Қаби Ахмедиұлы жүздеген тарихшы маман даярлауға сүбелі үлес қосты
Тамаша педагог, зерделі ғалым, ақжарқын азамат, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қаби Есімов жер басып жүрсе, осы қыркүйек айының бірінші жұлдызында 90 жасқа толар еді. Ардақты ағаның бақиына көшкеніне алты жылдан асып барады.

Заманауи педагогика ғылымы азаматтың тұлға ретінде қалыптасып, дамуына және қоғамнан лайықты орын алуына үш қайнар: шыққан тегі; отбасының тәлім-тәрбиесі мен білім алған мектептері; жүріп-тұрған ортасы негіз жасайды деп тұжырым жасайды. Қаби Ахмедиұлы осы үш қайнардан да қанып ішкен адам еді. Ең алдымен, ол Қазақ хандығының аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, Орта жүздің төбе биі Қаздауысты Қазыбектің Қазымбет есімді ұлынан тарайтын тікелей ұрпағы, асылдың сынығы; екіншіден, қамшы сабындай ғұмырында ұрпақтарына өнегелі үлгі көрсеткен Ахмеди сынды әке мен тоқсан жастан асқанша төңірегіне мейірім-шапағат таратқан Әніш (Шүйкен) ананың алтын ұясында тәрбие алып, тамаша мектептерде, Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде білім алды; үшіншіден, Жамбыл Ақылбаев, Құсни Елеуов, Қасымбек Медиев, Қанағат Жұмашев, Марат Нұркенов, Отан Мақышев, Рахман Абайділдин, Ертай Асайынов тәрізді зиялы азаматтармен достық қарым-қатынаста болды. Ұлы Абай: «Үш- ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – десе, осының үшеуі де Қаби Ахмедиұлының бойынан табылатын. Ашық та жарқын мінезімен, зілсіз әзілімен, кішіпейілдік қалпымен аға-іні, құрбы-құрдастарымен жарастықты әңгіме өрбітіп, ресми де бейресми жиын тізгінін қолына алып, ортаның локомотивіне айналып кетер еді. Атақ-даңқына оқушы кезімнен қанық болсам да, Қабекеңмен етене араласып, емен-жарқын сыр шертіскеніміз аға өмірінің соңғы ширек ғасыры шамасында болса керек. Қылышынан қан тамып орнаған кеңес билігі, адам түсінігіне қабыспайтын тұжырым ұстанған коммунистік идеология бабасы би, болыс, бай болған әулеттерге кәрінтіге келгені белгілі. Сондықтан, «жуан тұқымның» ұрпағы болғандықтан, Есім әулеті ата қоныстары Едірейден ерте ірге көтеріпті. Сөйтіп, қазіргі Бұқар жырау ауданының Белағаш (бұрынғы Буденный атындағы совхоз) деген жеріне орнығады. «Көшкен жұрттың қасқыры келген жоқ, қонған жұрттың қасқыры білген жоқ» дегендей, кәмпеске мен күштеп ұжымдастыру, оған ілесе келген аштық нәубетінен әупірімдеп өткен Ахмеди отағасының отауында 1935 жылы 1 қыркүйекте тұңғышы Қаби жарық дүние есігін ашыпты. Ауыл мектебінен орта білім алған соң еңбек жолын кен-байыту комбинатында жұмысшылықтан бастаған ол оң-солын таныған шақта ғана жоғары оқуға талап қылады. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ) тарих факультетін тәмамдап, Қарағанды педагогика институтына оқытушы болып орналасқан екен. Ұлы бабасы Қаздауысты Қазыбек құтты қоныс еткен Едірей өңірімен Қаби Ахмедиұлының тығыз қарым-қатынас орнатуы осы кезде басталған дүр. Шалғайдағы ауыл жоғары мектепте қызмет жасайтын мейман келгенде бір дүрлігіп қалатын. «Алыстан алты жастағы бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» – Қабекеңнің немере туысы Қайыр ағаның үйіне елдің үлкен-кішісі кіріп-шығып жататын еді.
