Ресми

Абайлықтардың айтары аз емес

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Абай ауданына жұмыс сапарын Юбилейное ауылынан бастап, осында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Су тасқыны шайып кеткен ескі көпірдің орнын басатын бұл нысандағы жұмыстар осы күзде аяқталып, сол арқылы тұрғындар аудан орталығы мен Қарағанды қаласына еркін қатынаса алады. Қазірде оның арқалықтары дайын болып, қадалары орнатылып, бетон жұмыстары ғана қалыпты.

Қарағанды шахтасы

Облыс әкімі осы тұсқа таяу Тасзаемка ауылына кіреберіс жолды жаңғырту барысын да көрді. Ұзындығы 2,2 шақырым болатын бұл жолдың 77 метрін биіктігі 4 метр болатын жаңа көпір алып жатыр екен. Сондықтан да Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге белгіленген шаруаны дер кезінде аяқтап, көлік қозғалысын қалпына келтіруді тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Дубовка ауылында да болып, 90 пайыз тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жаңартылуымен танысты. Бүгінге дейін 2024 жылы жүзеге асырылып бітуі тиіс жоба бойынша қазылған жерлерге 29,6 шақырым құбыр төселген.

Абай ауданында өнеркәсіп кәсіпорындарынан «Абай» шахтасынан бөлек «Бас «ТКК» көмір разрезі де бар. Металлургия өндірісіне қажет «ОС» және «К» маркалы кокстелетін көмір өндіруді жоспарлап отырған компанияның құрылтайшысы Денис Черкашиннің айтуына қарағанда, кен орны құм-қиыршық тас қоспасына, жасыл және қызыл сазға бай. Қазір онда аршу жұмыстары жүргізілуде. Егер осы кәсіпорын іске қосылса, жылына 300-500 мың тонна көмір өндіріп, байыту фабрикасы мен кірпіш зауытын салу жоспарланған.

Одан әрі Ермағанбет Бөлекпаев Топар кентіндегі Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылымына барды. Бұл аудан бойынша қатарға қосылатын екінші осындай кешен болмақ. Оның біріншісі осыдан алты жыл бұрын Абай қаласында салынып, осы күні игілігін халық көруде. Ал, Топарда бой көтеретін жаңа нысан да одан бір кем болмайды. Алдында газетімізде жазғанымыздай, 100 көрерменге арналған жаңа кешенде әмбебап ойын залы (баскетбол, волейбол, бадминтон, үстел теннисі), спорт және күрес залдары, жаттықтырушылардың және басқа да қосалқы бөлмелері болады. Бас мердігер «Astana Koktem Group» ЖШС құрылысшылары оны биылғы күзде пайдалануға бермек.

Қарағанды шахтасы

Түстен кейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық басқармалардың басшылары Абай қаласындағы Денешынықтыру-сауықтыру кешеніне келді. Мұнда оларды ауданның ауылдары мен кенттерінен келген біршама қауым күтіп отырған еді. Тұрғындар өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкімі мен тиісті басқарма басшыларымен кездесіп, өтініш-арыздарын айтуға жиналыпты.

Кездесу барысында 36 адам электрондық кезекке тіркеліп, талондар алды. Сол бойынша шақырылған әр адамның айтқаны құлаққа ілініп, назарға алынды. Мәселен, Абай қаласының бес көшесіндегі 85 үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған «БАМ» деп аталатын шағын аудан тұрғындарының мұң-зары жеткілікті. Олар жолдың нашарлығы мен спорт алаңдарының жоқтығына шағымданды. Мұны мұқият тыңдаған Ермағанбет Бөлекпаев дереу қала әкіміне тапсырма берді. Қарабас кентінің тұрғыны Илья Демиденко экология, жол қауіпсіздігі, көлік қозғалысы сияқты бірнеше мәселені көтеріп, орнықты жауабын алды. Ал, Топар кентінің тұрғындары балабақшаларда орын жетіспеушілігін қозғаса, оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде шешу ұсынылды.

Біз арасында осы кездесуге қатысып, шығып бара жатқан бірді-екілі адамды тоқ­татып, сөйлесіп көргенбіз. Соның бірі – Аида Құсайынова Абай қаласында өзінің баласы баратын «Таңшолпан» бала­бақшасының сырт көрінісі жүдеп тұрғанын айтуға келіпті. Бұған ол мәселенің келесі жылы шешілетіні айтылған. Есенгелді ауылының тұрғыны Елена Сұлтанова Шахтинск қаласынан өз ауылдарына тікелей қатынайтын жол тартылуын қалайды екен. Әйтпесе, олар Ленин шахтасы арқылы айналма жолмен қатынап, жол азабын көріп жүр. Оның да шешілуі алдағы күндердің еншісінде екені айтылыпты оған берілген жауапта.

– Бүгінгі кездесудегі сұрақтардың көпшілігі – ТКШ, жолдар, жылу мәселесі. Жастарға жылдық 2,5 пайызбен жеңілдікті несие беру өтінімдері белгісіз себептермен ұзақ уақыт қаралмайтыны да қозғалды. Біз осының себебін анықтаймыз. Барлық мәселелерді жазып алдық. Енді соларды әріптестермен бірге пысықтаймыз, – деп қорытындылады кездесуді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ержан ИМАШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button