Руханият

Қарағандылық оқырман қауым абайтанушы ғалым Базарбек Атығаймен кездесті

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Базарбек Атығаймен кездесу өтті. Оқырмандармен кездесуде Базарбек Атығайдың «Абай» баспасынан басылып шыққан «Абайдың аударма мектебі», «Даниял Ысқақов шығармалары», «Шейіт» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Іс-шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Кездесуге зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Құрметті меймандар қатарында елімізге белгілі ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек бар. Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының» директоры Жансая Жарылғапов модератор болды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы арнайы келіп, лебізін жеткізді.

– Базарбек Атығайды ғалымдығынан бөлек сұңғыла қайраткер деп мойындаймын. Ұлтымыздың ұлық мейрамы Наурыздың Алматыда ауқымды көлемде тойлануына ықпал еткен азамат. Сол мақсатқа бар күш-жігерін салды. Біліміне де таңмын. Еңбектерінің барлығы мұрағаттардағы тың деректермен жазылады. Талай ғалым Базарбек Атығайдың диссертация­ларынан үлгі алған десем, артық айтқаным емес. Үш кітап әдебиет ғылымының қоржынына түскен баға жетпес олжа деп білемін, – деді Ғалымжан Өтелбай.

«Абайдың аударма мектебі» атты ғылыми еңбекте қазақтың кәсіби көркем аудармасының бастауы Абай мектебінің көрнекті тұлғалары туралы жазылады. Бұл қатарда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әсет Найманбайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Тұрағыл Абайұлы, Даниял Ысқақов бар. Мектеп өкілдерінің аудармаларына ғылыми тұрғыда жан-жақты талдау жасалған.

Ал, «Даниял Ысқақовтың шы­ғар­малары» кітабында Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің бір жұрнағы, қазақтан шыққан тұңғыш қаржыгер, ағартушы, аудармашы Даниял Ысқақовтың көркем аудармалары, мақалалары жинақталған. Даниял Ысқақовтың өміріне қатысты естеліктер мен көркем аудармаларына жасалған талдаулар да бар.

«Шейіт» кітабында Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры жазылған. Әсіресе, ұлы тұлғаның қазаға ұшырайтын уақытын қамтыған оқиғаларға, естеліктерге, архив материалдарына, мақалаларға шолу жасалған.

Үш кітапта жинақталған деректердің барлығы – бұған дейін ешқайда жарық көрмеген архивтегі тың деректер.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button