Қаби Ахмедиұлы педагогикалық қызметін бастаған жоғары оқу орнында жарты ғасырдан астам уақыт үзіліссіз еңбек етті. Тарих және филология факультетінде оқытушы, факультет деканының орынбасары лауазымында қызмет атқарып, 1972 жылы институт мемлекеттік университет мәртебесін иеленгенде тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. Бұл кезде тарих және филология факультеттері бөлінген еді. Қабекең КПСС тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. 1992 жылдан Е.Бөкетов атындағы Қар-МУ-дың деректану, тарихнама кафедрасының меңгерушісі, доценті, профессоры қызметін атқарды. Қаби Ахмедиұлы жүздеген ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақаланың, монографиялардың авторы. Оның еңбектері әлі маңызын жойған жоқ. Әсіресе, «Қазақстан тарихы деректануы» оқулығы осы саладағы негізгі әдебиеттердің қатарында.
Қаби Есімов ұлы бабасының алдындағы перзенттік парызын орындап, еліміздің және Ресейдің мұрағаттарынан қазақ Орта жүзінің төбе биі, аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері Қаздауысты Қазыбек жайлы құнды деректер тауып, ғылыми айналысқа қосты. Қаби Ахмедиұлының тамаша ізденушілік, іскер ұйымдастырушылық қабілетіне студенттік жылдарынан көз жеткізген, жоғары оқу орындарының басшысы лауазымын иеленген достары, қатарластары қызметке шақырып, жұмысына және тұрмысына қолайлы жағдай жасауға уәде берген кездері болған. Дегенмен, «…ер – туған жеріне» деген халық даналығына ден қойған Қабекең көмірлі қаласын ақ басты Алатаудың баурайындағы Алматыға да, көгілдір орман, айдынды көлдер көмкерген Қостанайға да айырбастаған жоқ. Қарағандының қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласып, қайнаған өмірдің ортасында жүрді. 1986 жылы жарық көрген «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясының белсенді авторы, жұмыс тобының мүшесі болып, 2011 жылы шыққан «Қаздауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын әзірлеуге белсене араласты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, 2019 жылдың 22 шілдесінде мәңгілік ұйқыға кетіп, әулеттері жер бесігіне бөленген Ащысу қорымында тыным тапқанша халқына, туған елі мен жеріне қалтқысыз қызмет етті.
Келмеске кеткен кеңес заманында агроөнеркәсіппен айналысатын аудандарда жаз ортасында малшылар слеті, ауылдың ауызекі тілінде «шопан тойы» деген мереке өтеді.
Жыл бойы малдың соңында жүріп, тыным таппай ауыр бейнет кешіп, қалалықтарды ет, маймен, ұқсату кәсіпорындарын жүн, терімен жабдықтайтын қойшы-қолаңшылар бір жырғап қалатын думан. Сол кезде өктемдігі басым болып тұрған жұрттың өкілдері сирек қоныстанған Егіндібұлақ өңірінде аталған мереке Жаңа жылдан да қызықты өтетін. Кез келген мереке пролетариат көсемінің аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталатыны белгілі. Егіндібұлақта ешкім гүл өсірмейді. Қарағандыдан арнайы алдырған гүлді ауданның бір топ озат малшысы аупартком хатшысының және ауатком төрағасының жетегімен Лениннің ескерткішіне қойып, «ақсақалдың батасын алған» соң мереке басталады. 1970 жылдардың ортасында Қаби Ахмедиұлы Егіндібұлаққа бір келгенінде тура сондай рәсім өтіп жатқан еді. Ол кісінің туыс інісі, бөлімше басқарушысы Сәттар Жапаров жиынды қолпаштаушылар қатарында болатын. Рәсім созылып кеткен. Сол кезде Қабекең: «Е-е, итсигектің де бір гүлдейтін кезі болады. Бұл да бір сондай кезең ғой. Әлі мына тас тұғырға Қаздауысты Қазыбек бабамыздың бейнесі орнығып, мереке соған мінәжат етуден басталады», – деген еді. Үлкен кісінің аузынан шыққан сөзге ешкім сол сәтте қарсы келмесе де, талай құлақ тосырқап қалғаны хақ. Қабекеңнің түйінді пікірі арада 15-20 жылдай мезгіл өткенде өмір шындығына айналды. Бұл ағамыздың әулиелігі демесек те, тарихшы ретіндеуақыт дөңгелегі қалай айналатынын дәл пайымдаған зерделілігін еріксіз мойындауға тура келеді.
