Бас тақырып

Қабілетсіз бала жоқ

Инклюзивті білімнің айналасындағы мәселе таусылған жоқ. Әлі де инклюзия сыныбы пен арнайы оқытатын орталық іздеген ата-ана көп. Баланың тілін шығаруға көмектесетін логопедке де сұраныс артты. Психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар әрі бүгін жаттағанын ертең ұмытып қалатын балалар күн санап көбеюде. Бұл логопедпен қатар, психолог, дефектологтердің аса қажет екенін алға тартады.

Суреттер: ашық дереккөз

17 арнайы ұйым жұмыс істейді

Облыста ерекше білімге мұқтаж 14 870 адам бар. Оның 2 275-і – мүгедек бала. Сандық деректің жыл санап артуы көңіл көншітпейді. Сондықтан, облыс мамандары мүмкіндігі шектеулі балалар үшін психо-педагогикалық қолдау көрсетуді білім берудің ең маңызды міндет деп біледі. Осы орайда инклюзивті білімді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Қазіргі таңда аймақта 55% балабақша, 81% мектеп және 70% колледжде инклюзивті білім беруге жағдай бар.

– Облыста ерекше балалар үшін 17 арнайы ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы Саран қаласында түзету кабинеті ашылды. Тағы осындай кабинетті Қарағандыда ашу жұмысы жүргізілуде. Оқу жылының басында Қарағанды, Саран, Теміртау қаласында арнайы мектеп-интернаттарында ақыл-ойы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін қосымша 5 сынып ашылды, сондай-ақ, Теміртауда ақыл-ойы бұзылған балалар үшін қосымша 2 топ ашылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

2025 жылға дейін Балқаш, Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданында тағы психологиялық-педагогикалық түзету ка­бинеттері ашылмақ. Жалпы, облыста ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 10 арнайы мектеп-интернат жұмыс істеп тұр.

«Баланы бір-бірінен оқшаулауға болмайды»

10 интернаттың алғашқысы – 2012 жылы пилоттық жоба ретінде танылған Қарағандыдағы № 27 мектеп. Онда оқушылармен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын сыныптар ашылған. Бүгінде бұл оқу орны арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық орталығына айналды.

– Әр баламен жеке жұмыс істедік. Баланың ішкі әлеміне кіре алсаңыз, бірлес­кен жетістік болады. Ерекше диагнозы бар түлектеріміз университетті аяқтады, – дейді «Баршаға арналған мектеп» моделінің авторы Клара Даупбаева.

Облыстағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының бұрынғы ректоры Сәбит Қонтаев та АҚШ грантын жеңіп алып, американдық мектептердің инклюзивті оқыту жүйесімен танысып келген.

– Инклюзияның мәні – қоғамдағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы әлеуметтендіру. Қағидат – «әр түрлі – тең». Балаларды бір-бірінен оқшаулауға болмайды, – дейді Сәбит Қонтаев.

Мамандар тәжірибесі ерекше баланы қоғамнан алыстатуға болмайтынын байқатты. Олар тәжірибе енгізуде балаларға «жеке тұлға» ретінде қарайды.

Ерекше бала «ерекше қабілетке» ие

Қарағандылық логопед Айгүл Темір­қызының айтуынша, көпшілік аналар балалары сөйлемей қалса, бірден инклюзивті орталық іздейді. Ол – қате.

– Баланың денсаулығына қатысты көп мәселе ата-анаға келіп тіреледі. Денсаулық үшін дұрыс шешім қабылдауға асығатын аналар қандай тиімді ұсыныс болса да келісуге бейім. Ата-ана өзіне және баласына сенуі керек.

Мәселен, аутизм дерті ешқайда жоғалып кетпейді, оны ешқандай дәрі емдей алмайды. Оның бір ғана жолы – тұрақты ем алу, – дейді маман.

