Басты тақырып

Абаттандыруға – айрықша назар


Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде өңір дамуына қатысты өзекті мәселелер тілге тиек етілді.

Алдымен, аймақ басшысы ұзақ жылдар бойы облыстың спорт басқармасына басшылық еткен Наталья Сухоруковаға зейнеткерлікке шығуына байланысты лебізін білдіріп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
– Наталья Евгеньевнаны бір сөзбен сипаттайтын болсақ, ол – өз орнын тапқан адам дер едім. Бүгінгі таңда қарағандылық спортшыларды еліміздің алдыңғы қатарлы көшбасшылары деуге болады. Мыңдаған жерлестеріміз ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Бұл ретте, көптеген спорт кешендері де бой көтеруде. Жастар мен жеткіншектер спортын белгілі бір белеске көтердік. Сондықтан, осы күні өңіріміздегі спорт өзіндік даму даңғылына түсті десек те болады, – деді Ерлан Қошанов.
Бұдан әрі аппарат мәжілісінің күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланды. Яғни, аймағымыздың төрт елді мекенінде жылыту маусымы аяқталғаны туралы сөз етілді. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді. Оның айтуынша, орталық жылыту жүйесі Ақтоғай ауданында, Балқаш, Приозерск және Қаражал қалаларында тоқтатылған екен.
– Қазір ауа райы бір қалыпқа келді. Күн жыли бастады. Өзге қалаларда бұл жұмысты 20 сәуірге қарай аяқтаймыз деген ойдамын. Жылыту маусымының аяқталуын созудың қажеті жоқ. Қазір көптеген үйлер жылу есептеуіш құрылғыларымен қамтылған. Және де жылыту маусымының артық әр күнін төлеу керек болады. Сондықтан, азаматтардың наразылығын тудырмас үшін маусымды созбай, уақытында аяқтау керек, – деді Анатолий Шкарупа.
Сонымен қатар, аймақ басшысының орынбасары жылу желілерін жөндеу жоспарына тоқталды. Жоспар бойынша, атқарылатын жұмыстар көлемі 5351 шақырымды құрайды. Ол үшін 24,2 миллиард теңге бөлінді. Жөндеу шарасының жалпы құны – 56 миллиард теңгеге тең.
Жылыту маусымын аяқтау және келесі жылға дайындық жоспарлары бойынша қорытынды жиналыс сәуірдің соңында өтеді. Оған қала және аудан әкімдері қатысатын болады.
Жиын барысында қарастырылған келесі мәселе – өңіріміздегі абаттандыру жұмыстары. Сөйтіп, биыл облысымызда 350 аула, 8 саябақ және 81 гүл бағы абаттандырылады. Бұл мақсаттарға 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.
Биылғы жылы қалыпқа келтірілетін саябақтар қатарында – Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы мен Жезқазғандағы «Жастар» саябағы бар.
– Бұл абаттандыру жұмыстары біздің қалалар мен аудандардың деңгейін көтереді. Дегенмен, орындалатын жұмыстардың сапасына көңіл аударған жөн. Облыс әкімі блогына тұрғындарымыздан сапасыз жұмысқа қатысты шағымдар келіп түсуде, – деді Анатолий Шкарупа.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары өңірімізде санитарлық тазарту бойынша екі айлық басталғанына көңіл аударды. Алайда, қалалар мен аудандарда әлі де заңсыз қоқыс үйінділері қалып отыр. Әсіресе, бұл мәселе жеке секторлар үшін өзекті. Облыс әкімінің орынбасары полиция қызметкерлерін абаттандыру нормаларының сақталуын жіті бақылауға алып, қажет болған жағдайда заң бұзғандарға айыппұл салуға шақырды.
– Қарағандыда бір апта бойы заңсыз қоқыс үйінділерін анықтаумен айналысқан арнайы топ жұмыс істеді. Ол жұмыстардың нәтижесі Қарағанды қаласының әкіміне жіберілген альбомға енгізілді. Барлық заңсыз қоқыс үйінділерін жойыңыздар. Бір аптадан соң сол орындарды аралап шығамын, – деді Ерлан Қошанов.
Қазір заңсыз қоқыс үйінділерінің тізімі жазылған осы сынды альбомдар облысымыздың басқа да қалалары мен аудандарында әзірленіп жатыр. Ондағы олқылықтар аумақтағы санитарлық тазалық бойынша өткізіліп жатқан екі айлық аяқталғанша, яғни, 21 маусымға дейін жойылуы тиіс.

Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button