Қабекеңнің намысқойлығына тәнті болғаным бар. Бұл оқиға осыдан он бес жылдай бұрын өтті. «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қызмет атқаратын кезім. Қабекең телефон соқты: – «Егемен Қазақстандағы» мақаланы оқыдың ба? – деп. «Жоқ». «Онда ешқайда кетіп қалма. Мен қазір барам». Айтқанындай, жарты сағат өтпей Қабекең келді. Қолтығындағы папкада «Егемен Қазақстан» газеті мен «Парасат» журналының бір-бір нөмірі бар. Бұлар қарағандылық әріптесіміздің мақаласын басыпты. Екеуінің мазмұны бірдей – Бұқар жырау ауданының Павлодар облысымен шектесетін жерінде, Далба тауының оңтүстік бетінде, Қаздауысты Қазыбек қайтыс болған Теректібұлақтағы қыс бойы ұлы бидің мүрдесі сақталған сөре тастар ескерусіз жатыр. Бұған ие болатын, мал аяғы баспайтындай қоршау жасайтын ұрпақтары жоқ па дегенге саяды. Қабекең күйіп тұр: – Мынау не деп оттайды. Сөз сыңайына қарағанда, ол жерге бармаған, әлдекімдерден естігенін жазған сияқты. Бұны аяқсыз қалдырмайық, жауап жазайық, – дейді. Күйетін жөні бар, Ботақара кентіндегі Марат Нұркенов, Қанағат Жұмашев, Бұқар жырау ауданының сол кездегі әкімі Тілеубек Зейнешев ағаларымыз бастап, 2000 жылдың жазында, Қаздауысты Қазыбек қайтыс болған жердегі сөре тастар қоршалып, ескерткіш тақта орнатылған. Ұлы бидің рухына дұға бағышталып, ас берілген еді. Содан кейін Теректібұлақта жыл сайын Құран оқытып, ас беру дәстүрге айналды. Бірақ, соңғы бірер жылда біз бұл жиынға қатыса аламай жүр едік.
Сондықтан, бабамыздың соңғы демі шыққан жерге барып, қоршау шарбақ пен ескерткіш тақтаның орнында тұрғанына, әлдебір вандалистер тарапынан бүлінбегеніне көз жеткізгіміз келді алдымен. Сөйтіп, күздің қара жаңбырына қарамай жолға шықтық. Бардық. Ескерткіш те, қоршау да орнында екен. Қарағандыға оралғаннан кейін бидің ұрпақтары атынан аталған басылымдарға жауап жаздық. Оны «Егемен Қазақстан» сәл-пәл ықшамдап жарыққа шығарды. «Парасат» журналы аяқсыз қалдырды. Бұл үшін жанымыз күймеді – республикадағы аға газеттің жарияланымы бізді қанағаттандырған еді. Қабекеңнің намысшыл, әділетсіздікке шыдамайтын жан екеніне осы жолы тағы да көзім жетті.
Жарты ғасырдан асатын педагогикалық еңбегінде Қаби Ахмедиұлы жүздеген тарихшы маман даярлауға сүбелі үлес қосыпты. Олар қазір байтақ еліміздің әр түпкірінде және шет елдерде еңбек етеді. Аяулы ағаның есімін құрметпен атайтын Рымбек Жұмашев бастаған шәкірттерінің бір тобы өзі қызмет жасаған ұжымда – Қарағандының Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінде ұстаздың ісін жалғастыруда. Осыдан бес-алты жыл бұрын олар ұстазға, әріптес ағаға ілтипаты мен құрметін көрсетіп, университеттің тарих факультетінде профессор Қаби Есімов атындағы дәрісхана ашылуына мұрындық болды. Жұмыр жердің, қазақ деген арда елдің тарихын, өңірдің шежіресін білгісі келетін талай жас буын Есімов дәрісханасынан білім алып, соңында қалған мұрасынан өнеге тыңдап, тұлға болып қалыптасады десек, артық айтқандық болмас. Асыл ағаның шарлаған жолында қалған даңғыл іздер – болашаққа талпынған жасқа жөн сілтейтін бағдаршам.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»