«Құнанбайдың аға сұлтандық дәуірінде Қарқаралыда жеке өзіне тиесілі үйі болған»
Абайтанудағы өзекті мәселелердің бірі – 1822 жылы Ресей империясында қабылданған «Устав об управлении инородцев» және соның негізінде жасақталған “Устав о сибирских киргизах” жарғыларының нормаларының мәнін, ішкі сырын толық ашу жолында сот ғылымын тиімді пайдалана білу.

1822 жылғы жарғылар кешені империялық биліктің Сібірлік жергілікті халықтарының өзінің егемендігі мен тәуелсіздігінен толық айырылып, өз ырқы өз қолынан мүлдем кеткенін, біржолата империяның басыбайлы меншікті субъектісіне айналғандығын, колониялдық басқару жүйесінің енгізілуін, метрополияның үстемдігін түпкілікті заңдастырды.
1822 жылғы «Устав о сибирских киргизах» жарғысының мәтінінде осынау актіні ерекше жарғы деп белгілей отырып, заңның §1 нормасында қазақтарды көшпенді жатжұрттық сословиесіне жатқызған, ал, §269 нормасында Орта жүз қазақтарын Ресей «подданые» деп бекітеді.
Патша үкіметі әскери колониялдық жолмен жаулап алынған жұртқа жарғының §291 нормасында өзінің мүддесін бүркемелейтін, шындыққа шымылдық қылған екіжүзді норма енгізді: «Аталған заңды қабылдауға ешкімді зорламаймыз, бірақ бір рет келісім берген соң, уәде сөзді қайтып алуға ерік берілмейді».
Бұл норманың пішіні жүз жыл өткенде сәл өзгергенмен ішкі болмысын сақтап қалады, арада тағы бір жүз жыл өткенде байырғы қалпына қайтып оралуды арман қылады.
1824 жылы Батыс Сібірге қарайтын Қарқаралыда сыртқы округ құрылып, биліктің жергілікті органы болып табылатын приказ ашылып, оның төрағалығына сұлтандар арасынан актінің §36 бабына сай аға сұлтан сайланатын.
Ол тұста қазақ елінде хандық билік жойылды, бірақ, далада бұқара наразылығы және сұлтандардың қарулы көтерілістері тыйылмады, тарих таразысы толқып тұрды. Сол себептен, патша үкіметі бұрынғы төре, сұлтандарды, билерді жергілікті билікте уақытша ұстауға мәжбүр еді.
Патша қызметкері князь П.Горчаков, арғы тарихта черниговтік князьдердің ұрпағынан тараған деп саналатын, Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін 1836-1851 жылдары аралығында 14 жыл атқарған, Кенесары ханға қарсы жазалау әскерін жұмсаған жан сұлтандар билігінің сақтала беруін қаламады.
Князь Горчаков 1838 жылы үкіметке барлық сұлтандарды қазақ даласындағы атқарушы, әкімшілік ісінен, сот билігінен мүлдем аластатуды ұсынды да Сібірдегі әкімшілік билікті империя чиновниктеріне тезірек өткізуді жоспарлады.
Әуел баста сөзі өтпегенін көрген Горчаков билікке сұлтандармен қатар сайлауға түсуге елге белгілі, беделді, қолынан іс келетін қара халықтан шыққан кадрларды іздестіріп, қызметте пайдалану практикасын енгізе бастады.
Жалпы, империядағы мемлекеттік даму барысы жарғыға жаңа әкімшілік өзгерістер енгізгеннен кейін «қарадан шыққан хандар» институтын өмірге әкелді, оның бір түлегі Құнанбай Өскенбаев болып шықты.
1849 жылғы шілде айында аға сұлтандық сайлауында Құнанбай қажетті дауыс алса да, шекара комиссияның төрағасы Клейст қазан айының жетісі күні жоғары жаққа сұлтан Құсбек Таукиннің де кандидатурасын жолдайды.
Алайда Азия департаменті Өскенбай ұлы Құнанбайдың кандидатурасын қолдап, князь Горчаков өзі қазан айының 22-сінде бекітеді.
