынан айласын асыра алмады. Десе де отандасымыз чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Айта кетейік, Теміртас үшін бұл әлем чемпионат оның мансабындағы екінші жаһандық сын еді. Осыдан төрт жыл бұрын Белградта өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан болатын. Бұл жолы қола жүлдемен шектелді.
Ел қоржынына екінші қоланы салған боксшымыздың бірі – Ертуған Зейнуллинов. Отандасымыз 63,5 келі салмақта Ресей боксшысы Илья Поповпен күш сынасқан болатын. Өкінішке қарай, соңғы раундта қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»