Оның айтуынша, кейде бала бір жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болады. 3-4 жастан асып кетсе де, тілі шықпайтындар бар. Оны баланың еркелігімен байланыстыру – дұрыс емес. Маманның айтуынша, бүгінгінің балалары қарапайым ет жеп, сүйек мүжуі керек. Сүйек мүжігенде ауыз қуысының бұлшық еттері ширап, баланың артикуляциясы жаттығады, яғни, жақ сүйектері қимыл-қозғалысқа түседі.

Маман пікірінен түйгеніміз, инклюзия – ерекше қажеттілігі бар білім алушыларға ерекше көңіл бөлінбеуден туындайды. Дамуында ауытқуы бар балаларды жалпы мектептерде оқытуға аса дайын еместігіміз де инклюзивті білімді дамыта алмайтынымызды айқындап отыр.

Білім беру ұйымдарында білім алушылар үшін арнайы қондырғылардың және оқу материалының болмауы, сонымен қатар, педгогтер үшін әдістемелік құралдың жеткіліксіздігі – мәселеге тоқталуды талап етеді.

Ауылда логопед жоқ па?

Ауылдық жерлерде инклюзивті бастауыш сыныптарда сабақ беретін (аты-жөнін жазбауды өтінді) мұғалімдердің басым көпшілігі кейбір оқушылардың бүгін айтқанды ертең ұмытып тұратынын, сыныптан-сыныпқа көшуде кедергі келтіретін оқушылардың бар екенін айтады. Көбісінің алға тартқан мәселесі – психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар оқушылармен жұмыс істеудің қиындығы. Олар ерекше көңіл аударуды қажет ететіндіктен, осындай санаттағы балалармен психолог, логопед, дефектологтар жұмыс істеуі тиіс. Өкінішке орай, ауылдық жерлердегі мектептерде баланың тілін шығаруға көмектесетін логопед маман жоқтың қасы.

Логопед жайлы сұрағанымызда, басқарма мамандары балалар үшін мектеп педагогтерінің 7 818-і оқытылғанын айтты. Оның ішінде 6 712 педагог инклюзив тәжірибеге тартылыпты. 155 пән мұғалімі «Дефектология» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарында қайта оқытылған.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 607 педагог пен 60 ата-ана аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеу үшін мінез-құлықты талдау әдістемесіне қатысқан.

Басқарма дерегінше, 2023 жылы ерекше балаларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2 млрд. 24 млн. 292 мың теңге бөлінген. 4-6 сыныптар үшін зағип балаларға арналған Брайль шрифтімен бейімделген және 10-11 сыныптар үшін нашар көретін білім алушыларға арналған ірілендірілген шрифтпен оқулықтар алыныпты. Оған қоса, өткен жазда алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 баланың жазғы демалысы арнайы мектеп-интернаттар базасындағы лагерьлерде өткені белгілі.

– Жасыратыны жоқ, балам ауыт­қу­шылығы бар балалармен бір сыныпта білім алады. Ата-аналары ондай мектептерге жібергісі келмейтіні түсінікті. Ерекше балаларға қатардағы мектеп оқушыларымен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Баланы бір-бірінен бөліп-жарып, өзектен теппей, бауыр­ға басу керек. Ерекше балаларға қоғам болып көмектескен дұрыс, – дейді №27 мектеп оқушысының анасы Гаухар Әлімжанқызы (аты-жөні өзгертілген).

Білім ошақтары оқушылардың тең дәрежеде білім алуын қолдағанмен, бала еміне қатысты көп мәселе ата-анаға келіп тіреледі.

– Қазіргі таңда елімізде ерекше баланы оңалту және түзету қызметінің құны – 200-350 мың теңге. Өкініштісі сол – ерекше баланың еміне мемлекет тарапынан ұзақмерзімді тегін немесе жеңілдігі бар көмек те қарастырылмаған, – дейді қарағандылық Самал есімді баланың анасы.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі Зәуре Жангелдинованың айтуынша, елімізде аутизмге шалдыққан балалар саны 12 мыңнан асады. Алайда, ерекше балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі қалыптаспағандықтан, нақты сан бұдан бірнеше есе көп деген дерек бар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button