Абайлықтар атқарар іс аз емес
Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов Өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өткізді. Ол әуелі жиналғандарды алдағы Алғыс айту күнімен құттықтап, хакім атын алған ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, биылға белгіленген жоспарларымен бөлісті.
Сәбит Темешұлының айтуынша, 2023 жылы аудан бойынша негізгі экономикалық өсімге қол жеткізілген. Есепті мерзімде өнеркәсіп өндірісі физикалық көлемінің индексі 115,6 пайызды құрап, құрылыс жұмыстарының көлемі 35,3 миллиард теңге, бөлшек сауда көлемі 14 миллиард теңге болып, аудан экономикасына 33 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция құйылыпты.
Ал, биылға белгіленіп, атқарылар іс бұдан да ауқымды.
Атап айтқанда, осы өңірдегі алты ірі және орташа кәсіпорындар өнеркәсіптің жалпы көлемін 63 миллиард теңгеге дейін жеткізуді немесе 1,5 пайыз арттыруды жоспарлап отыр. Сол сияқты өсімдік шаруашылығын 8,5 пайызға ұлғайту есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жалпы көлемін де 58,5 миллиард теңгеге немесе 7,6 пайызға көбейту көзделуде.
Абайлықтар ағымдағы жылы 67400 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, ет, сүт және жұмыртқа өндірісін ұлғайту арқылы да мал шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемін 106,4 пайыз көтеру ниетінде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен былтыр аудан тұрғындарына 345,5 миллион теңгенің жеңілдікті 50 шағын несиесі беріліп, оларға мал шаруашылығын дамытуға қажет техника мен жабдықтар сатып алынған екен. Енді, биыл да бұл мақсаттарға бөлінген 792 миллион теңгені алуға 95 адамнан өтініш түсіпті.
Ауданда негізгі капиталға инвестиция тартудың жалпы көлемі өткен жылға қарағанда 4,5 пайыз артық немесе 34,5 миллиард теңге болып белгіленген. Соның 12,5 миллиард теңгесі өнеркәсіпке бағытталмақ. Мәселен, 4 ірі инвестициялық жоба «Восточная» орталық байыту фабрикасында жүзеге асырылып, онда 5 механикалық флотомашина, дискілік вакуум-сүзгіш ауыстырылып, гидроциклонды қондырғы мен кептіру барабаны кешені сатып алынады.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінде де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасып, инвестициялар көлемі 3,2 миллиард теңге болады деп күтілуде. Ол Құрма құс фабрикасын жаңғыртуды жалғастыру, «Шанс» шаруа қожалығында сүт-тауарлы ферма құрылысын салу, жаңадан суармалы жерлерді іске қосу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және асыл тұқымды мал басын сатып алу тұрғысынан қамтамасыз етілмекші.
Аудан әкімі келесі кезекте шағын және орта бизнес саласын дамытуға тоқталды. Бұл орайда шаруашылық жүргізуші субъектілер санын 3500-ге дейін жеткізіп, олар өндіретін өнім көлемін кемінде 110 пайыз немесе 66 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Нәтижесінде, бизнестің 21 жаңа нысанын ашып, онда 170 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Соның ішінде, Абай қаласында қонақ үйі, мейрамханасы, наубайханасы, сауда павильондары және басқалары бар, «REAL» сауда-сауық кешені ашылады.
Жалпы, алаңы 15,5 мың шаршы метр болатын бұл кешенде 150 адам жұмыс істемек.
Әлеуметтік салада байқалған оң өзгерістер де өрістетіледі. Егер 2023 жылы 1818 адам жұмысқа орналастырылып, ауданда жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайыз қысқарса, биыл 1934 адам жұмысқа тұрғызылмақ. Және де «Жасыл ел» жасақтары құрамына жаз мезгілінде 200 адам тартылатыны тағы бар.
Денсаулық сақтау саласында 2024 жылы аудан ауыл-селоларында 2 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік және 4 медициналық пункт салынып, ел игілігіне ұсынылады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржыландыратын жобалар шеңберінде 369 миллион теңгенің медициналық жабдықтарын сатып алуға өтінім жолданып, білім беру саласын дамытуға да мүмкіндіктер тудырылуда. Биыл 5 мектеп жаңғыртылып, қор қаржысына жаңа үлгідегі 12 кабинет, мектеп жиһазы, электрмен үзіліссіз жабдықтау генераторлары сатып алынады. Әрі «Болашақ инженерлері» республикалық жобасы аясында 17 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ, 3 мәдениет мекемесінің электр желілері мен шатырларын жөндеу, 4 ауылдың клубына модульдік қазандықтар орнату да кезегін күтіп тұр.
Қала халқының 99 пайызы, ауыл тұрғындарының 38 пайызы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған.
Осы орайда аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды сөз етіп, енді биыл Абай қаласында 4,1 шақырым жылу тораптарын жөндеу, Абай және Қарабас насос станцияларындағы жабдықтарды ауыстыру, Южный кентіндегі қазандық пен Топар кентінің жылу тораптарын жөндеу міндеті тұрғанын да айтты. Аталған шаралар жылу тораптарының тозуын қалада 68-ден 64, ал аудан бойынша 67-ден 62 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, өткен жылы Ягодное, Садовое және Сәрепті ауылдарында су өткізгіш тораптар құрылысын салудың 3 жобасы жасалса, Дубовка селосында насос станцияларын жаңартып, Абай қаласында кварталішілік кәріз жүйелерін ауыстыру мен Агрогородок селосында қысым коллекторы телімін жөндеу де қолға алынбақ.
Негізінен, Абай ауданы тоғыз жолдың торабында жатыр. Сондықтан, 2023 жылы облыстық маңызы бар «Абай-Қарабас-Жартас-Долинка» жолының 18 шақырымы мен «Есенгелді-Қайнар-Нұра» жолының 43 шақырымы жаңғыртылса, биыл «Жартас-Долинка» жолының 3 шақырымын жөндеу аяқталады.
Осы биылғы жоспар бойынша Тасзаимка селосына кіреберіс жолды жаңғырту жұмысы бітіп, Абай қаласының 4,5 шақырым автожолы жөнделеді. Тағы да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 ауылдың 14 шақырым ішкі жолдарына жөндеу жасалады. Сол сияқты қаладағы, ауылдардағы аула аумақтарын асфальттау мен жүргінші жолдарын, қоқыс контейнерлері маңын ретке келтіру де жалғасын табады.
Автобус паркін жаңғырту да қолға алынып, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы СЕМАЗ заводынан 5 «ПАЗ» автобусы мен 3 «Газель» автокөлігі сатып алынса, қазір содан 4 автобус әр бағытта жолаушылар тасымалдауда. Қалған көліктер де таяуда жолға шықпақ.
Өткен жылы «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» арқылы 2 көпқабатты үйдің төбе жабындысы жөнделсе, биыл да сондай 2 үйде осы шаруа атқарылады. Қаржы бөлінген жағдайда лифтілер де жөнделетін болады.
Көгалдандыру барысында былтыр Абай қаласында 6 мың ағаш көшеттері отырғызылса, биыл да тағы 1 мың көшет отырғызылады.
Көктемгі су тасқынына абайлықтардың дайындығы бекем екенін де мәлімдеді аудан әкімі. Күн жылынысымен су өткізгіш тораптар мен суағалар тазаланбақ.
Сөзінің соңында Сәбит Оспанов жұртшылықтан түскен өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізіп, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz