Абайтану һәм ғалым
Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, менің ұлағатты ұстазым Задан Тасқалиұлы Жұмағалидің туғанына 90 жыл. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын Қарағанды мемлекеттік университетінің қабырғасында шәкірттеріне білім беруге арнаған ұстаз – кеңестік кезеңдегі әдеби үдерісті терең зерттеп, ұлттық руханияттың көкейкесті мәселелерін ғылыми тұрғыдан саралаған білікті әдебиетші-ғалым ретінде елімізге танымал. Бүгінгі таңда академик Евней Бөкетов есімін иеленген білім ордасында мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Мен де сол көп шәкірттің бірімін.

Ғалымның зерттеу еңбектерінің маңызды бір саласы – абайтану мәселелері. Қазақ ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлы шығармашылығын жаңаша пайымдау, әдеби мұраларының тілдік, эстетикалық, гуманистік қырларын заман талабымен қайта қарастыру – Задан Тасқалиұлы зерттеулерінің өзекті арнасы.
Ғалым кеңестік кезеңде маркстік-лениндік әдіснаманың ықпалымен бұрмаланып түсіндірілген әдеби құбылыстарды қайта саралап, ұлттық әдебиеттің тарихи сабақтастығын қалпына келтіруге күш салды. Бұл орайда, әдебиетші-ұстаз Мұхтар Әуезовтің абайтануға қатысты көркем шығармасындағы кейбір мәселелерге жаңаша баға берді.
«Ұлылық ұлағаты» атты мақаласында ғалым «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай бейнесінің тарихи шындығы мен көркемдік шешімі арасындағы айырмашылықты батыл көтерді. Ғалым кеңестік идеология салдарынан Құнанбай бейнесінің біржақты бағаланғанын атап көрсетіп, тарихи тұлғаны әдеби кейіпкерден ажырата қарау қажеттігін дәлелдеді. Ғалым Құнанбай бейнесінің кеңестік идеология әсерінен біржақты бағаланғанын атап өтеді.
Задан Тасқалиұлының абайтануға қосқан ерекше үлесінің бірі – Абай поэзиясының тілін зерттеуі. Ғалым Абай поэзиясындағы тосын тіркестер мен тың лексикалық орамдардың табиғатын терең талдады.
Бұл тұста ғалым Мұхтар Әуезов пен Мәулен Балақаев арасындағы көркем тіл жайлы мерзімдік баспасөз беттеріндегі ғылыми пікірталасын мысалға келтіріп, көркем әдебиетті бағалауда тек лингвистикалық өлшем жеткіліксіз екенін атап өтеді. Жазушының поэзиялық лексика мен синтаксисті жаңартудағы еркіндігі – әдеби дамудың заңды шарты екенін айқындайды.
Задан Тасқалиұлы Абай тілінің қуаты – ұлттық негізді сақтай отырып, поэтикалық тың тыныс алып келуінде деген тұжырым жасайды. Зерттеуші Абайды «тіл ісмері» ретінде бағалап, сөздің дыбыстық, логикалық, психологиялық қырларын сабақтастыра қарастырды. Ғалым: «Демек, Абайдың пайымдауынша, айналада болып жатқан әрқилы құбылыс, оқиғаның адамды тиісінше әсерге бөлері хақ. Оның сыр-сипатын салмақтайтын басты құрал – жүрек. Соның сезінуі, түйсіну салдарынан әрбір тірі пенде не күледі, не жылайды дегендей қилы-қилы күй кешеді. Осы байламға бекінген ақын сыртқы сан-сала тітіркендіргіштердің жүректі қалайша тербеп-тебірентетінін аса бір білгірлікпен, сезімталдықпен таңбалаған. Абай поэзиясында жүрек ұғымы түрлі образдық тіркестер арқылы кеңінен қолданылған.
Задан Жұмағали Абай Құнанбайұлының осындай сырлы сөз тіркестеріне арнайы тоқталып, оқырман жандүниесін толқытатын тың теңеу, эпитет, метафораларды көптеп тудырғанына дәлел-дәйек келтіреді. Мысалы: «Соның кейбіреуі мыналар: тәтті түн, суық ақыл, асау той, тентек жиын, қараңғы көңіл, жапырағы қураған ескі үміт, кәрі ой, адасқан күшік секілді ой, өкінді жол және тағысын тағылар.
Асау той, тентек жиын деген тіркестерден де өзгеше сонылық, қатпар-қатпар суреттер легін аңғарамыз», – деген ой қорытады.