Жарғының §56,57,58 талаптарына сәйкес аға сұлтан бар істі мемлекеттік биліктің жергілікті органы болып табылатын округтік приказ арқылы атқаратын.
Сол себептен аға сұлтан Құнанбай билік орталығы приказ орналасқан Қарқаралы мекенінде тұруға міндетті еді.
Құнанбайдың заңды жеке үйі болуы мүмкіндігін жарғының §167-168 баптарындағы аға сұлтанға ресми бөлінген жер телімінде қандай да бір жылжымайтын мүлік салынған болса, қызметтен кеткенде тиісті бағалаудан соң сол оның пайдасына сатылады деген заң нормасы жоққа шығармайды.
Аға сұлтан Құнанбайдың Қарқаралыда қызметтік пәтерінен бөлек, жалдап алсын, салып берсін, сатып алсын өз отбасымен тұра алатын үйі болғаны туралы деректің анықтығын растайтын Омбы архивіндегі Құнанбай Өскенбаевтың ісіне жүгінейік.
Қарқаралы округтік приказына Құнанбайдың үстінен берілген арыздарды тексеруге іссапармен келіп жатқан Батыс Сібірдің бас басқармасының чиновнигі Гусевтің 1852 жылдың 3 тамызында жазған ресми хатында приказдың орыс заседателі Добшинскийдің Қарқаралы приказына қарайтын гауптвахтадан Майбасар Өскенбаев пен Мырзақан Туғанбаевты бостандыққа шығарып жіберген іс-әрекеттеріне наразылық білдірген.
Аты аталған қазақтарды гауптвахтаға өзі қамаған Гусев хатында оларды ертеңінде Қарқаралы көшесінде тайраңдап жүргеніне және аға сұлтан Құнанбайдың үйінде жайбарақат тұрып жатқанына таң қалғанын жазады.
Чиновник Гусевтің приказ бен Омбыдағы басқармамен хабарласқан хаттарында Құнанбайдың үйі туралы дерек бір емес, бірнеше рет аталынады.
Құнанбайдың аға сұлтандық дәуірінде Қарқаралыда жеке өзіне тиесілі үйі болған фактісін жан-жақтан дәлелмен бекітіп жатқанымыздың өзіндік сыры бар.
Құнанбай 1849 жылы қазан айында аға сұлтандыққа тағайындалған соң қызмет етер жерінде тұратын баспана мәселесін бірінші кезекте ретке келтіріп алуы тиіс-тін.
Үйі болған соң аға сұлтан Құнанбайдың жалғыз тұрмайтыны белгілі емес пе, оның тұрмысына қарайтын сенімді кісілер керек қой.
Қарқаралыда Құнанбайдың қасында қос әйелі Ұлжан мен Айғыз болғанын растайтын бір деректі өлкетанушы Е.Мұстафиннің Қарқаралы мешітінің имамы болған Хасен Сейфуллин туралы кітабында кездестірдік.
Ахун Хасен – Қазан татары, Қарқаралы мешітіне 1851 жылы тағайындалған үкімет молдасы.
Қазақ мұсылмандары империяның 1788 жылғы Жарлығының 1141-бабына сәйкес құрылған мұсылмандардың діни басқармасынының Орынборлық округіне қарайтын.
Патша заңдары Орынбор мұсылман кеңесінің басшыларын Ішкі істер министрінің ұсынысымен патша бекітетін. Сол себептен, бұл діни кеңес те империя үстемдігін жүргізетін мемлекеттік институттардың бірі болатын.
Патша Жарлығының 1146-бабы жергілікті мешіттер мұсылмандардың азаматтық хал актілерін тіркеп отыруға міндеттелген.
Өлкетанушы Е.Мұстафин 1852 жылдан бастап, Уфадағы округтік басқармаға жолданып отырған метрикалық актілер ішінен 1852 жылдың 21 желтоқсанында Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлы Оспан туралы Қарқаралы мешітінің метрикасын кездестіреді.
Уфадан Құнанбай ұлының туу метрикасын тапқан өлкетанушы Е.Мұстафин Абайдың інісі Оспанның Қарқаралыда дүниеге келуі мүмкін деген пікір білдіріп отыр.
Зерттеуші Е.Мұстафин архивтен табылған Оспанның метрикасына абайтанушылар қызығушылық танытар деп ойлайды. Орнымен айтылған білімді сөз.
Жазушы М.Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайды «Телқоңыр» деп атауы бекер емес. Оның негізінде бала Абайдың Қарқаралыда Ұлжан мен Айғыздың қасында болуы оқиғасы жатыр дей аламыз.
Тарихтан Құнанбайдың 1855 жылы әуел басында Абайды Семейдегі Ғабдүл-Жаппар имамға беріп, артынан ғылым жолын тереңдетіп оқытатын Ахмет Риза мешіт-медресесіне ауыстырған әрекетінен хабардармыз.
Ендігі кезекте ақырын жүріп, анық басып, Ақжан Машанидің «Бала Абай 1850-1855 жылдары Қарқаралыда Қазаннан келген татарлардан оқыған» деген дерегіне келейік.
Аталары Абай елімен ежелден араласқан, сүйек шатыс болған ғалымның беріп отырған дерегімен санаспасақ ақиқатқа қиянат болар.
Абайдың ой-өрісінің дамуына империядағы шығыстану ғылымдарының бір орталығы болған Қазан қаласында оқығандар оң ықпал еткендігі туралы Машани берген деректің растығын дәлелдейтін заң нормасын сөйлетейік.
Жарғының §71 бабындағы 1-тармағында «Жаңадан құрылған округтің приказдарында қаралатын істер орыс және татар тілдерінде жүргізіледі» деген заң нормасы бар.
Татар тілін билік тілі қылып заңдастыру татар оқығандарының метрополияның қызметінде көптен бері жүргенінің айғағы, татарларды басшылыққа тарту мемлекеттің ресми ұстанған саясаты екендігінің заңды дәлелі екендігіне шет ел ғалымдарының дерегін келтірейік.
1826 жылы Алтай мен Шығыс Қазақстанның флорасын зерттеу мақсатында Алманияның Дерпт университеті, құрамында ғалымдар К.Лебедур, А.Бунге, К.Мейер бар ғылыми экспедициясын ұйымдастырған.
Бұл ғалымдардың күнделіктері 1829-1830 жылдары Берлинде неміс тілінде жарық көреді. 1997 жылы В.Завалишин, Ю.Бубенков күнделікті толық аударып, 800 данамен басылып шыққан.
1826 жылдың 26 шілдесінің кешінде неміс ғалымы Мейер Семейден Қарқаралыға бет алады, жолда Тобықты елі жайлы мол мәлімет жинайды.
Мейер сонау Семейден шыққан күннен төрт апта бойы дала кезіп, Қарқаралыға 26 тамызда жетіп құлайды.
Жергілікті молда Саллик Сагитич диоптаздық рудникке шейін оған жолбасшы болуға келіскен.
Молда Салликтің шыққан тегі – татар, 30 жылдан астам осындағы қазақтармен бірге тұрады, Қарқаралының жер-суын жақсы біледі, ертеректе орыс кезбелері Шангин мен Вяткиндерге жол көрсеткен.
Мейерге Қарқаралыда жолыққан молда Саллик Сагитич кейін приказда «губернский секретарь» дәрежесіне жетіпті.
Жарлықта секретарьдің қызметтік құзыреті сипатталмаған, тек жылдық жалақысы 900 рубль болыпты, аға сұлтандыкі – 1200, Ресей заседателі – 1000, қазақ заседателі – 200.
Жылдық жалақысына қарағанда, секретарь приказда іс қарағанда қабылданған шешімдерді журналға түсіріп отырып, іс барысын қадағалап, бақылап отыратын жауапты қызметкер.
Ғалым Ш.Уәлиханов 1864 жылы «Сот реформасы» атты жазбасында Ресей үкіметінің қазақ жеріндегі дін саласындағы саясатына терең бойлап, жүйелі сынады.
Ол үкіметті Жарлық енгізген приказдар, ережелермен қоса шала сауатты, қараңғы, надан татар молдаларын күштеп енгізіп, татар білімін мәжбүрлеп таратты деп айыптады.
Шоқан солақай саяси, ғылыми негізделмеген реформаның салдарынан Орта жүзде қазақ халқының жанына жат пиғылдағы шала сауатты татар молдаларынан бөлек, өздерін әулиеміз деп жариялаған кезбе курд, түрік, ноғайлар басып кетті деп наразылық білдірген.
Империя қазақ даласында өздерінің адамдары, мешіттері арқылы «отарлаушылық мұсылмандықты» енгізуге мүдделі болып, қазақтарды осы уақытқа шейін мұсылмандықтан гөрі дінсіз, язычниктер деп санайды да, оларды христиан діни сеніміне тарту, шоқындыру саясатын актінің §244 параграфында арнайы норма қарастырады.
Бұл арада метрополия Жібек жолымен небір сауда керуендері араб, парсы тілі мен дінін емін-еркін енгізіп, қазақты бауырына басып алмақ ойынан да қауіптенген.
Әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылымы бар Құнанбай құдай беріп тұрған мүмкіндікті өз мақсат-мүддесіне сай неге ұтымды пайдаланбасын.
Ғылымның пайдасын көре білген Құнанбай қалыптасқан жағдайды қапысыз пайдалана білді. Абайға ұстаз болар адамды Қазаннан оқымыстыларының ішінен таңдап, өз қаржысына жалдады.
Тағы бір жығылмас дәлелді Абайдың өз сөзінен келтірейік: «Мен жасымнан көп көрдім, мұсылманды, кәпірді. Абыралыдай көрмедім, намаз білмес пақырды».
Қазанның оқымыстыларынан дәріс, тәрбие алған Абайдың «Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады» деген сөзі Жарлық әкелген отарлау молдаларының ғылымға қас ниетте болғанын әшкерелейді.
Ақжан Машани жазған Абайдың Қарқаралыда өскен ортасын жарғы нормалары арқылы сипаттап берелік.
Приказ §56, 57, 58 параграфтарда жергілікті мемлекеттік орган деп жарияланған, аға сұлтан Ресей үкіметі атынан жергілікті басқару ісін атқаратын земский чиновник болып танылған. Приказдың канцеляриясы, штатында секретарь, аудармашы, тілмаш қарастырылған.
Заңның §124 параграфында әрбір округте приказ орналасатын ғимараты, оның мүшелеріне баспана болатын тұрғын жай, кеңсесіне бөлме, чиновниктер, переводчиктер, толмачтар тұратын үй салынсын деген норма бар.
Жарғы нормаларынан округтік приказдың өзі орысы, қазағы, әскери күзеті, татары бар бір қауым ел болғанын байқаймыз.
Округтік приказда татар оқымыстыларынан татар тілімен бірге орыс тілін де үйреніп білген Абай приказда әкесі Құнанбай өткізетін сот істерін де көзі көріп, құлағы естіп үйренген.
Заңның §22 параграфына сәйкес округтік приказдың полицейлік һәм соттық қызметі болған, сот процестерінде аға сұлтан төрағалық ететін.
Приказ құрамында §20 параграфқа сай облыстық басқарма тағайындаған екі Ресей заседателі, құрметті қазақтардан сайланған екі заседатель болатын.
Төре бітіктің түсіндірмесінде «датель» дегеніміз – зерттеу, соттау. Бітік істі дұрыс зерттеп, толық билік шығару үшін әрбір судья толымды, білімді ғалым адам болуы тиіс дейді.
Бітік талабынан біз бұрынғының адамы сот ісін ғылыми қызмет субъектісі, зерттеу институты, сот ғылымы ретінде танығанын көреміз.
Абайдың да пікірі соған саяды, сот ғылымы жайында «Интернатта оқып жүр» өлеңінде біліп айтқан: «… Қисық болса закон бар, судьяға беруге. Ол да оязной емес қой, алуға теңдік сенуге. Я өз бетіңмен тәуекел, занимайся прямотой. Жеңіл көрме, бек керек, оған да ғылым, оған да ой, қалайынша қайда енуге».