Ұлы ақынның қазақ поэзиясына түбегейлі жаңа түр, жаңа мазмұн алып келуінің түпкі негізін ғалым былайша түйіндейді: «…туған әдебиетін игерумен, шығыс классиктерінің қолына іліккен шығармаларын зерделеумен шектелмей, Гейне, Гете, Байрон, Мицкеевич, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Дюма сынды алыптармен жақын сырласудың үстіне «Метаморфозы», «Дафнис и Хлоя», «Жиль Блаз», «Хромой бес» тағы басқа орта ғасырлық романдармен толық танысуы арқасында жеткен биігі». Бұдан былай онда әдепкі ғақлиялық сарын, ақылгөйси сөйлеу біртіндеп екінші кезекке жылжып, сөзбен сурет салу тәжірибесі ілгері өрлейді. Ақындық темперамент сол күйінде қалғанымен өлеңнің түрі, мазмұны сәулеттеніп, философиялық реңі, тағлым-тынысы кемелдене түседі. Айшықты тіл, толымды ой шығармаларының сыртқы симметриясы мен ішкі гармониясын берік жымдастырып, көңілдің жайлауына жайлы жалғасады.
Ұлы ақынның қазақ поэзиясына жаңалық алып келуінің сыры өзге елдің дарын иелерінің шығармаларын зерделей білумен қатар өлеңнің сыртқы пішіні мен ішкі сипатын ақындық түйсікпен терең ұғына білгендігінде деп жазады ғалым:
Задан Тасқалиұлы Абайды надандықпен күрескен ағартушы ретінде бағалайды. Ақын шығармаларында «надандық» ұғымының сан мәрте қолданылуын кездейсоқ құбылыс емес, әдеби-әлеуметтік категория деңгейіне көтерілген ұғым деп түсіндіреді. Ғалым: «Қазақ үшін аса күрделі кезеңде дүние есігін ашқан Абай күнделікті өмірдегі жайсыздық атаулының қайсысын да надандықтың салдары деп білді. Көрінісі мен астары сан тарау əлгі кесапатпен белсене күресе келе оны əдеби əмбебап категория дəрежесіне көтерді. Шығармаларында надандық деген сөздің мəндес атауларды былай қойғанда жетпістен астам рет қолдануын тегін демесек керек. Абайдың Шəкəрім қажы бастаған ізбасарлары заманның талап-тілегіне сай надандықтан туындайтын алауыздық, берекесіздік, керенаулық, дүмбілездікке қарсы қойылатын сыйластық, ынтымақтастық, имандылықтарды жаңа мəн-мағынасымен байыта тереңдетті. Бұл тенденция өзінің жалғастығын жоғалтқан жоқ. Əдебиеттану ғылымында Абай қалыптастырған бұл дəстүр сөз арасында ара-кідік айтылғанымен жеке проблема деңгейінде қарастырылған емес. Біздің талпынысымыз – сол саладағы ізденістің ең алғашқысы. Абай өмір бойы ақыл-парасатын, күш-жігерін халық алдындағы өзінің перзенттік парызын өтеуге жұмсады. Оның не істеп, не тындырғаны туралы аз айтылған жоқ. Бұл жолы біз ол негіздеген тəлім-тəрбие мектебінен түлеп ұшқандардың кейбіреуінің есімін атаумен шектелеміз. Соның өзі-ақ, бірсыпыра жайтты аңғартса керек. Олар: Шəкəрім қажы, Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, М.Сералин, С.Көбеев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Б.Күлеев, С.Торайғыров…», – деп ой түйеді. Абайдың гуманистік бағытын жалғастырған шәкірттерінің басым көпшілігі ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері екенін де атап көрсетеді. Осы арқылы ғалым абайтануды тек әдеби құбылыс емес, ұлттық идеялар эволюциясының арнасы ретінде қарастырады.
Задан Жұмағали Абай дәстүрінің тарихи тамырын хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясымен, ХVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық сарынмен байланыстырады. Ол Асан қайғыдан бастап, Махамбетке дейінгі күрес рухының Абай поэзиясында жаңа сапаға көтерілгенін дәлелдейді.
Ғалымның пікірінше, Абай дәстүрі – тек поэтикалық мектеп емес, тұтас рухани-этикалық бағдар. Ол Абай негіздеген тəлім-тəрбие мектебінен шыққан тұлғаларды атай отырып, ұлттық сананың жаңғыруындағы олардың орнын айқындайды.
Бұл тұрғыда Задан Тасқалиұлы абайтанудағы дәстүр жалғастығын жүйелі түрде қарастырған зерттеушілердің бірі болды.
Ғалым Абайды тек «сыншыл реалист» немесе «ағартушы-демократ» шеңберінде ғана бағалаудың жеткіліксіздігін дәлелдеп, оның ұлттық руханияттағы миссиясын кең ауқымда қарастырды. Бұл тәуелсіздік кезеңіндегі абайтанудың методологиялық жаңаруына ықпал етті.
Задан Тасқалиұлы Жұмағали – абайтану ғылымын жаңа сапалық деңгейге көтеруге үлес қосқан көрнекті ғалым.
Ғалым абайтануды тек текстологиялық немесе әдеби талдау деңгейінде емес, ұлттық ой-сана эволюциясының кең аясында қарастырды. Сондықтан, Задан Тасқалиұлының ғылыми мұрасы – қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорындағы құнды қазына.
Амангелді МАМЫТ,
Жұмабек Тәшенев атындағы университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының
меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
Шымкент