Абай сот ғылымының табиғатын дұрыс аңғарған. Сот ғылымы – сот төрелігі, сот әкімшілігі, сот билігінде әділет ісінің алды-артын байқарлық, сот арын сақтайтын іргелі мінез туралы ғылым.
Абай да алғаш сот ғылымымен Қарқаралы округтік приказында танысқанын Жарлықтың §210 параграфы растайды.
Бұл нормада округтік приказ уездік сотқа теңестірілген, сотта жалпы мемлекеттік заңнамаға сай кісіге қасақана қаза келтіру, барымта, қарақшылық, билікке бағынбау, мемлекетке опасыздық істер» қаралатын, сот отырысында аға сұлтан төрағалық ететін.
Сотта шешім жалпы дауыс берумен шешілетін. Алдын ала тергеу жүргізген приказдың мүшесі сотта шешім қабылданғанда дауыс бере алмайтын уездік соттың шешімі облыстық соттың ревизиясына жіберілетін.
Бала Абай Қарқаралы приказында оқымысты татарлардан орыс тілін үйреніп білгені оның сот процестерін тыңдауға, көруге, білуге септігін тигізгені анық іс. Қарқаралы приказы о заманда барлық үкіметтік, үкімет еместік ғимараттар бір жерге шоғырланған шағын әскери-соғыс бекінісі болатын.
Абай осынау бекіністің тар шеңберіндегі өмірді қызықтап жүргенде 1850 жылының қаңтарында Абай әкесі Құнанбайдың үстінен ел адамдары арыз түсіргенін, тергеу басталғанын естиді. Омбыдан тергеуге келген чиновниктерді көреді, әкесінің Қарқаралыда қамауға алынғанына, қолына кісен салынып, Омбыға айдалғанына куә болады.
Құнанбай 1854 жылдың қарашасында Омбы түрмесінен кепілдікке шығып, 1855 қаңтарында Қарқаралыға өзін сағына күтіп отырған отбасына қайтады.
Тергеу әлі де жүріп жатқан және іс немен аяқталары белгісіз, дегенмен қайсар қайраткер Құнанбай алған бетінен қайтпайды. Басшылық ісінен бас тартпай күрестің келесі кезеңіне өз баулып, баптап, билікке, мемлекетшілдік мінезге үйретіп, дайындап жүрген бала Абайды салады.
1855 жылы Құнанбай Абайды Семейге медресеге оқуға апарады да, 1858 жылы оқуын толық бітіргізбей, өзінің қасына көмекшілік қызметке, сүйеу болар жігіттікке еріксіз шақыртып алдырады.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Құнанбайдың Қарқаралы приказында өзінің қасында баласы Абайды ұзақ уақыт ұстағанының басты себебі де баласын басшылық ісіне қосу болатын.
Құнанбай баласына ұлағатты ұстаз бола білген әке. М.Әуезов романының басында бала шәкірт Абайды «Бөрінің бөлтірігі» деп заңды суреттеген.
Абай да әкенің ақыл Жарлығынан сырдаң тартпады, тез жиренбеді, Қарқаралыда алған бар білім, ғылымын әке жолына салды, алысты, айқасты. Ашуға да, айлаға да жақты шырақ!
Сонымен, біздің талдауымызда Абайдың көркем өнеріне арқау болған қайраткерлік өмірі Қарқаралы приказында басталғанын заман заңы, ғылым қисыны дәлелдеп отыр.
Қарқаралы – Абайдың балалығы өлгенін анық біліп, сезінген, өмірге сын көзімен қараған кезі.
Сын – сот. Сот – толымды ойдың отты шағы. Толымды, білімді сот – ғалым. Сот ғылымы – заңдылық пен құқықтық тәртіп.
Сот ғылымның керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Сот ғылымы – ар-ұятыңды оятар, түп иеңе қайтпағыңды ойға салар өлшем. Сот ғылымы – абайтанудың қазығы.
Марат АЗБАНБАЕВ